Павлодар облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған облыс еліміздегі қылмыс аз жасалатын өңірлердің бірінен саналады. Биыл 9 ай ішінде полицияға келіп түскен 90 мыңнан астам хабарлама қаралған. 4 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді. Облыста кісі өлтіру, ұрлық, бұзақылық, денсаулыққа ауыр зиян келтіру сияқты қылмыстар саны азайған, 10 мың адамға шаққандағы қылмыс саны 75-ті құрады.
Биыл өңірде 1 қыркүйектен бастап «Учаске» профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оның барысында учаскелік полиция инспекторлары санитарлық талаптарды сақтай отырып, аула және көпқабатты үйлерді тексеруде, ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұрған адамдар бақылауға алынды.
Облыста «Сервистік модельге» көшу ісі жүргізілуде. Тұрғындардан хабарламаларды «102» мобильдік қосымшасы арқылы қабылдау басталды. Бұл жүйе азаматтардың полицияға әлеуметтік желілер, электронды пошта және басқа да мессенджерлер арқылы орын алған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы ақпарат жіберуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде облыста аталған қосымшаны пайдаланушылар қатары өсіп келеді.
Павлодар облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция басқармасы қызметінің бастығы Ғалым Сарғұловтың мәліметінше, учаскелік инспекторлар 186 мың пәтер мен жеке үйлерді аралап, 20 мыңнан астам саяжай алқабын, 990 шаруа қожалығын, қараусыз қалған 773 ғимарат пен құрылыс нысанын, кәріз құдықтарын тексерді. Түрлі заң бұзушылықтар үшін 12 мың азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Мысалы, полиция қызметі жанжал шығарған 365 отбасының отағасыларын тәртіпке шақырса, тұрмыстық салада құқық бұзып, отбасының тыныштығын бұзған 2 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған. Еліміз аумағында тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз жүргені үшін құқық бұзудың 1204, көші-қон заңнамасын бұзудың 108 фактісі анықталды. Сонымен бірге 6 мың қару иесін тексерді, олардан 40 бұзушылық анықталды, 46 қару тәркіленген.
Қазіргі таңда қылмыс санының азаюына модульдік полиция бекеттері де көмекке келмек. Мобильді, арнайы жарақтанған бекеттер арқылы өңір тұрғындары полиция қызметкерлеріне заң талаптарының бұзылуы жайлы арыз-шағым жазумен бірге, өтініштеріне сәйкес түрлі қажетті заң кеңестерін де ала алады. Модульдік полиция пункттерінің құрамында учаскелік полицейлер, кәмелеттік жасқа толмағандардың ісімен айналысатын инспекторлар және полицияның өңірлік жедел уәкілдері бар.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, модульдік полиция пункттері өңірдегі криминогенді оқиғалар көп тіркелетін қалалардағы шағын аудандарда, аудан орталықтарында құрылады. Мақсат – полиция қызметкерлерінің тұрғындарға жақын болуын қамтамасыз ету және халықтың қауіпсіздігін лайықты қорғау. Бекеттердің әрқайсысы тұрғындар түсірген бейнені полицияның пультіне жіберетін камералармен жабдықталған.
Бұл бекеттер тұрғындардың учаскелік инспекторларға деген сенімін арттырары сөзсіз. Қазір облыс орталығындағы бірнеше шағын ауданда, аудан орталығы Баянауыл ауылында тірек бекеттері жұмыстарын бастап та кетті. Учаскелік инспекторлардың айтуынша, жұмыстың осындай жаңа форматы тиімді, өздеріне қарасты бөлімшеде қызмет ету тұрғындармен байланыста болып, жағдайдың бәрін бақылап отыруға мүмкіндік береді.
Сондай бекеттердің бірі облыс орталығындағы полицияға «шақыртулар» көп түсетін Қ.Қамзин көшесі 164-үйдің ауласында ашылды. Аулада полиция бекеті орналасқанына тұрғындар да қуанышты.
– Біздің шағын аудандағы қауіпсіздік мәселесі қиындау еді. Алаңдайтынбыз. Енді, міне, полиция бізге жақын келді, – дейді үй тұрғыны Қали Сәрсенұлы.
Ал учаскелік инспектор Ерсін Омаровтың сөзіне қарағанда, осы жердегі учаскеде 23 мыңнан астам адам тұрады. Бұған дейін тірек бекеттер арнайы бекітілген жауапты учаскенің шектеулі бөлігінде орналасатын еді. Қазір барлық атқаратын жедел қызмет үшін жағдай жасалған.
Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Павлодар қаласындағы Диспетчер және екінші Павлодар шағын аудандарында орналасқан модульдік полиция пункттерімен танысты. Бекеттердің ішінде тұрғындарға пайдалы ақпараттарды орналастыруға кеңес беріп, полиция қызметкерлеріне жаңа формат- тағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
– Басты міндет – полицияның тұрғындарға жақын болуын қамтамасыз ету. Қала, аудан тұрғындары өздерінің учаскелік инспекторларын білуі керек. Жаңадан құрылған бекеттердің де – мақсаты осы. Полиция халыққа жақын болса құқық қорғау қызметінің сапасы да жақсарады, – дейді Ә.Сқақов. Осы арада айта кетер жайт, облыстағы құқық қорғау саласында полиция қызметкерлері жетіспейді. Бұл күндері Полиция департаментінде 300-дей маманның орны бос. Сондықтан департамент басшылығы әскерде міндетті борышын өтеп келген жастарды полиция құрамына қызмет етуге шақыруда.
Павлодар облысы