2019 жылдың 26 желтоқсанында Тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы туралы заңнамаға өзгеріс енгізіліп, бұрын бірнеше көпқабатты үйді біріктіретін пәтер иелері кооперативтері (ПИК) таратылып, әр үйге мүлік иелері бірлестігі (МИБ) құрылатыны белгілі болды.
ПИК басшылары тұрғындардан жиналатын ақшаны қалауынша жұмсап, ешқандай нақты есебі болмаған соң тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын бақылау да тиімсіз еді. Ал жаңа құрылымда нақтылық болған соң тұрғындар ақшасының қайда жұмсалып жатқанына есеп беру мен бақылау артуға тиісті болатын.
ПИК-тер 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін өзгертіліп, орнына МИБ-тер немесе қарапайым серіктестіктер (ҚС) құрылуға тиісті болатын. Қарапайым серіктестіктер дегеніміз – азаматтық келісім негізінде жалпыүйге тиесілі мүліктерді бірлесе басқару мен үйді ұстау.
Бүгінгі таңда Петропавл қаласында 1 070 көпқабатты тұрғын үй бар. Бүгінгі таңда соның 50-де ғана МИБ тіркелген. 475-де ҚС құрылған. Қалған 545 үй ескі әдіспен басқарылуда. Осының өзі қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің тиімді жұмыс істей алмай отырғанын көрсетіп тұр. МИБ-тердің әлі күнге өріс алмағаны халық үшін тиімді басқару әдісінің тұрғындардың ұғымына жетпей жатқанында екені даусыз.
Қылышын сүйреткен қысқа қала көшелері мен жолдарының дайындықтары да жоғары деңгейде болмай тұр. 2021 жылдың 5 қаңтарында бекітілген келісімшартқа сәйкес қаланы 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін 12 кәсіпорын қардан тазалап, автожолдардың дұрыс, таза болуын қадағалауға тиісті еді. Осы 12 кәсіпорынның қарамағында автогрейдер, тракторлар, бульдозерлер, құм төсегіштер сияқты 135 бірлік техника бар деп жарияланған. Алайда былтырғы қыста қар шығару, жолдарды аршу өте нашар болып, халықтың ашу-ызасын туғызды. Қалың қар талай жолды басып қалып, көлік қозғалысына кедергі келтірді. Енді сол кәсіпорындар биылғы қыстың ортасына дейін де қаланы қардан тазаламақ. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей халық бұлардың жұмысына қанағаттанбай отыр. Былтырғыдай қаланың орталық көшелері ғана тазаланып, басқа аудандардың тұрғындары азап шекпесе болды.
Қардан және аяқ астындағы көкмұздақтан тазартылатын облыс орталығының аумақтары 10 маршрутқа бөлінген. Қаланың барлық 323 көшесі мен 366 шақырымдай болатын тас және құмтопырақ жолдары бақылауға алынбақ. Онда тазалық жүргізетін техникалар күніне 9 сағаттан жұмыс істейді деп белгіленген. Бұдан басқа 20 бірлік тазалағыш техникалары бар «Коммунхоз-Петропавловск» ЖШС тротуарлар мен аялдама павильондарын тазалап, көктайғақ болмас үшін құм араласқан тұз сеуіп отырады. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі тұрғындар жүретін барлық жол халыққа кедергі болмауы үшін тек түнгі мезгілдерде тазартылатынын және қар шығаратын техникалар да түнде жұмыс істейтінін айтады. Бұл жұмыстарға әрбір түні 90 бірлік техника шығарылмақ.
Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолына төселетін 500 текше метр құмды тұз қазірдің өзінде даяр тұр. Бұл жұмыспен арнайы айналысатын үш кәсіпорын бар. Олардың бәрі де арнаулы техникалармен жабдықталған. Көктайғақты жоятын арнайы «Ледоруб – ЭКО» материалының да қажетті мөлшері дайындалған.
Сөйтіп қала көшелері мен тұрғындар жолдарын тазартуға коммуналдық қызметтер дайын екендігін сөз жүзінде айтып тұр, енді тек іс жүзінде белгіленген жұмыстары сапалы болса екен дейсің.
ПЕТРОПАВЛ