ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында «Қыз Жібек» операсын тамашалады, деп хабарлайды Egemen.kz. Қойылым жайында ол өзінің facebook парақшасында пікір білдірді.
«Театр – адамды мәдениеттің биігіне жетелейтін өнер ордасы. Сондықтан ол жерге көрермен болып барудың өзі үлкен жауапкершілік. Бүгін «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында «Қыз Жібек» операсын тамашалап отырып, осы бір дүниеге кезекті рет көз жеткіздім.
Қойылым бүгін ресми түрде ашылған «TEATR ALL-2021» халықаралық театр фестивалі аясында сахналанды. Фестивальдің «Қыз Жібек» операсымен ашылуы тегін емес. Өйткені, былтыр ғана осы жырдың желісімен түсірілген әйгілі фильмге 50 жыл толды. Оның үстіне, қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан композитор Евгений Брусиловскийдің аталған шығармасы ұлттық операмыздағы шоқтығы биік туындылардың бірі. Сол себепті, бұл жолы да, әдеттегідей, асқақ өнердің озық үлгісіне куә болдық. Осы ретте «Астана Опера» әртістерінің кәсіби шеберліктері мен біліктіліктерін ерекше атап өткен жөн», деді Мәулен Әшімбаев.
Жазбада тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ұйымдастырған өнер фестивалі бір аптаға жалғасатыны жайлы айтылған.
«Елордамыздағы драма, мюзикл, опера, балет, жастар театрлары сияқты іргелі өнер ұжымдары да көрермендерге өз қойылымдарын тарту етеді. Сондай-ақ фестиваль аясында түрлі көрмелер мен шеберлік сабақтары өткізілмек. Яғни, астаналықтарға апта бойы өнердің саф түрімен сусындап, рухани ләззат алуға мол мүмкіндік бар.
Пандемияның өнер саласына да тигізген зардабы аз болған жоқ. Сондықтан осындай игілікті істердің арқасында сол олқылықтардың орны толып, елімізде театрға барушылардың қатары көбейеді деп сенеміз. Бұл ұлттық сананың өсуіне де ықпал ететін маңызды қадам екені сөзсіз. Соған байланысты фестиваль өткізіп, қала тұрғындары мен қонақтарына, жалпы өнерсүйер қауымға керемет мүмкіндік сыйлаған барша ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз. Қазақ театр өнері жасай берсін!», деді Сенат төрағасы.