Қазақ боксының баһадүрі атанған Шоқыр Бөлтекұлы жайлы қазақ спорт журналистикасының іргесін қалаған қаламгер Сейдахмет Бердіқұлов «Қазақстанға бокс қолғабын алғаш арқалап келген адам» десе, қазақтан шыққан қаһарман тұлға Бауыржан Момышұлы: «Дүниеде екі-ақ нағыз қазақ бармыз, бірі – мен, бірі – Шоқыр» депті. Сол сияқты қайраткер жазушы Шерхан Мұртазаның «Шоқыр – ноқтаға басы сыймаған аз қазақтың бірі» дегені тағы бар.
Ендеше, жоғарыдағы ұлт қайраткерлері тарапынан кемел баға берілген Шоқыр Бөлтекұлы кім? Танымал спорт журналисі Қыдырбек Рысбек: «Шоқыр Бөлтекұлы – сонау дүрбелеңге толы 1916 жылы 29 қазан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Жармыш ауылында дүниеге келді. Әкесі Бөлтек қарапайым балықшы екен. Бір күні теңізге балыққа шыққанда қатты жел көтеріліп, қайығы аударылады да, өзі жағаға аман шығып қалады. Бөлтек дүлей дауылмен арпалысқан бойда қайығына ұмтылады. Қайыққа жақындағанда ауда тыпырлап жатқан дәу шоқыр балығына көзі түседі. Олжасын алып үйіне беттеген Бөлтектің алдынан ауылдастары жүгіре шығып: «Сүйінші! Әйелің ұл тапты», дейді. Қуанышы қойнына сыймаған Бөлтек ұлына «Шоқыр» деп ат қойыпты» дейді.
Сөзімізді ары қарай тарқатар болсақ, Шөкеңнің балалық шағы мен ес жиып, етек басқан жалынды жастығы аштық жылдарына дөп келіп, соңы Ұлы Отан соғысына ұласыпты. Бокс атасының өмір тарихын зерттеген спорт тарихшысы Қыдырбек Әділбекұлының жазуы бойынша, Шоқыр ес білген кезінде әкесінен, арада аз уақыт өткенде анасынан айырылып, тоғыз жасында Форт-Шевченко қаласындағы балалар үйінен пана табады. Қаладағы жеті жылдық мектепте оқып жүрген кезінде оның сурет салуға бейімін байқаған ұстаздары Бакудегі көркемсурет училищесінде оқуға кеңес береді. Бакуде үш жыл оқыған Шоқыр Бөлтекұлы 1934 жылы Киевтегі көркемсурет академиясына түседі. Шөкең былғары қолғапты алғаш рет Киевте, Иван Иванов атты бапкердің қол астында жаттығу үстінде кисе керек. Осылай бокстың әліппесін үйренген Шоқыр Бөлтекұлы Украинадағы бокс жарыстарында көзге түсе бастайды. Студенттердің «Буревестник» ерікті спорт қоғамының айқастарында алаш өрені үнемі үздік шығып отырады.
Оқуын аяқтаған соң Алматыға ат басын бұрады. Осылай қазақ топырағына тұңғыш рет бокс қолғабын арқалып келген Ш.Бөлтекұлының басшылығымен 1937 жылы бокстан Алматы қаласының ресми біріншілігі өтеді. Оған 50 спортшы қатысады. Алайда кешікпей Ұлы Отан соғысы басталысымен өз еркімен сұранып майданға аттанған Шоқыр Бөлтекұлы 1941 жылдың шілдесінде Батыс майданында әуелі зеңбірек көздеушісі, кейін оның командирі болады. 1942 жылдың 8 тамызында ефрейтор Бөлтекұлы Сновидово жерінде дұшпанның үш «ДЗОТ»-ын жойғаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған екен. 1943 жылы майданда алған жарақаты салдарынан Алматыға қайта оралған майдангер үзіліп қалған боксын қайта қолына алады. Арасында өзі де жаттығуын үзбей, бірте-бірте спорттық жарыстарға қатыса бастайды. Ол 1944-1947 жылдар арасында бірде «Динамо», бірде «Спартак» ерікті спорт қоғамдарының Одақтық жарыстарында күміс жүлдегер атанып, қатарынан үш рет Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы болады. 1947 жылы осындай спорттық табыстары үшін қазақ жастары арасынан тұңғыш рет «КСРО спорт шебері» атағын алған.
«1947 жылы Мәскеуде өткен Кеңес Одағының бiрiншiлiгiне Қазақ елiнiң құрама командасын Шоқыр атамыз бастап барды. Оның мектебiнен Мақсұт Омаров, Әбдiсалан Нұрмаханов, Серiк Әбденәлиев, Виктор және Владимир Каримовтар, Асқар Құлыбаев секiлдi талантты шәкiрттер тәрбиеленiп шықты. Ол республикада жаттықтырушылар қатарының көбеюіне де үлкен үлес қосты. Қуғын-сүргінге ұшырап, Қарлаг-та жүрген жаттықтырушылар Густав Кирштейн (неміс) мен Дәулеткерей Мулаевты (балқар) түрмеден босатып, оларды Алматыға әкеліп жаттықтырушы қызметіне орналасуына көп еңбек сіңірді», деп жазыпты шоқыртанушы Қасым Сырбайұлы.
Қысқасы, Шоқыр ағамыздың басшылығымен осы жылдары ұлттық құрама қаланың, республиканың, Орта Азияның ресми чемпионаттарына тұрақты қатысады. Жоғарыда айтқанымыздай, 1947 жылы Мәскеуде өткен КСРО біріншілігіне Шөкеңнің шәкірті Махмұт Омаров қола жүлдегер атанып, осы жылы «Динамо» біріншілігінің финалисі, үш дүркін Қазақ КСР-нің чемпионы болып үлгерсе, ағайынды Омаровтар және Рехерттермен қатар, Е.Хасанов, А.Үсенов, Н.Титов, А.Кадетов, С.Әбденәлиев, А.Құлыбаев, Х.Нұрсейітов, т.б. таланттар ринг төрінде атой салғанын бокс жанашырлары әлі күнге ұмытқан жоқ. Осыларды ескере келе Шоқыр Бөлтекұлына 1964 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы» деген құрметті атақ берілген. Бірақ қандай да атаққа да, даңққа да пендешілік жасап қызықпайтын Шоқыр, сол бірқалыпты үйренген дағдысымен өмір сүре берген. Ешкімге бас имейтін қайсар тұлғаның адами қарапайым қасиеттері туралы оны жақын білетіндер таңданыспен айтады.
Шоқыр шәкірттерінің спорттық нәтижелеріне тоқталсақ: Әбдісалан Нұрмаханов ГАНЕФО ойындарының жеңімпазы, КСРО чемпионатының күміс жүлдегері, Мақсұт Омаров – КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері, Геннадий Рожков — КСРО чемпионатының күміс жүлдегері, Анатолий Кадетов – КСРО халықтары спартакиадасының және Кеңес Одағының чемпионы, Виктор, Владимир Каримовтар – КСРО чемпиондары… Ол кезде әлем чемпионаты өтпейтін. Ал осы саңлақтардың қай-қайсысы да сол тұста Олимпия ойындарында олжа салған кеңес боксшыларынан кем соқпайтын. Бірақ Мәскеу Шоқыр шәкірттерін Еуропа чемпионатына да жіберген жоқ.
Бөлтекұлының шәкірттері тек шаршы алаңда ғана табысты болған жоқ, олардың ішінен небір атақты жаттықтырушылар мен төрешілер шықты. Мысалы, Ескендір Хасанов ұзақ уақыт Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы болса, Серік Әбденәлиев ұлттық құраманың бас бапкері және мемлекеттік жаттықтырушы қызметін он жылдан аса атқарды. Серік ағамыз Шоқыр ұстазының сенімін толық ақтады. Әбденәлиев төрт бірдей әлем чемпионатында және Сидней Олимпиадасында қазылық етті. Сидней олимпиадасының қорытындысы бойынша ең таңдаулы 10 төрешінің қатарына енді. Шөкең бас жаттықтырушы кезде сол құраманың мүшесі болған Әбдісалан Нұрмаханов Атланта олимпиадасына қазақ құрамасын бастап барып, біздің команда дүние жүзінің ең күшті командаларының арасында үшінші орынға ие болды. Міне, Бөлтекұлы ел боксының іргетасын қалар кезде ақылды, табанды, іскер жігіттерге арқа сүйесе, сол азаматтардан тәлім алған шәкірттер ұстаздары бастаған істі жеріне жеткізе білді.
Сонымен қатар Шоқыр атамыз дарынды суретші еді. Ол кісі «Қазақфильм» киностудиясында суретшілік қызмет атқарғанын көпшілік біле бермейді. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Бейімбет Майлиннің ұсынысымен татардың белгілі ақыны Ғабдолла Тоқайдың портретін салады. Кейбір деректерге негізделсек, Шөкең Мұхтар Әуезовтің, Шәкен Аймановтың, Шара Жиенқұлованың портреттерін салған.
Тағдыр Шоқырды Абай атындағы опера және балет театрында суретші болып жүргенде, қазақ би өнерінің жарық жұлдызы Нұрсұлу Тапаловамен табыстырады. 1954 жылы үйленген олардың отбасында Ақтоты, Ақсұлу есімді қыздар өмірге келеді. Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылы 78 жасында дүниеден озды. Жары Қазақ КСР-ның еңбек сiңiрген әртiсi Нұрсұлу Тапалова да арада 4 жыл өткенде қайтпас сапарға аттанды. Бірі қазақтың тұңғыш боксшысы, бірі тұңғыш кәсіби балет бишісі, бірі тұңғыш спорт шебері, бірі Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, бірі Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «қос тұңғыш» туған елінің топырағында байыз тапты.