Жақында мемлекеттің мәдени өмірінде орасан мәнді оқиға болды – қазақ фольклорының 100 томдығын жарыққа шығару аяқталды. Осыған орай Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл бастаған бір топ халық қалаулылары Үкімет басшысы Серік Ахметовтің атына депутаттық сауал жолдаған еді. «Мұндай басылым әлем мәдениетінің тарихында бұрын-соңды болған емес. Дүние дидарында фольклоры жүз томды құрайтын басқа ұлт бар болса, бар да шығар, бірақ фольклорын жүз томға жинап, бастырып шығарған әлемдегі жалғыз ұлт – қазақ екені анық. Бұл – әлемдік мәні бар оқиға, ұлт ретінде мақтаныш ететін рухани жетістігіміз», деп жазған депутаттар осы оқиғаға тиісінше мән берілуі, Үкімет деңгейінде көңіл бөлінуі, елдің ішінде де, сыртында да лайықты насихатталуы қажет деп санайтынын жеткізген. Жақында ол сауалға жауап қайтарылды.
«Халқымыздың сан ғасырлық ауыз әдебиеті жинағының тұсаукесерін халықаралық деңгейде өткізу қазақстандық және шетелдік ғалымдар мен әдебиеттанушылар үшін ерекше жыл оқиғасы болары сөзсіз», деген Серік Нығметұлы шараның маңыздылығын ескере отырып, «Бабалар сөзі» жинағының тұсаукесерін Майндағы Франкфурт қаласында 2014 жылдың қазан айында өтетін жыл сайынғы халықаралық кітап жәрмеңкесінде өткізуді тиісті мемлекеттік органдарға тапсырғанын айтады, сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі «Мәдени мұра» бағдарламасы бағытында әлемдік деңгейдегі басылымдарда ғылыми мақалаларды жариялау жұмыстарын жүргізуде және осы 100 томдық жинақ жөнінде де материалдарды жарыққа шығаруды жоспарлауда деп хабарлайды. Қысқасы, Үкімет басшысының «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде 16 қаңтарда жарияланған депутаттық сауалға жауабы мәдениетке нақты қамқорлықтың келісті көрінісі деуге, «Бәрекелді!» деп қуана құптауға лайықты.
«Егемен-ақпарат».