Биыл шілде айынан бастап «Қызыл» аймақта тұрған Павлодар өңірінде эпидемиялық жағдай әлі тұрақсыз. Облыста бүгінге дейін коронавирусты жұқтырудың 50 844 мың дерегі тіркелді. Оның 41 530-ы симптомды, 9 314-і – симптомсыз. Осыған орай Ashyq жүйесі бойынша жұмыс істейтін нысандардың жұмысына өзгеріс енгізілуде.
Сондықтан өңірлік коммуникациялар қызметінде мониторингтік топтардың қызметі талқыға салынды. Облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаевтың мәліметінше, мониторингтік топтар құрылғалы 7 500 рейд жүргізді. 45 650 кәсіпкерлік объектісінің жұмысы тексеріліп, 451 ереже бұзушылық анықталды, 53 млн теңге айыппұл төленді. Ең жиі тіркелетін тәртіп бұзушылықтарға эпидемиялық сақтану шараларын қолданбаған және әлеуметтік ара қашықтықты бұзу мен адамдар санын шектен тыс қабылдау жатады. Облыста мониторингтік топтар жұмысы жетілдірілмек. Енді Ashyq жобасына қатысатын нысандар «қызыл», «сары» және «жасыл» аймақтар бойынша бөлінеді. Адамдардың сауда орталықтарына, ойын-сауық орталықтарына қаншалықты жиі келуі осыған байланысты болмақ. Мысалы, «қызылға» жиі шағымданған және қайталанған бұзушылықтар анықталған нысандар кіреді. Мониторингтік топтар нысандарды депутаттармен, қоғамдық белсенділермен және еріктілермен аптасына екі рет тексереді. Ал «сары» аймаққа айына ең аз тексерістен өткен нысандар және адамдар үшін қауіпті аймақтар кіреді. Мұндай орындарға тексерушілер аптасына бір рет полиция қызметкерлерімен бірге барады. Қоғамдық көліктер де «сары» деп саналады. «Жасыл» аймаққа Ashyq жобасының көшбасшылары қатысады, оларға мониторингтік топтар екі аптада бір рет келеді.
Тексерушілердің жұмысын тиімдірек ету үшін өңірде шұғыл шаралар белгіленді. Бірінші кезекте мониторингтік топтардың құрамы жаңартылады, баратын нысандарының тізімі бекітіледі, депутаттар мен еріктілер жұмысқа тартылады. Өңірде қоғамдық көліктегі бақылауды күшейту, ақпараттық стендтер, белгілеулер мен шектеу сызықтары жаңартылады.
– Мониторингтік топтарды енді жаңа формат бойынша жібереміз. Мысалы, бұрын тексерушілер үнемі бірдей нысандарды аралап жүрді. Егер қандай да бір нысан қауіпсіздік тұрғысынан көшбасшылар қатарында болса, онда оны соңына дейін тексермейміз, – деп түсіндірді Ернұр Жәутікбаев. Оның айтуынша, мониторинг топ құрамына аудандық және қалалық әкімдіктердің бөлім қызметкерлері енеді. Бөлімдер мамандарсыз қалмайды – мониторингтік топтарда адамдар «жылжымалы кесте» бойынша кезекшілік етеді.
– Мониторингтік топтар кәсіпкерге қысым көрсетпейді. Мақсат – нысандарға баратын немесе сол жерде жұмыс істейтін адамдардың денсаулығына қамқорлық жасау. Басты бағдар – бизнеспен қатар болу, санэпиднормаларды қамтамасыз ету, кеңес беру, ұсыныстар беру. Бірақ тәртіп бұзушыларға қатаң шаралар қолдану керек. Себебі олар келушілерге коронавирус жұқтырып, ауруханаға жатқызуға, реанимацияға, тіпті өлімге әкеп соқтыратын жағдайларға себеп болады, – деді «Ертіс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ризабек Исабеков.
Нысандар ережелерді орындаудың тәртібі бойынша үш топқа бөлінеді: проблемалық нысандарға баратын топтар полиция, депутаттар мен әртүрлі қоғам өкілдерімен қоса аралайды. Ал басқа қоғамдық орындарды шағын құрамдағы топтар бақылайды. Сонымен бірге топтар ішіндегі мемлекеттік қызметшілерді жұмысынан босату, ынталандыру мәселелері қарастырылуда. Жұмысына жауапты қараған мониторингтік топ мүшелерін қалай ынталандыратыны әзірше белгісіз. Қоғамдық орындар қауіпсіз болуы керек. Вирусқа, ауруды жұқтырған адамдарға жол беретін бизнес өкілдері жазалануға тиіс.
Ризабек Исабеков Ashyq жүйесіндегі «қызыл» белгісі бар тұрғындарды шыдамдылыққа шақырды. Өйткені «қызыл» белгісі бар адамдарды ауру тарататын көшпелі эпицентрлер деп атады. «Оқшаулауда болуға тиіс болса да олар дүкен аралап жүреді. Мысалы, «қызыл» статусы бар адамды үйлеріңізге кіргізуші ме едіңіз?» дейді ол.
– Облыста 29 қазаннан 12 қарашаға дейін Ashyq арқылы жұмыс істейтін нысандарға жұмыс күндері тек «жасыл» статусы бар адамдар кіре алады, – деді департамент өкілі Ғизат Әбішев. – Жеті күннен аспаған ПТР-тестінің нәтижесі теріс және вакциналаудан өткендер кіре алады. Өңірдің 6 ай бойы «қызыл» аймақ ортасында қалып отыруының басты себебі – тұрғындардың карантиндік режімді жиі бұзуы. Олар шектеулерге қарамастан сауда үйлеріне, дәмханаларға, Ashyq бағдарламасы орнатылған орындарға баруда.
Қазір барлық қала мен ауданда 24 мониторингтік топ жұмыс істейді. Эпидемиялық ахуалдың тұрақсыздығы, індет жұқтырған науқастардың көбеюі жаңа талаптар қабылдауға мәжбүр еткені белгілі. Енді 29 қазан мен 12 қараша аралығында Ashyq жобасына қатысушы нысандардың күнделікті жұмысына толықтырулармен бірге өзгерістер де енгізіледі. Бүгінде облыс көлемінде 6 830 әлеуметтік және бизнес нысаны Ashyq бойынша жұмыс істейді. Ashyq жобасы тәртібін бұзушылар Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында анықталған. Жалпы, 2,5 мыңға жуық қатысушы анықталды, олардың 467-сі – мемлекеттік мекемелер. Мониторингтік топтардың мүшелері Ashyq жобасына қатысушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Тәртіп бұзушыларға әкімшілік құқық бұзу жөніндегі заң талаптары бойынша құны 8 млн теңгеден астам 63 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылса, қалғандары сотқа жолданған.
Облыс аумағындағы Үрлітіп, Шарбақты, Қосақ, Амангелді шекара бекеттерінен 8 шетелдік азаматқа өтуге тыйым салынды. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, бекеттерде тәулік бойы кезекшілік атқарылуда. Өткен тәулікте шекарадан 495 азамат өтті, оның ішінде 374 жаяу, 121 жүк көлігінің жүргізушісі өтіп, 10 адам карантиндік стационарға жатқызылды.
Қазан айының соңғы күндері өңірде індет жұқтырған 49 331 науқас тіркелсе, 27 035 науқас – облыс орталығының тұрғындары. Эпидемиологтердің бағалауы бойынша өңірде КВИ-мен сырқаттану жағдайы әлі тұрақсыз.
Павлодар облысы