• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2014

Ғарыш саласында сан-салалы жұмыс

426 рет
көрсетілді

Ғарыш саласында елімізде атқарылып жатқан игі жұмыстар молынан. Бұл жа­йында Ұлттық ғарыш агенттігінің төр­аға­сы Талғат Мұсабаев жуырда өткен ведомствоның кеңейтілген алқа отырысын­да да жан-жақты айтты. Қазғарыштың бірінші стратегиялық бағыты аясында «KazSat» байланыс және хабар тарату ғарыштық жүйесін құру, Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесін құру және ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру секілді жобалар жүзеге асуда десек, олардың қатарында дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесін құру, «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру және «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы «Днепр» ЗТ-ны коммерциялық пайдалануға Қазақстанның қатысуы, «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы объектілердің сақталуын және тиімді пайдалануын қамтамасыз ету де бар. «KazSat» байланыс және хабар тарату ғарыштық жүйесін құру аясында үш жоба жүзеге асуда екен. Қазіргі таңда, «KazSat-2» қалыпты жұмыс істеп тұрса, оның жүктемесі 63 пайыздан асқан. Спутниктің ресурсын Қазақстанның 11 байланыс операторы пайдаланып, 2 млрд. теңгеден астам көлемде қызмет көрсетілген. 2013 жылы «KazSat-3» спутнигінің жалпы құрастыру мен сынау жұмыстары аяқталса, «KazSat-3» ғарыш аппаратын «Байқоңыр» ғарыш айлағынан биылғы жылдың 30 сәуіріне дейін ұшыру жоспарлануда. «KazSat» спутниктерін басқару бойынша резервті жерүсті кешенін құру жұмыстары аяқталып, ол 2013 жылғы мау­сымда іске қосылған. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесі жобасы бойынша 2013 жылы ажырату қабілеті жоғары және орташа ғарыш аппараттарының құрастыру мен сынау кезеңдері аяқталды. Жерүсті кешеннің объектілері әзірленді. Франция мен Ұлыбританияда ғарыш жүйесі операторларының отандық тобы дайындалды. Қазіргі таңда 2014 жылдың 2 тоқсанына жоспарланған ғарыш аппараттарын ұшыру жұмыстары жүргізілуде. Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені (ҚСК) жобасын жүзеге асыру бағытында сынау учаскелерінің технологиялық жабдықтарын толық жобалау және құрастыру кезеңдері аяқталып, олардың бөлшектерін жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Стратегиялық әріптес – EADS Astrium француз компаниясымен ҚСК-ның функцияларын кеңейту туралы келісім жасалған. Өз кезегінде, бұл ғарыш аппараттарын құрастырудағы қазақстандық үлесті 10 пайыздан 50 пайызға дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ҚСК мен арнайы конструкторлық-технологиялық бюро ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Аталған нысандардың іске қосылуы 2015 жылға жоспарланған. Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі жобасы аясында 2013 жылы теңіз локалды дифференциалды стансасы құрастырылып, тұрақты пайдалануға берілген. Дифференциалды түзету және мониторинг орталығы іске қосылып, ол тәжірибелік пайдаланудан өткізілді. Тағы бір аса маңызды жоба – «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенін құрастыру. Қазақстан және Ресей үкіметтерінің деңгейінде «Бәйтерек» кешенін «Зенит» зымырантасығыш негізінде құру жобасын жүзеге асыру бойынша бірлескен іс-шаралар жоспары мақұлданған. Сонымен қатар, 2014-2016 жылдарға арналған «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану бойынша «Жол картасына» қол қойылған. Стратегиялық жоспардың екінші бағыты – «Ғарыш қызметінің ғылыми және ғылыми-технологиялық базасын дамыту» бойынша ғарыштық зерттеулердің ғылыми және тәжірибелік базасын дамыту, ғарыш қызметін экологиялық реттеу жүйесін дамыту, ғарыш қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, ғарыш қызметі саласының кадрлық әлеуетін дамыту сынды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, халықаралық ынтымақтастық Ресей, Украина және Франциямен қатар, Қытай, Жапония, Үндістан, Израиль, Ұлыбритания секілді өзге де ғарыш саласындағы жетекші елдермен дамуда. Қазақстан ғалымдары ғарыштық зерттеулерге әлемдік деңгейде үлес қосатын бірқатар ірі ғылыми нәтижелерге қол жеткізген. Алғаш рет ғарыштық техника мен технологиялардың отандық үлгілері құрастырылған. Дегенмен, зертханалық және тәжірибелік-сынау базасын жаңарту мәселесі шешілгенде, ғарыштық ғылымның нәтижелері бұдан да жақсы болатыны алға тартылады. Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Мемлекет басшысының алға қойған стратегиялық мақсаттарының маңызын атай келе, оған қол жеткізу үшін еңбек өнімділігі мен жұмыс сапасын едәуір арттыру қажеттігін де назардан тыс қалдырмады. «2014 жылы біз үшін өте маңызды, әрі күрделі болмақ. Мәселен, тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет бір жылда 3 ғарыштық аппараты ұшырылатын болады – бір байланыс жасанды серігі және Жерді қашықтықтан зондтаудың екі аппараты. Бұл егемен Қазақстанның ғарыш саласының қалыптасу жолындағы бұрын бізде болмаған үлкен жетістігі», деді ол. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».