Қазақстанда 600-ден астам ауыл заманауи телекоммуникациялық технологиялармен қамтылмаған. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков Digital Bridge халықаралық технологиялық форумында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазақстанда 600-ден астам ауыл заманауи телекоммуникациялық технологиялармен қамтылмаған. Сондықтан спутниктік байланыс шешімдері осы ауылдардың аумағын қамтуға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда біз халқы аз елді мекендер туралы айтып отырмыз. Осыған қарамастан, ауылдарға заманауи байланыс жүйесін тарту - маңызды мәселелердің бірі», деді Мәлік Олжабеков,
Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы үшінші рет өтіп жатыр. Биылғы форумның тақырыбы - Digital Era Lifestyle. ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Цифрландыру, инновациялар және ғылым арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын таныстырды. Форумның іскерлік бағдарламасы 20 панельдік сессиядан тұрады, онда 70-тен астам спикер - халықаралық және Қазақстандық IT-қауымдастықтардың өкілдері сөз сөйлейді.
Елімізде үшінші рет өтіп жатқан Digital Bridge алаңында дәстүрлі түрде Astana Hub Battle-де технологиялық стартаптар жарысуда, ал ең мықты IT-компаниялар Astana Hub Awards сыйлығы аясында марапатталатын болады. Биылғы жылы іс-шаралар гибридті форматта өтеді – бірқатар ресми іс-шаралар офлайн режимде өтсе, форумның негізгі бөлігі онлайн нұсқада ұсынылады, оған кез келген адам қатыса алады.