Медицина мекемелерінің әлеуетін әжептәуір арттырып жатқан заманауи жоғары технологиялық жабдықтар қандай да ауыр дертті ерте анықтап, науқастарды дер кезінде емдеуге септігін тигізуде. Осындай игілікке қол жеткізіп отырған Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпсалалы қалалық аурухана жақында тағы бір жаңа диагностикалық аппаратпен толығып, мұнда мультиспиральды компьютерлік томография орнатылды.
Мультиспиральды компьютерлік томография – адам денесінің ішкі мүшелерінің күйі туралы тез ақпарат алуға мүмкіндік беретін заманауи және дәл диагностикалық әдіс. Орнатылған жабдықтың артықшылығы – оны пайдалану кезінде пациенттер мен қызметкерлерге радиациялық жүктеме азаяды. Сәйкесінше зерттеу уақыты қысқарады және аппараттың өткізу қабілеті артады.
«Қазір біздің денсаулық сақтау саласы медициналық көмек көрсету сапасын арттыра отырып, пациентке бағдарланған қағидатқа ден қойып жатыр. Диагностикадан өту, мамандардың ұсыныстары мен қорытындыларын бір жерде алу өте ыңғайлы. Мұндай ыңғайлылық пациент үшін де, дәрігерлер үшін де қарастырылған. Жаңа құрылғы кеуде қуысының ауруларын ерте кезеңде диагностикалауға мүмкіндік береді. Оның үстіне қазіргі пандемия жағдайында азаматтардың денсаулығын ұдайы бақылау және қолдау маңызды», деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.
Осы орайда қазан айының басында №4 қалалық емханада ангиографиямен компьютерлік томографияның жаңа аппараты орнатылғанын да айта кеткен жөн. Кардиопакеті бар заманауи жабдық жүрек-қантамыр жүйесіне толық диагностика жүргізеді. 2020 жылы осындай екі аппарат елордалық медициналық ұйымдарға жеткізілді.
Бұрын халықты диагностикалық қызметтермен қамту үшін флюорографиялық тексеру бойынша 2 цифрлы жылжымалы кешен, 6 рентген-аппарат, 2КТ сатып алынды.