Петропавлдағы Nur Otan партиясы филиалының жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үшін құрылған «Қызылжар – Адалдық алаңы» қоғамдық бақылау ұйымының белсенділері облыс аумағында жөнделген автожолдың сапасын тексерді. Олардың қасына жол активтерінің Ұлттық сапа орталығының, облыстық автомобиль жолдары мен жолаушы тасымалдау басқармасының мамандары да болды.
Мониторинг жасаушылар Жамбыл ауданындағы «Преснов-Жекекөл-Қайранкөл» бағытындағы 17 шақырымдық жолдың сапасын тексерді. Бұл жолдың таңдалуы тегін емес. Kaz Fortis ЖШС жөндеген бұл жол 2019 жылы салынып біткен. Сол жылы «Сапалы жол» жобасының шеңберінде сапасы тексерілгенде көптеген жетіспеушілік бары анықталған. Істің аяғы сотқа жетіп, мердігер компанияға 2021 жылдың қазан айының аяғына дейін жетіспеушіліктерді жою міндеттелген болатын. Бұл жолы сол міндеттердің орындалуы қадағаланды.
Арнаулы аспаппен асфальттың қалыңдығы мен төселген материалдардың сапасын тексеру барысында жаңадан төселген жолдың стандарттарға сәйкес емес екендігі анықталды. Жұқа төселген асфальт әлден жарылып жатыр. Сонымен қатар бұрын қайта төселсін деген жерлер сол қалпында қозғалмаған.
Жолды жөндеуге тапсырыс беруші мониторингтік топтың дерегі бойынша соттың шешімін орындамаған мердігерге жетіспеушіліктерді жою үшін ресми түрде шектеулі уақыт берді. Егер ол орындалмаса жол жөнделмеген әрбір күн үшін 10 АЕК көлемінде өсім салынатыны ескертілді. Бұл соттың шешімінде бұрын қарастырылған болатын. Егер сот шешімі орындалмаса мердігер әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жауапқа тартылатын болады. БАҚ пен қоғамдық орындар өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобы жол жөндеу жұмыстарын қадағалайтын болады.
Жол салу мен жөндеу жұмыстарының сапасына осындай бақылаулар жасалмаса – басқа амал жоқ.
Солтүстік Қазақстан облысы