Сұлтанмахмұт – сұрапыл ақын. Бұл біздің емес, әдебиетшілердің берген бағасы. Шынында да, 30 жасқа дейін ұлттың сөзін сөйлеп, көкейдегісін дөп басқан Алаштың аяулы ақыны – мақтан тұтарлық тұлға.
Ол тағдыры өлшеп берген аз ғана ғұмырында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мол мұра қалдырған дарынды ақын. Заманының жайсыз, әділетсіз жағдайын көңілі хош көрмей, дәуірдің олқылықтарын жырға қосты. Дегенмен тірісінде өз бағасын алмақ түгіл, кеңестік заманда көз түрткіге ұшырады. Ол аздай ақын көз жұмған соң да шетқақпайды, сол тұстағы заман ыңғайындағы сын сойылын көп көріп, аты сан-саққа жүгіртіліп, «буржуазияшыл, ұлтшыл» да атанып, әдеби асыл мұрасы оңды-солды талқыға түсті. Тірісінде жаны жалғанмен егесіп өткен ақынның шығармашылық рухы еліміздің болашағы мен тәуелсіздігі үшін күресін тоқтатпады. Халқының ортасынан жас кеткенімен, ақынның шығармалары халық санасында өшпеді. Содан болар Сұлтанмахмұттың «Кедей», «Айтыс, «Таныстыру» поэмалары, «Оян, алаш баласы», «Сарыарқаның жаңбыры» және тағы басқа өлеңдері халықтың жүрегінде қатталып қалғаны.
Халқымыздың қара сөз, қара өлеңінің қасиетіне айналған жыр жүйрігі поэзия көгінде еркін самғап, аз ғана ғұмыр кешкенімен, өлмес мұра қалдырған дарынды, дара тұлға, ақиық ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров – қазақ әдебиеті мен поэзиясының бір биігі. Халқының басына түскен ауыртпашылықты терең сезінген ақын жігер, намысын қайрап, қолына қалам алып, отты жырлар жазуға кірісті. Патша өкіметінің саяси езгісін қатаң сынға алып, қазақ халқының өз тәуелсіздігі үшін күресіп, сана көзінің ашылуына аянбай тер төкті. Ақынның өткір тілі мен жалынды жырлары, әрине, өз жемісін берді.
Дана халқымыздың «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген парасатты сөзі осының айғағы. Кейінгі ұрпақ кеудесінде өлең-жырлары, көкірегінде бұлақ қазынасы ақтарылып жатқан дарынды ақын Сұлтанмахмұт шығармаларының сан қырын ашты.
Кезінде оның шығармашылық қызметі мен өлең-жырларының жаңа бір әлемін ашып, ақынның ұстанған идеясының астарына үңіліп, Сұлтанмахмұтша толғанып, ақынның үлкен бір тылсым идеясының жаңа бағытын айшықтап көрсеткен қазақтың көрнекті ғалымы Бейсенбай Кенжебаев былай деген еді: «Сұлтанмахмұт поэзиясының негізгі қасиеттері – оның таң-тамаша қаларлық мазмұндылығында. Сұлтанмахмұт поэзияның сыртқы мәнерін, сыртқы құбылысын көп қуа қоймаған адам. Оның есесіне Сұлтанмахмұт өзінің поэзиясында ішкі мазмұндылықты, өткір сезімді, қуатты-қуатты үнді мол берген. Сұлтанмахмұт поэзия деген қайнаған қанның, қиналған жанның, толғатқан көңілдің, толғанған жүректің сығындысы болсын, бұзылған қанымызды түзеп, қарайған көңілімізді жуып, жанымызға пайда, дертімізге шипа болсын деген өз пікірін, өз көзқарасын жүзеге асырды. Ол поэзия – поэзия үшін деп түсінген жоқ, поэзия өмірді жақсартып тұруға керекті құрал деп түсінді. Сондықтан да ол поэзияның сыртқы құбылысынан гөрі ішкі мазмұндылығын, халықтың сана-сезіміне неғұрлым тез әсер етуін көздеді. Ол поэзиясының көзге түсерлік ерекше өзгешілігі, стилінің көркемдігімен өлшенбейді. Кімде-кім ұлы идеяны ауызша жақсы етіп айтып берсе, сол асқан шешен деп айтылады, сол сияқты қай жазушы ұлы идеяны қаламмен жақсы етіп айтып берсе, сол үлкен жазушы».
Сондай-ақ ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің ақын туралы жазған сүбелі дүниелері де оның әлеміне сәуле түсіреді. Әсіресе, ғалым Сұлтанмахмұттың ақындық өміріне жан-жақты тоқталып, өзіндік журналистік қабілетін қамтыған «Сұлтанмахмұт және «Айқап»» атты мақаласының мазмұны ерекше. Ғалымның бұл мақаласында сол бір революция кезінде, отар езгісінен халқын алып қалуға тырысқан, қазақтың сауатын ашып, оқу-білімге жетелеген Сұлтанмахмұттың «Айқап» беттерінде жарияланған өлең-жырлары мен ағартушылық бағыттағы мақалалары жаңаша көзқарас тұрғысынан жазылған соны ізденістер санатынан көрінеді.
Осы уақытқа дейін ұлы ақынымыз Сұлтанмахмұт шығармаларының алаш идеясымен үндестігін толық танымай келгеніміз шындық. Тәуелсіз мемлекет болғалы Сұлтанмахмұт жайлы тың зерттеулер мен шығармалар жарық көруде. Сұлтанмахмұт өз елінің адал азаматы болды. Ол халықтың басындағы ауыр қасіретті терең түсінді. Зорлық пен зұлымдыққа қарсы айбынды үн көтерді. Ақын, әсіресе, рухани езгінің тілсіз құрбаны болған қазақ әйелінің ауыр тағдырын тебірене жырлады. Оның «Қамар сұлу» сияқты шығармалары ашынған жүректің қанымен жазылды. «Кедей» поэмасы қазақ еңбекшісінің ауыр халін, қазақ сахарасындағы езушілікті аяусыз әшкереледі. Кемеңгер ақын өз қоғамының барлық құбылысын көрсете білді. Оның шығармалары көтерген мәселесінің кеңдігі, тереңдігі жағынан Абай дәстүрін ілгері дамытты. Сұлтанмахмұт қазақ әдебиетінде Абайдан кейінгі поэзияның асқар шыңы. Ол қазақ өмірінің шындығын жырлаған нағыз ұлттық ақынымыз еді. Өзімен тұстас ақынның ешқайсысы да дәл Сұлтанмахмұттай поэзияны жалпы халықтық дәрежеге көтере алған жоқ.
Сұлтанмахмұт өзінің негізгі тақырыбын өмірдегі оқиға, жаңалықтармен әрдайым тереңдетіп отырды. Ол қазақ жастарын білім алуға, халыққа, қоғамға пайдалы, жемісті еңбек етуге шақырды. Сұлтанмахмұт өзінің қабілетін толық көрсетердей қажетті жағдайға жете алмады. Оның жастығы өмір сүрген, еңбек еткен ортасы мен уақытының қайшылыққа толылығы, мұқтаждыққа душар болып, ауыр сырқатқа шалдығуы, қиыншылық көруі, жүйелі білім алуға жағдайының болмауы – оның жазушылық талабын жетілдіріп, өсіруге толық мүмкіндік бермеді. Сұлтанмахмұттың кейде торығуы да, тұйыққа тіреліп, идеялық және саяси жағынан өз пікірін өткір беруі де түптеп келгенде міне осыдан еді. Ол «алдағы әлі ататын жарық таңнан» әсте үмітін үзбеді.
«Пушкин – өзі өлгенімен, аты өшетін адам емес, мәңгі жасайтын, қоғам санасында үнемі дами беретін адам. Ол жөнінде әр дәуір өзінің пікір, көзқарасын айтпақ. Бірақ қанша дұрыс айтса да, кейінгі дәуір ол жөнінде тағы да жаңа, тағы да орынды пікір тауып айтпақ. Алайда ешқайсысы үдесінен шықпақ емес», деп В.Белинский айтқандай, С.Торайғыров та келер ұрпаққа әрқашан ой салатын өміршең тұлға. Уақыт өткен сайын оны сан ұрпақ әр қырынан танып, халқымыздың көркемдік дамуы тарихындағы атқарған қызметін лайықты бағаламақ.
С.Торайғыров ұлы өзгерістер мен қозғалыстар дәуірінде тарих сахнасына көтеріліп, қазақ әдебиетінде өзіндік жол салып, оны жаңа идеямен байытқан, тұтас бір дәуір шындығын, болмысын қайшылықтарымен қоса өз шығармаларына сыйғызған суреткер.
Жалпы, Сұлтанмахмұт көркем әдебиеттің барлық саласында да өзіндік ізін қалдырған талант иесі екені мәлім. Аз ғұмырында соншама күрделі, сүбелі, кесек дүниелерді туғызып, өнімді еңбек еткеніне қайран қаламыз. Бір өкініштісі, ақын «Қайғы», «Айтыс» секілді поэмаларын аяқтай алмай кетті. Әдебиет – халық өмірінің көркем шежіресі болып, халық тарихы мен әдебиет тарихы біте қайнасып жататыны анық. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары жайында әр кезеңде талай зерттеулер, ғылыми еңбектер жазылғаны туралы жоғарыда айтқанбыз. Бұл игілікті іс әлі де жалғасуда. Әр ұрпақ өзінің ой-пікірін білдіріп отыруға тиіс. Сондықтан да өмірден өткен өрелі тұлғалардың еңбектеріне сәт сайын қайта оралу – мәдениетті деген оқырмандардың парызы болуы керек сияқты. Міне, осы тұрғыда «Торайғыров университеті» бірнеше жылдан бері «Торайғыров оқулары» атты танымдық, тәрбиелік мәні зор шараны өткізіп келеді. Бұл республикалық конференция негізінде көптеген мектеп оқушысы, студенттер мен магистранттар ұлы ақынның шығармаларын жан-жақты терең зерттеп, танып білуде. Сондықтан биыл «Торайғыров оқуларын» кең көлемде өткізу ойымызда бар.
Қорыта айтсақ, Сұлтанмахмұт Торайғыров өз заманындағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік оқиғаларды шығармаларына өзек етіп, көптің мұңын жоқтаған халық ақыны. Ол – қазақ лирикасын түрі, жанры жағынан байытып, биік идеялық, эстетикалық сатыға көтерген тұлға, қазақ поэзиясының классигі.
Еркін САДЫҚОВ,
экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Торайғыров университеті» КеАҚ басқарма төрағасы – ректоры
ПАВЛОДАР