«АрселорМиттал Теміртау» Қарағанды облысының дәрігерлеріне Pfizer-BioNTech вакцинасын қабылдауға дайындалуға көмектесіп жатыр. Компания өндіруші талап еткен тасымалдау мен сақтаудың ерекше жағдайы үшін 97 арнайы мұздатқыш камера сатып алды. Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен өңірдегі емханалар мен ауруханалар Қазақстан да бірінші болып тегін жабдықтар алады.
Қондырғыларды тапсыру Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наирдің, сондай-ақ тау-кен бағытының атқарушы директоры Джелсон Батисттің және атқарушы директор Әлішер Әбеновтің қатысуымен өтті.
Компания көлемі 528 литр болатын 4 стационарлық тоңазытқыш, көлемі 100 литрлік 43 стационарлық тоңазытқыш, сондай-ақ вакцина тасымалдауға арналған 54 портативті термоконтейнер сатып алды. Жабдықтың жалпы құны 180 млн теңгеден асады.
Контейнерлердің әрқайсысы GPS-трекермен жабдықталған. Жабдық вакцинаны -86 градусқа дейін қажетті температурада тасымалдауға және сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайларда препарат алты айға дейін өзінің қасиеттерін сақтайды.
«Қарағанды облысы – «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының қаржылық қолдауының арқасында тоңазытқышпен жабдықталған еліміздегі алғашқы өңірлердің бірі. Облыстың әрбір қаласы мен аудан орталығы Pfizer вакцинасын сақтауға арналған мұздатқыштармен толық қамтамасыз етіледі. «Суық» тізбекті сақтау – бұл осы вакцина бойынша қойылатын негізгі талап. Қажетті тоңазытқыш жабдықтарды жедел жеткізгені үшін «Арселор Миттал Теміртауға» алғысымызды білдіреміз», деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.
«Бұл пандемияның эконо- микаға, бизнеске және халыққа тигізетін әсерін бағалау қиын. Бірақ біз теңдессіз дағдарыс жаппай қолдауды талап ететініне сенімдіміз. Біздің әлеуметтік-жауапты компания ретіндегі міндетіміз – аймақ экономикасын қалпына келтіруге көмектесу, сондай-ақ пандемияға байланысты жаңа сынақтарға толық дайын болу», деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир.
«Компанияның бірінші кезектегі міндеті – қызметкерлеріміздің денсаулығын сақтау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Компания қызметкерлерді қорғауға бағытталған Қазақстан Республикасының санитарлық нормаларына сәйкес жұмыс істейді. Әлеуметтік жауапты кәсіпорын болғандықтан біз өңір халқын қолдауға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдаймыз», деп атап өтті АМТ атқарушы директоры Әлішер Әбенов.
Алдағы аптада «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қызметтері мұздатқыш жабдықты облыстық вакцина қоймасына және облыстың барлық өңіріне жеткізуді қамтамасыз етеді.