Таразда психикалық ауруға шалдыққан ер адам баланы ұрды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық полицияның мәліметінше, оқиға 20 қазанда орын алған.
«Тараз полициясына Абай даңғылындағы медициналық клиниканың жанында кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын салған белгісіз ер адамға қатысты арыз түсті. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 293-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», деп нақтылады ПД.
Полиция қызметкерлері Жамбыл ауданының тұрғынын анықтап, полицияға жеткізді.
«Тергеу барысында күдіктінің психикалық ауруға шалдыққаны анықталды. Ол 2018 жылдан бастап облыстық психиатриялық ауруханада есепте тұр. Екінші топтағы мүгедек. Кәмелетке толмаған балаға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды», деп атап өтті баспасөз қызметі.
Күдікті сот-психиатриялық сараптама тағайындау үшін психиатриялық ауруханаға жатқызылды.