Облыста 2020 жылдан бастап «Бір қабатты Шығыс» өңірлік жобасы қолға алынып, әр ауданда тұрғын үйлер бой көтере бастаған. Әлеуметтік тиімді жоба аясында бірқатар отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенеліп жатыр. Былтыр облыс көлемінде 520 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 560 мың шаршы метр үй салынып бітуге тиіс.
– Осы жылдың көрсеткіші құрылыстың алдыңғы қарқынынан 118%-ға артық. 2021 жылы құрылысшылар бұл санды ұлғайтып, 560 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Аудандардағы, қалалардағы тұрғын үй мәселесі «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша оң шешімін тауып жатыр. Жоба мемлекеттің инженерлік коммуникациялар жүргізуі есебінен жеке тұрғын үйлер құрылысын ынталандыруға арналған. Бюджет есебінен 29 млрд теңге қаражат бөлу және жеке инвестицияларды, оның ішінде халықтың шоттарындағы 455 млрд теңге, ЖТҚ-дағы 150 млрд теңге депозиттік жинақтарды пайдалануға мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекеттік инвестициялардың 1 теңгесіне 5 теңгеге жуық жеке капитал салынбақ, – дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Тарқатып айтсақ, 2020 жылы облыста жеке инвесторлар есебінен ауданы 36,6 мың шаршы метрді құрайтын бір қабатты 206 үй, 382 пәтер пайдалануға берілді. Айта кетерлігі, пәтер кілттері көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, бюджет қызметкерлеріне табысталды. Аудан басшылықтары да «Бір қабатты Шығыс» жобасымен салынып жатқан әр үйдің сапасына жіті көңіл бөліп отыр.
Айта кетерлігі, бұл өңірлік жоба бұрынғы аудан орталықтарында да жүзеге асып жатыр. Былтыр бұрынғы аудан орталықтарында 32 үй, 58 пәтер пайдалануға берілген. 2020 жылы жалпы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 2 мыңнан астам тұрғын жаңа үймен қамтамасыз етілді. Биыл жеке инвесторлар есебінен 1 215 пәтерлі, 712 бір қабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 225 пәтері «Отбасы банкі» АҚ арқылы кезекте тұрған азаматтарға сатуға арналған.
Аталған жобаны іске асыру үшін облыста 21 тұрғын алабының жоспары бар. Оның 13 тұрғын алабында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік желілермен және олардың құрылысына қажет қаражатпен қамтамасыз етілуіне байланысты, тұрғын алаптары 3 кезеңге бөлінген. Оған 29 млрд теңге бюджет қаражатын бағыттау жоспарланған.
– «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен баспанаға қол жеткіздік. Кілті елорда күніне орай табысталды. Үйдің сапасы жақсы, жайлы. Басты мәселе – баспана болғандықтан, үйлі болып жатқан отбасылардың бәрі риза деп ойлаймын. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бағдарламалар көп болса екен, – дейді Жарма ауданы, Қалбатау ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Лаура Раисова.
Жарма ауданында 2019 жылы жалпы сомасы 99 млн теңгеге екі пәтерлі 5 тұрғын үй, яғни 10 пәтер сатып алынды. Аталған пәтерлер Жарма ауданының коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға берілетін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға, атап айтқанда көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға кезекпен берілді. Ал 2020 жылы Жарма ауданында «Бір қабатты Шығыс» өңірлік жобасы аясында аз қамтылған көпбалалы отбасыларға коммуналдық тұрғын үй қорынан 24 екі пәтерлі тұрғын үй сатып алуға облыстық бюджеттен 540,4 млн теңге бөлінді. Оның ішінде Қалбатау ауылында екі пәтерлі 19 тұрғын үй (38 пәтер) халық игілігіне тапсырылса, Шар елді мекенінде екі пәтерлі 5 тұрғын үй (10 пәтер) сатып алынды.
2021 жылы Жарма ауданы бойынша «Бір қабатты Шығыс» өңірлік жобасымен жеке инвесторлар есебінен көпбалалы аз қамтылған отбасылар мен халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары үшін жалпы ауданы 2 510 шаршы метр болатын екі пәтерлі 15 тұрғын үйдің (30 пәтер) құрылысы жүргізілді. Қалбатау ауылында – 9 үй (18 пәтер), Шар қаласында – 6 үй (12 пәтер) бой көтерген. Бұл тұрғын үйлердің жалпы құны 357 млн теңгені құраған.
2022 жылы Жарма ауданы бойынша жеке инвесторлар есебінен екі пәтерлі 13 тұрғын үй (26 пәтер) салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 20 пәтер – 85 шаршы метр, 6 пәтер – 65 шаршы метрге жобаланған. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған үйлердің құрылысы бойынша тиісті келісімшарттар жасалып, 13 екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталып кеткен. Алдын ала жоспарланғандай, екі пәтерлі 3 тұрғын үй халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын толық емес отбасыларға, мүгедек баланы және жетім балаларды тәрбиелеп отырған 1-2 топтағы мүгедектерге беріледі. Ал екі пәтерлі 10 тұрғын үй көпбалалы отбасыларға және кезекте тұрған азаматтардың басқа да санаттарына арналып салынып жатыр. Сонымен қатар Шар кентінде екі пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
2021 жылы Үржар ауданында жергілікті жеке инвесторлар есебінен «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында екі пәтерлі 43 бірыңғай үлгідегі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Бой көтерген 22 үй Үржар ауылында, 15 үй Мақаншыда, 6 үй Таскескен ауылында салынды. Құрылысқа жер телімдерін жергілікті атқарушы орган бөлген. Халықты баспанамен қамту мақсатында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыс келесі жылы да жалғасын табады. Халықтың әлеуметтік осал топтары мен мемлекеттік қызметкерлер үшін жеке инвесторлар есебінен қаржыландыру мәселесі шешілсе, 10 үй Үржар ауылында, 3 үй Мақаншы, 2 үй Таскескен ауылында салынады.
Жоғарыда айтып өткендей, аталған бағдарлама облыстың барлық ауданында жүзеге асып жатыр. Бұл, біріншіден, баспанаға кезекте тұрған отбасыларға беріледі. Мәселен, Күршім ауданында мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға көпбалалы – 65, әлеуметтік осал топ санатынан 129 азамат кезекте тұр. Күршімде 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде екі пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Күршім ауданында 1990 жылдардан кейін тұрғын үй құрылысы жүргізілмеген екен. Былтыр алғаш рет «СK-KazAlem» ЖШС тұрғын үй құрылысын бастады. Сондай-ақ биыл Күршім ауылында жеке құрылыс салушылардың қаражаты есебінен екі пәтерлі 9 тұрғын үйдің іргесі қаланды. Күршім ауданындағы 2020-2025 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы көрсеткіштеріне тоқталар болсақ, 2021 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 5 960 шаршы метрді құрады. Оның ішінде жеке кәсіпкерлер есебінен тұрғын үйлерді беру жоспары – 2 160 шаршы метр. Шекара шебіндегі Марқакөл ауылында 2 пәтерлі 5 үй (10 пәтер), Күршім ауылында 2 пәтерлі 3 үй (6 пәтер), Ақсуат ауылында 2 пәтерлі 2 үйдің (4 пәтер) құрылысы жүріп жатыр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жуықта Ақсуат ауылында салынған үйлердің кілті көпбалалы төрт отбасына берілді.
Сондай-ақ «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасымен Бесқарағай ауданында көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік осал топтағы тұрғындар мен медицина қызметкерлеріне, баспаналары апаттық жағдайда тұрған азаматтарға жаңа 24 үй берілді. Бақыттың кілтіндей болған баспананың кілті үлестірілгенде, тұрғындардың қуанышында шек болмады. Бесқарағай ауданында былтыр да жаңа 36 үйдің кілті көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына және жетім балаларға берілген болатын.
Жасыл желекке оранған Бесқарағай, көрікті көл жағасындағы Зайсан, өр Алтайдың қос етегін кемерлей қоныстанған Катонқарағай мен Күршім, киелі Тарбағатай сынды аудандарда қаз-қатар бой көтерген сәулетті үйлер алыстан көз тартады. Көрікті елді мекендердің көркін одан сайын аша түсті. Ең бастысы, халық баспанаға қол жеткізіп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысы