Күз келіп, жердің тоңы қалыңдай бастағаннан-ақ барлық өнім жиналып бітуі тиіс. Жаз бойы еткен еңбегі мен төккен терінің өтемін шаруалар түскен өнімнің пайдасынан күтетіні анық. Ал енді сол жиналған өнімге сұраныс болса жақсы. Болмаса тіпті қиын. Қараша айының қара суығы жергілікті шаруаларға да оңай тиіп отырған жоқ.
Мәселен, Жамбыл ауданының бағбандары қазіргі кезде алмаларын жинап үлгере алмай жатыр. Аз ғана уақыттың ішінде бәрін жинап-теріп үлгермесе, жүздеген тонна өнімнің үсікке ұрынып қалу қаупі бар. Қыстың қыр астында тұрғанын ескерсек, мәселе тіпті күрделене түседі. Оның үстіне, өнім жақсы жиналғанмен, сол өнімге деген сұраныс аз болып отыр.
Жалпы, Жамбыл ауданы – облыстағы алма өсірумен айналысатын бірден-бір аудан. Алма өндірісін жолға қойған ауданда жыл сайын жүздеген тонна өнім жиналады. Мұндағы бірқатар ауылдар бағбандықпен айналысып, сол арқылы тірлігін тіктеуде. Мемлекет қолдауының нәтижесінде тиісті қаржыларын да алып, нәсібін кәсібінен табуда. Аудан орталығы Аса ауылдық округіне қарасты Altyn Alma ауылдық кооперативі биыл 50 гектар жерге алма еккен. Кооператив басшысы Ұлбала Құлыбекованың айтуынша, ол бұл шаруамен үш жылдан бері айналысып келеді. «Алма бақты тамшылатып суару әдісімен суарамыз. Қондырғы насос үлкен үш бассейндегі суды 27 мың түп алма ағашына жеткізеді. Қазір жиын-теріннің нағыз қызған шағы. Мұнда күндік ақыға 55 жұмысшы жұмылдырып отырмыз. Әр азаматқа 5 мың теңгеден төлейміз. Арнайы жүк артатын 2 техника алқапта жүр. Биыл 300 тонна алма жинаймыз деген жоспар бар. Саудаға Польша мемлекетінен әкелінген алманың чемпион, голден, бребер, гала сұрыптарын шығарамыз. Бірақ өнімді өткеру оңайға соқпайды. Алманың әр килосы 150 теңгеден кем емес», дейді ол. Бүгінгі таңда жиын-терін науқанына жергілікті тұрғындар да кірісіп кеткен. Алайда шаруалар көл-көсір өнімді өткізетін жер таппай отыр. Шығын көп, сұраныс аз болып тұр. Тұтынушылар арзан бағамен сұрайды. Кәсіпкерлер қолда бар өнімді қойма жалдап сақтауға мәжбүр болуда. Ал қаланың қара базарларында қырғыз алмасының дәурені жүріп тұр. Жергілікті тұрғындар да өзімізден гөрі, өзгенің өнімін пайдалануға құлықты. Қазіргі кезде Altyn Alma кооперативі өнімдерінің алғашқы легін Нұр-Сұлтан қаласына жіберіпті. Ал мұнда сұраныс төмен.
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Аманалы Құрбановтың айтуынша, ауданда Аса, Ақбұлым, Ақбастау ауылдарының шаруалары алма бақ салып, мол өнім алып отыр. Дегенмен аудан бойынша алма өсіріп отырған осы үш ауылдың ғана шаруалары емес екені белгілі. Мәселен, Құмтиын ауылындағы алма бақтың жұмысын 2017 жылы 10 отбасы бірігіп бастапты. Олар мемлекеттің «Қарқынды алмабақ» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алып, 50 гектар жерге голландиялық алма көшеттерін отырғызған. Төрт жылдан кейін мәуелі бақ жеміс беріп отыр. Бұл бақта 1200 түп алма ағашы бар. Биыл шаруалар әр түптен 10 килодан астам жеміс жинауда. Бірақ мұны да жұмысшылар уақытында жинап үлгере алмай келеді. Әлі 150 тоннаға тарта жиналмаған алма бар. Мұнда да күніне 30-40 адам жұмыс істейді. Соның өзінде жұмыс күші жеткіліксіз болып отыр. «Біз көктем мезгілінен бастап жұмыс істейміз. Жұмысты шөп шабудан бастаймыз. Сөйтіп осы жерде алма жинап біткенше боламыз. Жұмысы жоқ адамдар келіп, осы жерден күнделікті ақшасын алып жұмыс істеп жатыр. Ауылдан 20 адам жұмыс істейді. Күніне екі-үш тонна алма жинаймыз. Ақысына күнделікті 4 мың теңге аламыз. Сонымен қатар 5-6 кило алмамызды ала кетеміз», дейді Өрнек ауылының тұрғыны Күлзәбира Байбекова.
Бірақ алма бақтардың ендігі тағдыры кәсіпкерлерді алаңдатуда. «Біз биыл 300 тонна алма жинасақ, ол өзін өзі ақтады дегенді білдірмейді. Ал 1 мың тонна өнімге жететін болсақ, алған лизингтің де ақшасын төлеуге шамамыз келеді. Лизингті біз жылдығына 6 пайызбен алып отырмыз», дейді Ұлбала Құлыбекова. Аталған Altyn Alma кооперативінің жылдық шығыны 40 миллион теңгені құрайды екен. Ал алманың әр килосы күздік көтерме бағамен 100-150 теңгеден сатылады. Егер өнім көлемі 1000 тоннадан аспаса, шаруалар шығынның астында қалғалы тұр. Сонымен қатар интенсивті бақтарға жаңа технологиялар жетіспейді. Сондықтан да шаруалар дайын өнімді өңдей алмай отырғанын айтады. Қазір кәсіп иелері алмаларды сақтайтын қойма мен оны өңдейтін цехқа зәру. Шаруалар енді осы мәселеге байланысты мемлекеттен қолдау болса дейді. Ал жергілікті билік өкілдері бұл мәселеге орай өз жауабын беріп отыр. «2019 жылы барлық шаруалар мемлекеттік қолдау аясында субсидиялар алды. Талға, тамшылатып суару әдісіне және алма бақтардың үстіңгі жапқышына 70 миллионның көлемінде ақша берілді. Басында құрылған кезде ұсыныс ретінде алма шырыны цехын ашу жоспарланған. Құрылтайшыларына біз хабарлама ретінде айттық. Жалпы, Жамбыл ауданында 616 гектар алма бағы бар. Оның 237 гектары – интенсивті алма бақ. Мамандар осы қарқынды алма бақтардың соңғы кездері жемісті мол беріп, тиімділігін көрсетіп отырғандығын айтады», дейді Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самат Жарасбаев.
Жамбылдық бағбандардың бұл мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Шығын көп, сұраныс жоқ болған жерде кәсіптің де өрге баспасы анық.
Жамбыл облысы