Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда 82 мың шақырымнан астам талшықты-оптикалық желі мен мобильді байланысты қамтамасыз ететін 13 мыңнан аса базалық станса салынды. Бұл туралы таяуда өткен Digital Bridge форумында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев айтты.
Ұлттық байланыс операторының басшысы еліміздегі телекоммуникация және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытудың ағымдағы жай-күйі, сондай-ақ 5G-ді енгізуге байланысты жоспарлар мен еліміздің аумағында кең ауқымды Hyperscale деректер орталығы және супер магистральді құруға қатысты жобалар туралы баяндады. «Қазақтелеком» басшысының айтуынша, егемендік жылдары құрылған телекоммуникациялық инфрақұрылым экономикада, бизнесте, тұтастай мемлекеттің өмірінде цифрландырудың көптеген жобасын жүзеге асыруға сенімді тетікке айналды.
Айталық, 30 жыл ішінде Қазақстанда 82 мың шақырымнан астам талшықты-оптикалық желі және мобильді байланысты қамтитын 13 мыңнан астам базалық станса салынды. Бұл еліміздің бүкіл аумағын белгіленген байланыспен қамтамасыз етуге септігін тигізіп отыр. Осы ретте халықтың 81%-ы LTE талаптарына сай мобильді желілерін пайдаланатынын айта кеткен орынды. Бұл өз кезегінде мәліметтерді жоғары жылдамдықпен сымсыз таратуға мүмкіндік береді. Мәселен, соңғы екі жылда аталған байланыс операторы 828 ауылдық жерге 14,5 мың шақырымдай оптикалық-талшықты сым тартып, 2,5 мыңнан астам мемлекеттік және бюджеттік ұйымды кең жолақты интернетпен қамтыды.
«Оптикаға» жаңа қосылымдар негізінде Қазақстанның үш ірі ұялы байланыс операторы, оның ішінде «Қазақтелеком» компаниялар тобына кіретін екі құрылым бірлесіп, «250+» жобасы аясында базалық стансалар желісін салды. Бұл 250 адамнан астам тұрғыны бар Қазақстандағы түгелдей дерлік ауылды қамтыды. Нәтижесінде, кең жолақты цифрлы байланыспен қамтылған аумақтарда тұратын халықтың саны 84%-дан 99,3%-ға дейін өсті. Еліміздің картасында 4G стандартымен қамтылмаған жерлер жоқ десек те болады. Сондай-ақ елді мекендерге тартылған талшықты-оптикалық байланыс желісі мен «250+» жобасы аясында шешімін тауып жатқан басты мәселе – қала мен ауыл арасындағы цифрлы теңсіздікті жою, сол секілді өңірде телекоммуникация қызметтерінің барлық спектрін ұсыну екенін атап өту керек», деді Қ.Есекеев.
Ұлттық компанияның экономиканың цифрлы трансформациясын қамтамасыз етуге бағытталған тағы бір ірі жобасы – дата орталықтарын салу. Қазір «Қазақтелекомның» активінде мемлекет пен бизнеске бұлтты технологияларды ұсынатын, олардың негізінде Big Data-ны енгізуге, сондай-ақ көптеген өмірлік маңызды процесті цифрлы жүйеге көшіруге және олардың ақпараттық жүйелерінің тиімділігі мен икемділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 25 деректер орталығы бар.
Цифрлы теңсіздікті жою миссиясына қатысты байланыс операторы биыл жеке секторларды және Алматы, Шымкент пен елорданың маңындағы елді мекендерді бекітілген сымсыз Fixed Wireless Access (FWA) желілерімен қамтуды қолға алды. Бүгінде «Қазақтелеком» Шымкент пен Қосшыда жеке секторды қоса қамтитын FWA желісін салып, іске қосып та үлгерді. Қазір Алматының маңында, сол секілді Ақмола өңірінің Қоянды, Қараөткел, Қаражар және Талапкер елді мекендерінде және бас шаһардың Оңтүстік-шығыс ауданында, Үркер және Көкталда тіркелген сымсыз желілердің құрылысын жүргізуде.
«Бұл аудандар мен ауылдардың экономикалық дамуына оң әсер тигізіп, мобильді қаржылық қызметтер мен электронды коммерцияны дамытудың, сондай-ақ IoT технологияларын ауыл шаруашылығында және басқа да салаларда қолдануға қозғаушы күшке айналады. Біз мүмкіндігінше қазақстандықтарды барынша озық және сапалы қызметтермен қамтамасыз ету үшін үнемі жұмыс істеп жатқанымызды атап өткім келеді. Өйткені ақпараттық технологиялар дәуірінде әр азамат пен кәсіпкерлік субъектісі үшін жоғары жылдамдықты интернет пен жоғары сапалы байланыстың болуы өмірлік маңызды мәселеге айналып отыр», деді Басқарма төрағасы.
Сонымен қатар компания 5G желісінің алғашқы нүктелерін енгізуді жолға қойды. Атап айтқанда, таяуда Түркістанда 5G базалық стансасын іске қосып, Бекзат Саттарханов даңғылында 5G желісінің алғашқы нүктесін құруға мүмкіндік берді. Демек 5G құрылғыларының иелері мен Altel және Tele2 абоненттері енді 5G желісін сынақтан өткізулеріне болады. Сондай-ақ 5G желісінің осындай нүктесін Астана хабының аумағында іске қосты.
Бесінші буын байланыс стандарты бизнестің түбегейлі жаңа мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Нақты айтсақ, бизнестің жеке элементтерін цифрландырудан бастап IoT (Internet of Things, Internet of Things) негізінде «ақылды қалалардың» интегралды архитектурасын салуға дейін, цифрлы индустрия және «ақылды өндірістер» құруға жол ашады. Ал олардың қызметі елімізде жаңа стандартты кеңінен қолданысқа енгізген күннен бастап толығымен автоматтандырылады.
Еске сала кетейік, Digital Bridge форумы 2018 жылдан бері өткізіліп келеді және осы жылдар ішінде оған әлемнің 130-ға жуық сарапшысы қатысып, осы арқылы отандық IT стартапшылар 1 млрд теңгеге жуық инвестиция тартуға мүмкіндік алды. Дәстүрлі түрде ІТ, телекоммуникациялар, Big Data, бұлтты технологиялар және жасанды интеллект саласындағы жетекші әлемдік және отандық сарапшылардың басын қосқан бұл жолғы форумның басты тақырыбы еліміздің цифрлы инфрақұрылымын дамытуға арналды.