Кеше еліміздегі әкімдердің есеп беру кезегі Алматы шаһарына келіп жетті. Оңтүстік астана әкімі Ахметжан Есімов өткен жыл республикамыз үшін толайым табыстарға, жемісті жетістіктерге мол жыл болғанын атқарылған тірліктермен дәйектеп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
2013 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқынының негізгі көрсеткіші болып табылатын салықтық түсімдерден бастап, қала өмірінің барлық салаларында, соның ішінде, кәсіпкерлік пен өндірісте, ғылым мен білімде, спорт пен мәдениетте, көлік пен әлеуметтік салада да айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткіздік, деген қала басшысы бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. Бұл міндетке ел бірлігі мен қоғамдық келісімде, жалпыға ортақ еңбек қоғамына аяқ баса отырып барлығымыз кірісуіміз қажет, деді.
Қала басшысы жылына бір келетін биылғы есептік кездесуде айналып өте алмайтын мәселе – теңге бағамының өзгеруі болатын. Теңге бағамына енгізілген түзету ұлттық бюджетке, біздің кейбір жобаларымызға белгілі бір өзгерістер әкеледі. Бірақ бірден айту керек, қаланың әлеуметтік бағдарламалары толық көлемінде сақталады. Жергілікті деңгейдегі міндет – әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын ұстап тұру. Бағам өзгергеннен кейінгі бірінші күні оған дейін сырттан енгізілген өнімдердің бағасын негізсіз көтеруге деген талпыныстар тіркелді. Олар шұғыл түрде, қала тұрғындары, сіздердің арқаларыңызда анықталып, барлық заңдық әдістермен жолы кесілуде, деді қала басшысы.
Осы арада бұрнағы күні Алматы қаласы әкімдігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен, азық-түлік корпорацияларымен бидайды бекітілген бағамен сату жөнінде меморандумға қол қойғанын айтуға болады.
Қай кезде де мегаполистің басты мәселесі баспана болып келеді.Биыл Алматыда 156 үй пайдалануға беріледі. Осылайша, біз 10 мың адамды баспанамен қамтамасыз етпекпіз. Сонымен қатар, екі жылдан бері қалада ескі баспаналарды қалпына келтіру бағдарламасы жүргізілуде. Аталмыш бағдарлама арқылы 7 ескі үйді қалпына келтірдік. Биыл сол үйлердің қатарына 21 үй қосуды жоспарлап отырмыз, деді Ахметжан Есімов.
Шаһар әкімінің айтуынша, биыл қала бюджеті егемендік алған жылдардан бері ең жоғарғы көрсеткішке жеткен. Осының арқасында қала дамуының негізгі бағыттарын қаржыландыруға мүмкіндік туды. Алматыда былтыр жалпы аймақтық өнім көлемі 7,5 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш Өзбекстанның ІЖӨ көрсеткішімен тең, Тәжікстанның көрсеткішінен 5 есе, Қырғызстанның көрсеткішінен 7 есеге артық. Сол сияқты ЖАӨ соңғы 5 жылда 2 есеге артып, 6,4 триллион теңгені құрады. Жан басына шаққандағы ЖАӨ 27 мың АҚШ долларын құрады. Осы арқылы Орталық және Шығыс Еуропаның орта деңгейлі елдерінің қатарына теңесіп отырмыз, деді әкім.
Қала басшысы өткен жылды қорытындылай келе, өнеркәсіп өнімі көлемінің 5,5 пайызға, сыртқы сауда айналымының 9 пайызға артып, 27 миллиард АҚШ долларын құрағанын жеткізді.
Сонымен қатар, банктердің бизнесті несиелеу көрсеткіші 16,8 пайызға өскен. Жеке және заңды тұлғалардың депозиттері 10 пайызға өсіп, 2 триллион 630 миллиард теңгені құраған.
Есеп беру барысында Алматыда Батыс жылу кешенін жаңғырту жұмыстары жақында аяқталатындығы мәлім болды. Бұл жоба қаланың батыс және орталық бөлігіндегі жылу тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Осы жобаның арқасында қала экологиялық стандартқа сәйкес толығымен газбен жылыту жүйесіне көшеді. Сөйтіп, Алматының басты мәселесіне айналып отырған экологиялық проблеманы шешуге мүмкіндік туады. Алматы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз - Алматы» АҚ компаниясы соңғы екі жылда қаланы газдандыруға 8,2 млрд. теңге көлемінде инвестиция салған. Дегенмен, жұмыстың тиімді жүргізілуіне қала халқының төлем қабілетінің төмендігі кедергі келтіріп отыр.
Үйге газ қосқызу құны 300 мың теңге тұрады. Қосымша арнайы пешін алуға қаржы қажет. Сонымен, халыққа 400-500 мың теңгедей қаражатты төлеу оңай болып отырған жоқ. Сондықтан «ҚазТрансГаз - Алматы» АҚ мен жергілікті құзырлы органдарға бөліп төлеу жүйесін енгізуді, ҰОС ардагерлері мен тұрмысы төмен отбасыларға жеңілдік жасауды тапсырамын, деді әкім.
Жиында қала әкімі биылғы жылды Білім жылы деп атауды ұсынып, «Биыл Алматы қаласындағы білім беру саласын қолдау мақсатында 63,4 млрд. теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл қаланың барлық бюджетінің 20 пайызын құрайды. Білім саласы – еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі», деді.
Әкімнің айтуынша, бұл қаржы орта және жоғары білім беру нысандарының күрделі жөндеуін қаржыландыруға, білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталмақ. Былтыр қалада білім саласын қолдауға 77,2 млрд. теңге бөлінген. 2013 жылы Алматыда 4 балабақша, 3 мектеп, 17 жеке меншік балабақша салынды.
Сондай-ақ, қала басшысы азаматтардың қауіпсіздігі бірінші кезекте екендігін атап, қаладағы құқық қорғау ұйымдарының мәселелеріне де тоқтала кетті. Ол 600 полицейдің 200 мың теңге көлемінде қала әкімінің арнайы грантына ие болатындығын мәлімдеді.
Өткен жылы Алматыда жол қозғалысын бақылау үшін қала ішінде жүздеген камера орнатылған. Сол камералар арқылы тіркелген заң бұзушылықтар есебінен қалалық бюджетке 6 миллиард теңге қаржы түскен. Тәжірибе көрсеткендей, бейнебақылау орнатылған жерлерде жол-көлік ережелерін бұзу оқиғалары 53 пайызға азайған.
Алматы әкімі қала меншігіне қайтарылған Орталық саябақтың ағаштарын жаңарту мәселесін көтерді. Бұл мәселе қалалық мәслихаттың қолдауына ие болып, саябақты жаңғыртуға 107 миллион теңге қарастырылып отыр.
Қалай болғанда да, Алматы қаласы ел экономикасының басты «доноры» болып қала бермек. Былтыр Алматы қаласынан мемлекеттік бюджетке 1 трлн. 368 млрд. теңге көлемінде түсім түсті. Соның ішінде республикалық бюджетке 921,3 млрд. теңге, жергілікті бюджетке 260,7 млрд. теңге, кедендік төлемдерге 181,1 миллиард теңге көлемінде қаражат құйылды, деді қала әкімі.
Дәлірек айтқанда, 2013 жылы Алматы қаласының нақты бюджеті 305,7 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде республикалық трансферттер бюджеті 102,2 млрд. теңге, жергілікті бюджет 203,5 млрд. теңге көлемінде болып отыр.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.