• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2014

Керуен күнге бет алды

367 рет
көрсетілді

Атқан оқтай, шапқан аттай зымырап бара жатқан ұшқыр уақыт. Сочиде айдау жолға ат қосқан аламанның басталғаны күні кеше сияқты еді, міне, енді оның көмбесінің көкжиегі көрінетін кезең де иектің астына келіп қалыпты. Мұнда кешегі күнді шығарып тастағанда, алда бар-жоғы үш жарыс күні ғана тұрыпты. Бұлай болатыны, 20 ақпанда Олимпия ойындары бір күндік тыныс алады да, спортшылар одан әрі 21-і мен 23-і аралығында ғана жарыс жолдарына шығады. Сондықтан медальдар жиынтығын пышақ үстінен бөліске салатын осы сынақтар барлық мәселенің түйінін шешіп те береді. Бұл көмбенің тік тартатын ақырғы дүрбі жолы көбеге кезек көшіргенін көрсетеді. Былайша айтқанда, Ойындардың керуені күнге қарай біржола бет түзеді. Осы аралықта топ басындағы бірінің басқан ізін бірі сыпырып келе жатқан шоқшадай шоғырдың шарбағындағы тартыс қыза түсті. Сол себепті біз есебін жазып отырған 18 ақпанның түніне қарай нәтижелері түгел белгілі болған 7 сайыстың қорытындысына сай командалық бәсеке кестесіне тағы да толайым түзетулер енді. Әзірге 8 алтын медалінің күшімен тек немістер ғана топ басындағы бірінші тұрағынан мызғымай тұр. Ал одан кейінгі жеті орын түгелге жуық топалаң тигендей төрт аунап түсті. Соның нәтижесінде алтын жүлделер санын 7-ге жеткізген норвегтер енді алмандардың арқа тұсына келіп қалды. Бұдан әрі Голландия, АҚШ, Ресей, Швейцария, Беларусь және Канада іркес-тіркес болып келеді. Түптің түбінде топтың ең басындағы үштіктің осылардың ортасымен үйірлесетіні қазір еш күмән тудырмаса керек. Голландтықтар тұғырды тағы түгел алды Тағы да Голландия конькишілерінің асықтары алшысынан тұрды. Бұл жолы олардың 10 000 метрге жүгірген атан жілік, арқар мүйіз жігіттері үш жүлдені өзара бөлісіп алып, былайғы жұртқа татым да татырмады. Біз мұның осылай болуға тиіс екенін алдын ала түйсініп едік. Бұған ешқандай әулиелік-әнбиелік әрекет әсер еткен жоқ, тек Сочидегі бірінші олимпиялық рекордты жасап, чемпион атанған «Таңғажайып Свеннің», яғни Свен Крамердің содан бір күн бұрын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатына кездейсоқ кіріп қалып, оның берген мәлімдемесінен бұл жерде «шаянның қайда қыстайтынын» ептеп аңғарып қалғанбыз. Сол сұхбатында Свен Ванкуверде «он мыңдықта» кетіп қалған есесін тап осы жолы қайтаратынын айтып, қасам ішкен. Және ол стартта өзімен өзі бәсекеге түсетінін, егер таласқа қосылатындар табылса, олардың өз отандастары  Йоррит Бергсма мен Боб де Йонг қана бола алатындарын ашып айтқан. Бұған қоса, стайерлік қашықтықтың тағы бір топ тарландары жарысқа қатыспайтындарын жеткізіп, күні бұрын күрделі көмбенің тағы бір күрмеуін кемітіп берген. Бас тартқандар тобында Ванкувердің қола жүлдегері ресейлік Иван Скобрев, норвегтер Ховард Бёкко мен Сверре Лунде Педерсен қара көрсетті. Осылардың да бір дәбі болған шығар, толғамалы ақ балтаны қолға ұстаған толымды ердің сол дегені деген екен. Айнып кеткені тек өзінің екінші тұғырға түсіп қалғаны болды. Ал жеңіске 12 минут 44,45 секунд нәтижесімен олимпиялық рекорд жасаған Йоррит Бергсма жетті. Осылайша Олимпиаданың осы кезге дейін тіркелген бес рекорды түгел конькишілердің алқалауымен өмірге келді. Олардың үшеуін Голландияның жібек баулы қырандары өз есептеріне жазды. «Алқызыл қызғалдақтар» елінің атлеттері түндігін түріп жатқан бұл оңаша отаудың маңына қосын тіккендердің қатарынан біздің Дмитрий Бабенко да табылды. Ол көмбе сызығын 12-ші нәтижемен қиып өтіп, таңдаулылар топтамасына таласа-тармаса кіріп кетті. Сөйтіп, бұл кезге дейін 5000 метрге жүгіруде 15-орын алып, 1500 метрлік қашықтықта 30-сатыға қоныс тепкен біздің спортшы, салыстырмалы түрде алғанда, өзінің көптеген отандастарынан жоғары көрсеткіш көрсетті. Шынына келгенде, бұл күні қазақстандық спортшылар арасында одан басқа жарысқа қатысқан ешкім болған жоқ. Атақты скрипкашы ат қосқан жарыс Ал сейсенбідегі жарыстардың шымылдығын түс әлетіне таман әйелдердің тау шаңғысы түріп берді. Қабырғадан қан ақтырып, толарсақтан мұз қатырған жойқын жорықтың соңында осы Ойындарда бұған дейін бір алтын медаль алып үлгерген словен қызы Тина Мазенің тағы да айдыны асып түскені аян болды. Қоссайыстың қорытындысында 2 минут 36,87 секунд уақытта мәреге жеткен бойжеткен осы арқылы тәуелсіз Словенияның Қысқы Олимпиада тарихындағы екінші алтын медалінің қоржынға түскенін паш етті. Оның біріншісін де бұдан тура бір апта бұрын таудан жылдам төмен түсу жаттығуында осы Тинаның өзі алып берген еді. Сайыстың гигант-слалом деген түрі бойынша қыздардың «мұз үстіне от жаққан, бұзбай бұлан пісірген» осынау  қызыл табан, көк танау текетіресінде көп жұрттың күні бұрын үкі тағып қойған жүректі жүйрігі австриялық Анна Феннингерге екінші орын бұйырды. Үшінші тұғырға неміс қызы Виктория Ребенбург қадам басты. Біздің әйелдер тау шаңғысына әдейілеп тоқтап отыруымыздың тағы бір сыры, оған британиялық белгілі скрипкашы Ванесса Мэйдің Таиландтың атынан қатысқанына байланысты болып отыр. Ол бұдан бірнеше жыл бұрын өзінің алдына қалайда Сочидегі Олимпиадаға қатысу мақсатын қойған екен. Ал спорттың қай түрі бойынша жарыс жолына шығуы керектігі жайы алдынан шыққанда, бірден тау шаңғысына таңдау жасапты. Бұған өзінің қарлы жолдың көлік құралымен төрт жасынан достасып келе жатқаны себеп болған. Содан бері спорттың өзі түрімен тұрақты айналысып жүрген. Әлбетте, әуесқойлық тұрғыда. Сосын сол олқылықтардың орнын толтыру үшін саусақтары сазды аспаптың сағағынан босаған кездерінде Швейцарияның шыңылтыр аязды шыңдарына тартып кетіп, бірнеше жыл бойына ұдайы жаттығып келген. Әбден дайын болған кезінде, өзі Сингапурде туып-өскеніне қарамастан, әкесінің тарихи отаны – тай елінің атынан тәуекел етіп, тартысқа түсіп, қажетті лизенцияны жеңіп алған. Сөйтіп, сайысқа әкесінің Ванакорн  тегімен шыққан танымал тұлға Ванесса кіл кендір баулы ақ желкен керген керімсалдардың арасында екі жаттығуда да көштің кетеуінде қалып қойды. Бірақ бұған қарадай налып, қабырғасы қайысқан скрипкашы тағы болған жоқ. Себебі, ол баяғы Пьер Кубертен ақсақалдың Олимпиадада жеңу мақсат емес, бас­тысы оған қатысу екенін уағыздайтын уәжіне жүгінген Сочидегі санаулылардың бірі еді. Сондықтан топтан озған тарланға тура 50 секунд уақыт ұтылып, барлық 67 қатысушының соңын тиянақтағанында да бұл жотаның жонында одан бақытты көрінген адам байқалмады. Бұл күні жарыс жолына шыққандар арасында ханзада да болды. Ол – Норвегия тағының мұрагері, биатлоншы Эмиль Хегле Свендсен еді. Тақ мұрагері Ванессаға ұқсап, тарландар тобына қосылғанына мәз болып қоя салған жоқ. Бұған дейін әлемнің 11 дүркін чемпионы болып үлгерген тәждің тәбәрігі Сочиде 15 шақырымдық сөренің бойында сүргін салды. Атқан оғы айнымайтын мерген майталман төрт отты шөпте де бір оқты шығынға шығармай, кермені 42 минут 29,1 секундта керіп өте шықты. Екінші орынға осы жолы бұл Олимпиададағы жеңісі санын үшеуге жеткізетінін айғайлап жүріп айтып шыққан француз Мартен Фуркад орнықты. Егер ол мылтық атуда бір оғын айдалаға асырмағанда, бірінші орынды талассыз алатын еді. Себебі, «Екі үлкен хрусталь кубоктың иегерінің» уақыты чемпион атанған ханзаданың көрсеткішімен бірдей болатын. Бұлардың таласында ығысып қалған чех Онджей Моравец үшінші тепкішектен табылып, осымен өз еліне екінші медальді алып берді. Ол мұның алдында 12,5 шақырымдық пасьютте күміс жүлдеге қол жеткізген еді. Келген жұрт қайтарын да ойлап жатыр Ұйымдастырушылар қазір бір төбенің астынан көкжиегі көрінген Олимпиаданың жабылу рәсімінің салтанаты жайын да қозғай бастады. Бұрнағы күні осыған қа­тыс­ты әң­гі­мені Ойындардың ашылуына бас­шы­лық жасаған Ресейдің «Бірінші арна» теле­ком­паниясының бас директоры Константин Эрнст радиостансалардың бірінің эфирінен жеткізді. Оның айтуына қарағанда, жабылудың барлық жабдығы мен жарағы  швейцариялық және италиялық екі маманға тапсырылып қо­йы­лыпты.  Атап айтқанда, шоудың бас режис­сері қызметін швейцариялық Даниэль Финци Паска атқаратын болады. Аталған маман бұған дейін Ресейдің бірқатар үздік театр­ларында бірнеше рет спектакль қойып көрген. Бұдан басқа, бұл режиссердің атақты «Цирком дю Солеймен» де тығыз шығармашылық байланысы бар көрінеді. «Комсомольская правданың» мәлімдеуінше, Олимпиаданың жабылуы енді «Ресей еуропа­лықтың көзімен қарағанда» деген тұжырыммен жүргізілмекші. Егер Ойындардың ашылуы ресейліктердің өздері туралы өздерінің айтып берулеріне құралса, енді басқа әлемнің олар жөнінде не айтатынын білетін боламыз. Орыс мәдениеті күллі адамзаттың мәдени мұрасы тұрғысында қандай орын алады? Міне, шоудың ашып көрсететін басты идеясының өзі осындай. Қазір бұл режиссердің 1980 жылғы Мәскеу Жазғы Олимпия ойындарындағы Мишканың олимпиялық сәлемдемесін алдағы спектакльдің материалына енгізгені белгілі болып отыр. Ал жабылу рәсімінің продюсерлігіне көптен бері олимпиадаларда жұмыс жасап келе жатқан италиялық Марко Балич бекітіліпті. Ол сонау Солт-Лейк-ситиден бастап, Турин және Лондон олимпиадалары тұстарында да шоу қойылымдарына араласқан екен. Оған қазірден-ақ 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Жазғы Олимпия ойындарының ашылу салтанатына араласу ұсынылып қойылғанға ұқсайды. Енді өз тарапымыздан бұған қосатынымыз, Сочидегі XXII Қысқы Олимпиаданың жабылу рәсімі 23 ақпан күні өтеді. Оның тиесілі телеарналардан берілетін тікелей эфир трансляциясы Мәскеу уақытымен сағат 20:00-де басталады.

*   *   *

Енді осы сөздің орайында тағы бір жайтқа назар аудара кеткіміз келеді. Олимпиададағы жарыстардың өте жоғары деңгейде ұйымдас­тырылып, жүргізіліп жатқанынан бөлек, мұнда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін барынша жақсы жағдай жасалып отырғанына тоқталмасқа болмайды. Мұның ең басты артықшылығы, Сочиде Ойындардың салтанатты ашылу рәсімі өткеннен бері бас баспасөз орталығы тәулік бойына кідіріссіз жұмыс істеп тұр. Жалпы, мұнда мұндай екі үлкен орталық бар. Оның екіншісі «Горки» тау кластерінде орналасқан. Бұлардан бөлек, барлық ашық және жабық спорт ареналарының бәрінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған арнайы бөлмелер жұмыс істеп, осы орталықтардың қызметін атқарады. Дегенмен, біз қазір осы жолдарды жазып отырған «Адлер» жағалау кластеріндегі Олимпия паркі аумағында қанатын жайған бас орталық бұлардың бәрінің негізгісі болып саналады.  Ол орналасқан ғимараттың жалпы аумағы 158 мың шаршы метрді құраса, соның 20 мың шаршы метріне бас баспасөз орталығы, ал 60 мың шаршы метріне халықаралық хабар тарату орталығы жайғасқан. Бұлардан таяқ тас­там жерде БАҚ қызметкерлерінің тұруларына арналған үш жұлдыздық деңгейдегі мейманхана 20 гектар жерді алады. Ал орталықтың 3,6 шаршы метр аумағы ақпарат агенттіктеріне кеңсе ретінде берілген. Оларда әлемнің 43 жетекші БАҚ өкілдері жұмыс жасап жатыр. Бас баспасөз орталығында баспасөз мәсли­хат­тарын өткізуге арналған төрт зал бар. Олар­дың «Пушкин» деп аталатын залы 465  орындық болса, «Толстой» – 220, «Достоевский» – 220, ал «Чехов» 50 орынға лайықталған. Бұларда қазір күніне орта есеппен 18 кездесуден өтіп тұр. Бұл мәжілістер бірден орыс, ағылшын, француз, неміс, итальян, қытай, корей және жапон тілдеріне аударма жасау арқылы өткізіліп келеді. Мұның бәрі журналистердің емін-еркін жұмыс жасауларына мүмкіндік береді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Сочиден.