Бұл оқиға тамыз айының орта кезінде болған еді. Айыртау ауданының патрульдік батальонының аға лейтенанттары Азамат Бөкиев пен Нұрсұлтан Оспанов өздеріне тиесілі аумақта бақылау жұмысын жүргізіп келе жатқан. Таңғы бес шамасында олар аудан орталығы Саумалкөл селосына енгенде Лермонтов көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінен будақтап шығып жатқан түтінді көреді.
Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер өрттің тұрғын үйдің жанындағы жабық ауладан шығып жатқанын аңғарады. Ал онда отын, көмір, және басқа да жанғыш заттар болуы мүмкін. Мұндай сарайдың бір бөлігінде үй иелері де болуы кәдік. Тіпті адам болмаса да сумаңдаған жалын тұрғын үйге көшіп, бәрібір үй иелерін қатерге ұшыратуы ықтимал. Еш ойланбастан екі жас полицей отты ауыздықтауға шұғыл кірісіп кетеді.
Алдымен олар өрт сөндірушілерге дабыл қағып, сосын ашыла қоймаған үйдің сыртқы есігін бұзып кіріп, алдымен үш газ балонын сыртқа шығарады. Бұл кезде үйдегі жандар да оянып, далаға шығуға тырысып жатқан. Есіктен енген қалың түтін оларды тұншықтыруға айналады. Есі шығып кеткен 80-дегі кейуана есікті таба алмай, тек «құтқарыңдар» деп айғайлауды білген. Офицерлер қарт әйелдің далаға шығуына көмектесіп, таза ауаға алып шығып, есін жинатады. Сосын оның өтініші бойынша дәрі-дәрмектерін де алып шығады. Одан әрі полицейлер әбден қорыққан кейуананы патрульдік көлікке отырғызып, үйдің барлық бөлмелерін тексеріп, келген көршілерімен бірге жанып жатқан жалынға шелектермен су құя бастайды.
Осы уақытта өрт сөндірушілер де жетіп, өртті жарты сағаттан астам уақытта түпкілікті өшірген.
Осы оқиғадан кейін 2,5 ай өткенде жас полицейлерге Төтенше жағдайлар министрі Ю.Ильиннің қол қойған Алғыс хаты табыс етілді. Айыртау ауданының ТЖ бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Есмағзам Сейітжан тәртіп сақшыларының кәсібилігі мен жеделдігін атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облысы