Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыштық өнеркәсібі министрлігі Astana Hub-пен бірлесіп Qaz Startup Battle қазақ тілін және қазақ тіліндегі контентті дамытуға бағытталған IT-стартаптар арасындағы байқау өткізді. Аталған байқау елордада QAZFORUM қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың V форумының шеңберінде ұйымдастырылды. Жеңімпаздар 3 500 000 теңгеге ие болды.
Qaz Startup Battle байқауына 13 жас IT-компания қатысып, Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бастаған қазылар алқасына өз IT-шешімдерін ұсынды.
Ұсынылған қызметтердің арасында қазақ тілін үйрететін онлайн-курстар, бизнеске арналған тілдік технологиялар қызметі, қазақ тіліндегі аудиокітаптар сынды жобалар болды. Байқау қатысушылары өз IT-өнімін дамытуға жұмсалатын 2 000 000 теңге (1-орын), 1 000 000 теңге (2-орын) және 500 000 теңге (3-орын) көлеміндегі ақшалай чектер үшін бәсекеге түсті.
«Бізге қазақ тілі технологиялардың тілі емес деген стереотипті бұзу керек. Өткен аптада Digital Bridge форумының шеңберінде біз қазақстандық стартаптар арасында Astana Hub Battle өткіздік, ал бүгін қазақ тілін және қазақ тіліндегі контентті дамытуға бағытталған IT-стартаптарды марапаттадық. Осындай бастамаларды қолдаудың маңызы өте зор», деді Б.Мусин.
Технологиялық стартаптар байқауының жеңімпаздары:
1-орынға Qlang деп аталатын қазақ және басқа тілдерді меңгеруге арналған маркетплейс әрі онлайн-платформа ие болды.
2-орынды ҰБТ балдарын сараптап, түлекке өз оқуын жалғастыруға ЖОО ұсынатын Joo.kz сервисі иеленді.
3-орынды Қазақстанның барлық облысындағы жүкті әйелдерге арналған қазақ тіліндегі мобильді қосымша – On Moms жеңіп алды.
«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының 500 000 теңге ақшалай чек түріндегі 2 арнайы сыйлығына TED Project мансапты жоспарлау веб-платформасы мен Speech Lab бизнеске арналған тілдік технологиялар сервисі ие болды. «Біздің технопарк үшінші жыл қатарынан Astana Hub Battle технологиялық стартаптар арасында жүргізілетін байқауды ұйымдастырып келеді. Бұл іс-шара көпшілік қауымға өз IT-өнімдерін ұсынуға ниет білдірген жас дарындардың басын біріктіреді. Осы жылы бұл байқау Qaz Startup Battle түрінде өзінің жұмысын жалғастырды. Бүгін Astana Hub экожүйесінде қазақша контентті дамытуға бағытталған ықыласқа лайықты технологиялық шешімдердің бірқатары бар екеніне көз жеткіздік», деп атап өтті Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.