Алакөл ауданының Лепсі ауылында тарихи-өлкетану музейі салтанатты ашылды. Лепсі тарихи-өлкетану музейі танымал меценат, жеке кәсіпкер Бауыржан Оспановтың қолдауымен еңсесін тіктеп отыр.
Бұған дейін ауылдағы орта мектептің бір бұрышында елеусіздеу қалып келген өлке тарихының тәбәрігі енді кең де, жарық баспана ішінде келушілердің көзайымы болмақ. Жаңа мұражайға сегіз жүзден астам экспонат жиналып, сақтауға беріліпті. Ал музей іргетасының қалануына Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы, белгілі меценат Бауыржан Оспанов және жергілікті тарихшы, өлкетанушы Мұхаррам Хайбуллин өз үлестерін қосқан.
– Жетісудың бұл аймағы тарихи және мәдени мұраға бай екені белгілі. Алдағы уақытта Алакөлге келетін туристер шипалы судың емдік қасиетімен қатар, өңірдің тарихымен де таныса алатын болады. Бір кездері жергілікті мектеп кабинетінде орналасқан құнды тарихи экспонаттар бүгінгі күні кең мұражай залдарына орналастырылды, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев ауылдағы мұражайдың ашылу салтанатында.
Бүгінде мұражайда 781 экспонат бар. Тарихи-өлкетану мұражайында өлкенің ежелгі тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен шығармашылығы ұсынылған. Сондай-ақ мұнда Кеңес Одағы, азаматтық және Ұлы Отан соғысы кезіндегі экспонаттары сақталған. Олардың барлығы 30 жыл бойы жергілікті тұрғындардың күшімен жиналған екен.
– Лепсі ауылы Қазақстан тарихында, әсіресе Жетісу өлкесінде маңызды рөл атқарды. Бұл аймақта жыл сайын ағылып келетін туристердің қызығушылығын оятатын ерекше орындар баршылық. Мұражайға келген әрбір демалушы Лепсі ауылының тарихынан сыр шертіп қана қоймай, еліміздің әртүрлі кезеңдегі геосаяси жағдайы туралы қызықты мәліметтерден хабардар бола алады. Алдағы уақытта мұражай Лепсі ауылының одан әрі шарықтап, дамуына өзіндік үлесін қосады деп үміттенеміз, – дейді Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы.
Айтпақшы, ауылдағы музейдің бірегей экспонатының қатарында «Түркі обатасы» аталатын бітік тас бар. VI-VIII ғасырдың аралығын қамтитын таңбалы тас Лепсі аймағының жанынан табылған деседі. Сонымен қатар ел ішінен жиналған Алаш полкі сарбаздарының киімдері де еліміздің басқа мұражайларында кездесе бермейтін теңдесі жоқ жәдігерлер санатында.
Алматы облысы