• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 31 Қазан, 2021

Түркі елдеріне ортақ анимация бірлестігін құру ұсынылды

246 рет
көрсетілді

Түркістан қаласында ұйымдастырылған Халықаралық «ÁMEN» анимациялық фильмдер фестивалінде Түркітілдес елдердің анимация өнерінің қазіргі жағдайы мен болашағы жайлы әңгіме өрбіді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Іс-шараның екінші күнінде ұйымдастырылған дөңгелек үстел отырысына қазақ мультипликациясының өкілдері мен бауырлас түркі елдердің белгілі режиссер-аниматорлары қатысып, ойларын ортаға салды. Олардың қатарында Ұлттық киноны қолдау орталығының бас продюсері Адай Әбілдә, анимация продюсері және режиссер Мусаб Гүндүз (Түркия), режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері Батырхан Дәуренбеков, Balapan телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы, комикс және қозғалыс суретшісі Мұстафа Ахмет Қара (Түркия), режиссер-мультипликатор Тұрдыбек Майдан, Қазақ ұлттық өнер университетің оқытушысы Ләззат Біләлқызы, режиссер-аниматор Азизбек Мухамедов (Өзбекстан) және отандық киностудиялардың жетекшілері болды.

Анимация тақырыбына арналған басқосуға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағамбетова мен «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты Басқарма Төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов қатысып, өз ойларымен бөлісті.

Іс-шарада көтерілген мәселеге қатысты жиналғандардың ойы бір арнаға тоғысты. Олар келешекте түркі дүниесінің аниматорларын біріктіру керек деген мәселені бір ауыздан қолдады.

Түркітілдес елдердің арасындағы анимациялық фильмдер өндірісіне қатысты мамандар мен компанияларды біріктіретін орталық ұйымдастыру мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанын айтқан Ұлттық киноны қолдау орталығының бас продюсері Адай Әбілдә бұл ұсынысты орынды деп есептейтінін жеткізді.

«Түркі елдерінің анимация мамандарын біріктіріп, сол жұмысты жүйелесек, ауқымды аудиторияны қамтуға мүмкіндік туады. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Қызығушылық бар, алайда әрекет жоқ. Түркітілдес мемлекеттердің арасында көпір болатын ұйым құруымыз керек», деді А. Әбілдә.

Басқосуға Түркиядан арнайы келген анимация продюсері және режиссер Мусаб Гүндүз түркі халықтары өз арасында ниеттес, пікірлес, жанашыр болу маңызды екенін баса айтып, ортақ ұйым құрудың маңызы зор екендігіне тоқталды. «Түркияда 85 миллионға жуық халық бар десек, оның 20 миллионы – біздің негізгі аудитория, яғни, балалар. Біз кеше фестивальде қазақ көрерменіне ұсынған «Istanbul Muhafizlary» фильмін Түркияда 10 миллион бала тамашалап, жоғары рейтингке қол жеткізді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, ол сондай-ақ бізді алға жетелеп, ынталандырып отырады. Ал түркітілдес елдердің аудиториясы бұдан да үлкен, шамамен 200 миллионнан астам адам бар. Анимация – қымбат жанр, көп қаржыны қажет етеді. Ал осы түркі елдері аудиториясы біз үшін үлкен нарық болмақ. Түркі елдеріне ортақ бірлестік құруды біз де қолдаймыз», деді түрік анимация продюсері.

Сонымен қатар, сарапшылар анимацияға қатысты қаржы тарту, құқықтық реттеу, аудиторияның талғамы мен талабына сай болу, жас дарындарды оқыту, техникалық жабдықтау секілді кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді атап өтті.

Басқосу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағамбетова мен «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты Басқарма Төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов анимация мамандарының ұсыныстарымен танысып, қолдау көрсетуге ниетті екендіктерін жеткізді.

Іс-шарада Өзбекстаннан келген Азизбек Мухамедов аниматор-мультипликаторлар мен мемлекет өкілдерінің бір үстел басында кездесіп, пікір алмасып, еркін диалог құрғанына дән риза екенін жасырмады. Ол жұмыс дәл осылай бірлесе атқарылғанда жақсы дүниелер туатынына сенімді.

Дөңгелек үстел қатысушылары түркітілдес елдердің анимациядағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтып, ортақ міндеттерді жүзеге асыруға қадам жасауға уағдаласып тарқасты.