• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қараша, 2021

«Зымыран-2021» жаттығу ойындары өткізілді

455 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданының аумағында Төтенше жағ­дайлар министрлігі облыстық департаментінің ұйымдастыруымен рес­пуб­ликалық «Зымыран-2021» командалық-штабтық ойындары өткізілді.

Оның қандай мәнісі бар деген сауалымызға аталған департаменттің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, подполковник Марат Мұратов бұл министрліктің бұйрығы бо­йынша болып жатқан ойындар екенін жеткізді. «Министрлік аза­маттық қорғаныстың күштері мен құралдарының «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған зымы­ран­дар­дың құлау мүмкіндігінен болатын апатты жағдайға қарсы іс-әрекеттерге дайын болу керектігі жөнінде берілген бұй­рығына сәйкес осы ойындар Есіл ауданында ұйымдастырылып отыр», деді ол.

Аталған жаттығу ойындары 28-29 қазан аралығында өткізілді. Оған 84 адамдық жеке құрам мен 43 дана техника қатыстырылып, «Протон-М» зымыраны құлап, улы заттардың жақын маңдағы Покровка ауы­лына таралуы мүмкін болған жағ­­дайдағы әрекеттер айқындалып, қар­­сы шаралардың қандай болуы ке­рек­ті­гі пысықталды.

Осы ауылда облыстық маңызы бар ауыл шаруашылығы колледжі бар еді. Жаттығу кезіндегі эвакуациялық пункт соның аумағында орналас­ты­рылды. Химиялық уланғыш зат­тармен жарақаттануы мүмкін адам­дар осында жиналатын болды. Эва­куация­лан­ған­дарды қабылдайтын комиссия да осында орналастырылды және улан­ған адамдарға алғашқы көмек те осында жасалатын болып белгіленді.

Жаттығу ойындарының бас­ты мақ­саты – төтенше жағдайды құрық­та­у жұмыстарының толықтығы мен са­пасын анықтау, сонымен қатар эва­куа­циялық комиссияның халықты дер кезінде құлақтандырып, құтқару жұмыстарын жедел ұйымдастыра алу мүмкіндігін сараптау және жары­лыс­тың зардаптарын жою.

Бетін аулақ қылсын, зымыранның құлау мүмкіндігі енді Солтүстік Қа­зақ­­станның да аумағын қамтуы мүм­кін екені анықталған. Осыған дейін де алты ауданның аумағында осы тәріздес оқу-жаттығу шаралары өткізілген. Оған 112 құрылым мен 785 адамдық 250 техникалық күш қатыстырылған. Сөйтіп, айдың-күн­нің аманында басымызға зымыран құлауы мүмкін екендігін біліп, облыс халқы алаңдаушылық біл­діріп отыр. Қазір бізге ешқандай пай­дасы жоқ зымыранның ұшу траек­то­­риясы Солтүстік Қазақстан арқылы өтет­ін болыпты. Зымыран құлайтын болса, оның зардаптары бейбіт тұр­ғын­дарға аз болмасы белгілі.

 

Солтүстік Қазақстан облысы