Қостанай облысында жыл басынан бері 443 сәби коронавируспен ауырып шыққан. Қазір өңірде 8 бүлдіршін инфекциялық стационарда жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанованың айтуынша, бүгінде Қостанайдағы инфекциялық орталықта 50 шақты жүкті әйел емделуде. Олардың үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр.
Таяуда ғана бас санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов қол қойған қаулыға сәйкес, елімізде 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді, жүкті және бала емізіп отырған әйелдерді Pfizer препаратымен вакциналау жөніндегі әдістемелік ұсынымдар бекітілгені белгілі. Осыған орай, қараша айының басында 4 млн Pfizer дозасы жеткізілмек. Шетелдік вакцинаның Тобыл өңіріне нақты қашан жеткізілетіні әзірге белгісіз. Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері вакцинаның қазан айының соңына дейін келетінін және 80 мың адамға екпе салынатынын айтып отыр.
– Денсаулық сақтау министрлігі балаларды вакциналау туралы шешім қабылдап отыр. Өйткені кейінгі кезде коронавирус жұқтырып жатқан балғындар көбейіп барады. Балалардан көбіне індет симптомы байқалмайды. Бұл, әсіресе, қарт кісілер мен жүкті әйелдер үшін үлкен қауіп. Алдымен 16 жастан жоғары жасөспірімдер вакцина қабылдайды деп жоспарлап отырмыз. Одан кейінгі кезек төменгі жастағы балалардікі. Бала вакцина қабылдамас бұрын, ата-ана баласына өз ықтиярымен екпе салдыратыны туралы келісімге қол қоюы керек. Бұл жүкті әйелдерге де қатысты. Аяғы ауыр әйелдер жүктілік мерзімінің екінші және үшінші айлығында ғана екпе қабылдайды. Алғашқы үш айлықта вакцина қабылдауға болмайды. Егер әйел жүкті екенін білмей вакцина алса, толық курсты екінші және үшінші триместрде ғана аяқтауға болады. Бұл үшін алдын ала ешбір талдау нәтижелерін тапсырудың қажеті жоқ, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанова.
Оның айтуынша, шетелдік вакцина Үкімет қорының есебінен сатылып алынған. Сондықтан оны аяғы ауыр әйелдер мен бала емізіп отырған аналар ғана тегін қабылдай алады.
Қостанай облысы