• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 08 Қараша, 2021

Қолшатыр хикаясы

772 рет
көрсетілді

«Жаңбырлы түн,

екеуімізде бір шатыр,

Бір шатырда қосып тұрдық

сырға сыр.

Махаббаттың сөнбесін

деп жалыны,

Шатыр болып менің жаным

суда тұр».

Бұл белгілі композитор Сей­долла Бәйтерековтің «Жаң­бырлы түн» әнінің қайырмасы. Бәлки, қазір оқып қана қоймай, әуенімен қоса шырқап отырған шығарсыз. Мүмкін өмірдің әлде­бір бекетінде қалып қойған ма­хаб­батыңыз еске түскен де болар. Онысы несі екен, ә?! Қолшатыр жайлы сөз қау­зағанда, көз алдымызға тамшы мен тәтті бір елестер оралады. Бәлкім оның астарында айпара аңыз жатқандығынан болар. Бәлкім жастық шақтың жаңғырығы...

Қазақы танымға салсаңыз, ойшыл ақын Шәкәрім Құдайберді­ұлының «Қолшатыр бұйрығы» дастанын ілікке алып, патша өкі­­метінің оспадарлығын әңгі­ме қы­луға болатын да еді, бі­рақ біз­­дің олай жасағымыз ке­ліп отыр­­ған жоқ. Қолшатыр – махаб­бат­тың қалқаны, төбеден қара­ған­­­­да ғашықтардың тоғысар нүкте­сін­дей эстетикалық дүние ғой. Оған үнді халқының қос аңызы куәлік ете алады. Осы бір сүйкімді заттың түпбастауында сол ертегі жатқандай.

Алғашқысы Джамадагни есім­ді садақшы туралы. Ол даңқты ба­тыр, көз жетпейтін жерден дөп ти­гізетін мерген болған. Бұл қасиетін сүйген жары қатты баға­ласа керек, атқан жебесінің соңы­нан қуалай жөнеледі екен. Бірде әйелі Ренука тағы бір жебені алып келуге аттанып, ұзақ уақыт ке­шігеді. Себебі оған күннің ыс­ты­­ғы өтіп, жүруге шамасы келме­ген. Бұған ашуланған мерген жар­қыраған күнге жебесін жаудырады. Күн батырдан кешірім сұрап, айыбына қолшатыр тарту етеді.

Екінші әпсана тұрмысқа шыға алмай жүрген Зита есімді қыз жайлы. Оның бетінде секпіл бол­ған, оған қоса мұрынының ұшы үнемі қызарып жүреді екен. Қыз бала бұған қатты қысылса керек, үйінен ұзап шықпаған. Құдай Брахма бақытсыз әйелді аяп, оған күннен қорғайтын пальма жапырақтары мен құс қауырсындары бар тұтқаға бе­кітілген шатыр сыйлайды. Со­ның нәтижесінде Зитаның терісі жаңарып, өзінің сүйгенін табады. Екі аңыздың қысқаша маз­мұны осындай. Бақсаңыз, үнді әдебиетінің ескі дастандары қол­шатырды махаббаттың бастау­шысы ретінде суреттейді.

Шүбә жоқ, қолшатырды адамзат күннің ыстық сәулесінен қор­ғану үшін ойлап тапқаны даусыз. Оның шығу тарихына әлі күнге дейін мысырлықтар, қы­тайлар, тіпті ассириялықтар таласады. Өркениеті ерте оянған ұлттардың әрқайсысында қол­ша­тырға қатысты естеліктер бар. Мәселен, қытайдың «Чжоу Ли» кіта­бында (б.з.б. XI немесе VIII ғ.) күйме туралы айтылады. Сондағысы күйме үстінде үлкен шатыр орналастырылған екен. «Арбаның қолшатыры аспан сияқты дөңгелек. Қолшатырдағы доғалар – 28, құдды жұлдыздар сияқты» деп жазылған еңбекте. Шамасы, қытай халқы сол дәуірде бірінші рет бүктелетін қол­ша­тыр ойлап тапқан сыңайлы. Олар­ды император Ван Мэн діни рә­сімдерде де қолданғаны туралы айтылады.

Қолшатыр бірте-бірте аксес­суардан символдық, тіпті мәрте­белі адамдар ұстайтын құнды затқа айналды. Сол заманда адам неғұрлым құрметті болса, со­ғұр­лым түрлі-түсті қолшатыр ұс­тап жүріпті. Бұл түсінікті жайт, се­бебі оны көтеріп жүретін қыз­мет­шілерінің санынан-ақ ба­ғам­дауға болады. Бирма билеу­шісі атақтарының арасына өзі­нің «Үлкен қолшатырдың иесі» екенін қосса, Сиам билеушісі өзін «24 қолшатырдың иесі» деп жа­риялаған. Қолшатырды алтын кес­телермен және асыл тастармен безен­дірген. Ал кедейлер кішірек келген төбесі майланған қағазбен жүрген екен.

Батыс өркениеті Шығыс жаңа­лығын көне мәдениет жауһары есебінде бағалады. Грекия мен Римде қолшатырды негізінен әйелдер пайдаланды. Себебі олар аты аңызға айналған Зитаның күйін кешті. Күннің ыстығына күймей, аққұба болып қалу үшін қолшатырды қолынан тастамады. Антикалық қолшатырдың пішіні жалпақ конусқа ұқсайды, тұтқасы ортасында орналасқан. Ежелгі Рим ақыны Овидий Назон «Күнтізбе» атты поэмасында осы көріністерді баяндайды. Ең қызығы, ер адамдар қолшатырды тек әйел затына ғана тән аксессуар ретінде санаған. Грек ақыны Аристофан өзінің «Құстар» атты комедиялық шығармасында Прометейді мазақ етіп, оның аспан құдайы Зевстен қолшатырдың астына жасырынып қалғанын жазады.

Ұзақ уақыт бойы қоғам қолша­тырды жаңбырмен емес, күн­мен байланыстырды. Мұны оның атаулары да айшықтайды. Латынша қолшатыр umbra – кө­леңке, ella – кішірейткіш жұрнақ, яғни «кіші көлеңке» деген мағына берсе, французша para – қалқан, sol – күн, демек «күн қалқаны» деген мазмұнға саяды. Ал орыс атауы­на келетін болсақ, оның шығу төркіні тіпті қызық. Zonnedek сө­зін Нидерландтан Ресейге I Петр әкеліпті. Көптеген жаңа голланд сөзі сияқты, ол да теңіз терминологиясына қатысты. Кемелердің үстінде қолданылатын шатырды білдіреді. Кейін сөз айтылуына қарай қысқарып, «зонтик» ата­уына ие болыпты.

Рим империясы құлағаннан кейін, қолшатыр хикасы Еуропа­да асқақтады. Ортағасырлық адамдар ежелден күн мен жаң­бырдан қалпақ киіп қорғануды әдетке айналдырған. Еуропалық қол­ша­тырдың тарихы үзілгені­мен Италияда жұрнағы қалды. Одан кейін аксессуарды Рим өрке­ниетінің мұрагері католик шіркеуі қайта жандандырды. Католиктер қолшатыр туралы XIV ғасырда Қытай мен Үндістанға саяхат жа­саған миссионер Джованни Мари­ньол­ли­дің арқасында білген екен. Оған дәлел ретінде, 1414 жылы неміс данышпаны Ульрих фон Рихенталь өзінің жазбаларында таңғажайып көріністі сипаттайды. Атап айтқанда, Рим папасы XVIII Иоанның Констансқа сапары турасында. Ульрихті патшаның өзі емес, басына үлкен қызыл-сары қалпақты ұстап тұрған артындағы рыцарь қатты таңқалдырған.

Александр VI Борджиядан (1431-1503) бастап, қолшатыр әулие Петрдің билігінің символына айналды. Мәселен, Рим папасы мен император Фреде­рик Барбаросса арасындағы келіссөзде делдал ретінде қатысқан иттерге дейін қолшатыр астында тұр­ған. Кейін Наполеон бұл дәстүрді жойды.

Қолшатырдың хикаясы мұ­нымен бітпейді. Ол Еуропаға ен­геннен кейін түрленіп, күн­нен ғана емес, жаңбырдан да қор­ғана­тын құрал есебінде құны артты. Француз елінде ға­шықтардың бір-біріне деген ің­кәрлігін бір шатырдың астында білдіру дәстүрі қалып­тас­ты. Романтикалық кеш­тер қол­­шатырсыз мәнсіз де сән­сіз саналған. Бұл мөп-мөл­дір ма­хаб­баттың бір бөлшегі іс­петті кө­ңілге қуаныш ұялата ал­ды. Екі жастың сезімін ашық біл­ді­руін­е жол жасады. Содан да болар, «Жаңбырлы түн» әнін тың­да­ғанда, қос ғашықтың сырына қанық­қандай болатынымыз.