Елордада «Шежiре» қазіргі заманғы өнер галереясында белгілі суретші Бақтыбек Талқамбаевтың шығармашылығына арналған «Мәңгілік Ел» атты көрмесі ашылды. Көрме Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына Жолдауында айтқан «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қолдайды.
– Мемлекет басшысының ұлттық идеясы бізді рухани талпынысқа, шығармашылық ізденістерге ынталандырады. Соның дәлелі осы өнерге арналған көрме, – дейді бұл шараның басында жүрген Роза Жүсіпова.
Суретшінің кескіндемелерінен табиғаттың сан түрлі көрінісіне көз салсақ, ою-таңбалы еңбектерінде бояуды құбылтып отырады. Оюлы өнер, оның табиғатпен, ғарышпен, тарихпен байланысын ашып тұрғандай. Ұлттың мәдени ділінің құпиясына тереңдеп барып, иірімдерін құбылтып жібереді.
– Елбасының Жолдауындағы соны тұжырым бізді, әсіресе, өнер адамдарын қанаттандыруда. Менің шығармашылығымның астарында негізінен ұлт болмысы көрініс тауып отырады. Содан да шығар, шетелдік көрермендер әр суретімді жылы қабылдап, халықтық бояуға ризалықтарын білдіріп жатады. Әсіресе, ою таңбалы өрнектерге ілтипаттары ерекше ауады. Өткен мен бүгінгіні ұштастыра отырып ұлтымыздың озық үлгісін өз еңбектерімде жаңғыртып, кейінгіге жеткізсем деген ниеттемін, – дейді суретші Бақтыбек Талқамбаев.
Шығармашылық басқосуда өнертанушы Ермек Асылханов пен ғалым Ерболат Дәленов суретші туындыларына жылы лебіздерін білдірді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».