Сіз күлесіз-ау қазір, кеңестік кезеңде үйлену тойына арналған хит әндер тым аз болған. Іздей қалсаңыз, ойыңызға бір-екеуі ғана оралады. Біз білетін ең сұлу әуен Дос-Мұқасанның «Той жыры» туындысы. Тіпті, күні бүгінге дейін түр-өңі кеткен жоқ, екі жастың мәңгілік махаббатының мұнарасындай көрінеді. Сосын баяғы Мүслім Магомаевтың орындауындағы «Үйлену тойы» әні еске түседі. Асқақ шығарманы сезім құдіреті әлі де әлдилеп тұрғандай. Бүгінгі әңгіме сол жайында.
Әнді әйгілі «хитмейкерлердің» бірі Арно Бабаджанян өзінің сүйікті әншісі Мүслім Магомаевқа лайықтап шығарған екен. Бұған дейін екеуі бірлесіп, «Сұлулық патшайымы» мен «Жердегі жақсы қала» деген шығармаларды өмірге әкелген еді. Енді отау құрған жас жұбайларға арнап, осындай бір тамаша туындыны дүниеге әкелуді ойлайды. Бұған Кеңес өкіметінде мелизмге толы, ырғақты, би кештерінде не болмаса той-томалақтарда қойылатын музыканың аздығы негіз болса керек. Бұл тұста композитордың орындаушыны таңдауда қателеспегені көрініп-ақ тұр. Себебі әйгілі әнші «Үйлену тойы» әнін шырқап қана қойған жоқ, оны халықтың жүрегінен өткізе алды.
Бұл жерде ақын мен сазгердің симбиозы емес, әншінің де қолтаңбасы бар. Мұны КСРО халық әртісі Арно Бабаджанян да жасырмаған. Шығармасының шедеврге айналуы түркі перзентінің тұнық даусының арқасы екенін жеткізіпті.
«Өздеріңіз білетіндей, ән үш компоненттен тұрады: композитор, ақын және орындаушы. Бірақ Мүслімді заңды түрде «композитор және ақынмен бірлескен автор» деп атауға болады. Сізге «Үйлену тойы» әнінен қарапайым мысал келтірейін. Оны мен әлдебір музыкалық қойылымның сатиралық бөліміне арнап жазған болатынмын. Негізгі кілт – «Дүйсенбі – ауыр күн» деген мағынаға саяды. Композиция дайын болған бетте Роберт Рождественский екеуміз Мүслімге көрсеттік. Мұны естіген ол, бұл әнді басқаша жеткізу керектігін айтты. Орындауға жеңіл әрі тартымды етіп, мерекелік кештерге лайықтап шығарсақ деген ниетін білдірді. Бізге оның ойы ұнады. Мүслімнің шеберлігінің арқасында ән бірден жанданып шыға келді», дейді композитор өз естелігінде.
Айта кету керек, автор «Үйлену тойы» әніне өзінің бұрынғы хит әндерінің ноталарын қосқан. Онысы оңай байқалады. Сыған әндеріне тән көңілді элементтер бар. Хормен айтылатын тұстары да кездеседі. Ішінде әртүрлі аспаптың нәзік ырғақтары жүзіп жүргендей. Тегі армениялық талантты тұлға Арно Бабаджанян рухы жатқанын бірден аңдайсыз.
Орыстың айтулы ақыны Роберт Рождественский өлеңге өмір ағымындағы қарама-қайшылықтарды қосқан. Ән үшінші жақтан, яғни сырттағы бақылаушының атынан орындалады. Мәтін мазмұнына үңілсеңіз, үйлену тойының бейнебаянын кездейсоқ көріп қалған жалғызбасты адам әлі отау құрмағанына өкінеді. Тұтастай алғанда, оның өмірінде бәрі ойдағыдай секілді, бірақ мұң мен қуаныш бір бөтелкеге құйылған. Жо-жоқ, мұнда ішімдік ішу мен мас күйінде төбелесу туралы сөз жоқ. Оқиғаның желісі қызық өрбиді. Владимир Высоцкийдің сатиралық әндерімен мазмұндас. Осы ретте ескі әннің қайырмасын түпнұсқасын ұсынсақ.
«А эта свадьба, свадьба,
свадьба пела и плясала,
И крылья эту свадьбу вдаль несли.
Широкой этой свадьбе было
места мало,
И неба было мало и земли».
Алғаш рет «Жыл әні-71» телевизиялық байқауында Мүслім Магомаевтың орындауында «Үйлену тойы» әні көпшілікке ұсынылды. Қазылар алқасы бірден оған «Ең үздік ән» жүлдесін табыстады. Ең өкініштісі, Арно Бабаджанян әннің жиі шырқалуына жол бермей, бір туындысы биікке жетпей жатып, келесі бірін үлкен сахнаға алып шығуға асыққан. Сондықтан көп әні көлеңкеде қалып қойған екен. Мұны Магомаев күнделігінде жазып қалдырыпты.
«Кемшіліктер – біздің өнеріміздің бір сатысы. Арноның темпераменті оның өзін өзі көрсетуге асығуымен ғана шектелді. Сонымен қатар ол ұлы оқиғалардың өзі келерін ойламады, оған қарай жүгірді. Сондықтан көптеген жақсы әнін суға батырып алды. Әндері дүниеге келе салысымен танымалдылықтан тыс қалды. Тіпті Арно «Үйлену тойы» әнін толық көлемде ел ішінде таралуын күтпей, басқа туынды шығарды.
Әуендер бірінен соң бірі туып, жанын қоярға жер таппады. Бабаджанян маған бұтақтан-бұтаққа секірген бұлбұл құс секілді көрінеді. Бойынан «данышпанның аңғалдығы» да байқалады. «Көрдіңіз бе, қария, тағы бір әуен жаздым. Және ол – өте жақсы! Жақсы емес пе, ә?» дейді телефонның арғы жағынан қуана сөйлеп. Әрбір шығармасының асқақ әуеніне имандай сенді. Бірақ ол тақырып жағынан уақытпен санаспады. Жастарға ұнаудан қалды, ал жылдар жаңара берді», депті әйгілі әнші.
Содан ба екен, кім біледі әйтеуір Мүслім Магомаев «Үйлену тойы» әнін аса жақсы көрмеген деседі. Тек көрермендердің сұрауымен ғана орындайды екен. Әнді кейін дегдар досы Иосиф Кобзон мен әріптесі Лев Лещенко сияқты кеңес дәуірінің жарық жұлдыздары шырқады. Қазір Ресей эстрадасының еркесі Николай Басков орыс тойының сәніне айналып жүр. Ғасыр алмасса да әуезді ән әлі де жас пен кәрінің көңіліне мейірім мен қуаныш құяды. Жас жұбайлар жырындай жаныңды еліте түседі.