Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Индустрия және жаңа технологиялар министрінің екі бірдей орынбасары – Альберт Рау мен Нұрлан Сауранбаев баспасөз мәслихатын өткізді. Олар үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша екінші бесжылдыққа жоспарланған іс-шаралар жөнінде айтты.
Бірінші вице-министр А.Раудың сөзіне қарағанда, индустрияландырудың екінші бесжылдығында тау-кен мен мұнай-газ секторы негізгі салалар болып қала береді екен. «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы бірінші бесжылдыққа негізделеді. Биыл бірінші бесжылдық аяқталып, қорытындыланады. Мемлекет басшысы бағдарламаның екінші бөлімін әзірлегенде, бірінші бесжылдықтың олқылықтарын ескеруді тапсырды», деді ол. Осы уақытта бағдарлама дайындалып жатыр екен. Оның әзірленуіне бизнес қауымдастығы да атсалысуда.
– Қара және түсті металлургия, яғни тау-кен кешені мен мұнай-газ секторы екінші бесжылдықта да негізгі сала болып қалады. Осыған орай, келесі бесжылдықта шикізатты терең өңдеу міндеттері тұр. Бұл міндеттер бірінші бесжылдықтың еншісінде-тұғын, әлемдік нарықтағы күрделі ахуалға байланысты бұл шаруаның шамалы іркіліп қалғаны рас. Бұйыртса, екінші бесжылдықта бұл жұмыс жалғасады. «АрселлорМитталТеміртау» алдында тұрған жылына 6 млн. тонна болат өндіру міндеті де келесі бесжылдыққа өтеді. Бұдан былай мейлінше шағын металлургия дамытылады. Атап айтқанда, шойын, құбыр, жоғары сапалы темір-рудалық шикізат өндірісі алға басады. Ал түсті металлургиядағы қазіргі өндіріс көлемін сақтап қалуымыз керек. Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сай, бүгінде сирек металдар өндіру бойынша белсенді жұмыс жасалып жатыр, деді А.Рау.
Баспасөз мәслихатында машина жасау саласы да назардан тыс қалмады. Вице-министрдің сөзіне бақсақ, машина жасау саласының барлық секторы дерлік индустрияландырудың екінші бесжылдығына енеді. Онда негізінен теміржол машинасын жасау саласы басты назарда көрінеді. Бұл сала бірінші бесжылдықта жақсы өсім көрсеткендіктен, келесі бесжылдықта да сол деңгейден көрінуге қол жеткізілетіндігі айтылды. Сондай-ақ, шетелдерге сату бойынша үлкен міндет қойылып, мемлекет бұл өнімнің экспортына қолдау көрсетуді көздеп отыр. Автокөлік өнеркәсібі туралы да басталар бесжылдыққа нақты міндеттер қойылыпты. «Бұйыртса, 2019 жылға қарай жылына 200 мың автокөлік шығару жоспарланып отыр. Олар құрастырылады және өндіріледі», деді А.Рау.
Сондай-ақ, Елбасының құрылыс материалдары бойынша берген тапсырмалары да орындалу үстінде. Бүгінде бірқатар құрылыс материалдарымен өз елімізді қамтамасыз ете бастаппыз. Келесі бесжылдықта цемент, арматура, кафель-плита сияқты құрылыс материалдарымен ішкі нарықтағы сұраныс толық қамтамасыз етілмек. Санфаянс жөнінде де бірқыдыру жұмыс атқарылып, Қызылордада тағы бір шыны жасайтын зауыт жобасы қолға алыныпты.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».