Күні кеше ғана ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясы өз жұмысын бастады деп сүйіншілеген едік. Енді міне, араға тура бір ай уақыт салып академия тыңдаушылары «Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы Камералық залында «UNO, DUE, TRE…» («БІР, ЕКІ, ҮШ…») атты шығармашылық кешін өткізді. Бағдарламада әлемдік опера репертуарынан дуэттер мен сахналық көріністер шырқалды.
Вокалдық музыка кешін академияның тұсаукесері әрі оның тыңдаушыларының елордалық операсүйер қауыммен алғашқы таныстығы десек те болады. Ал концерттік бағдарламаның «UNO, DUE, TRE…» деген атауы бекер таңдалмаған, ол Халықаралық академия тыңдаушыларының күрделі әрі танымдық білім алу уақытының бастауы іспетті.
Оқу үрдісі басталған бір ай уақыт ішінде жас солистер тәжірибелі ұстаздар Анатолий Гусев пен Франческо Медданың жетекшілігімен әйгілі авторлардың операларынан үзінділер әзірледі.
– Бойымда қуаныш та, қобалжу да бар. Әншінің сахнаға әрбір шығуы – толқу, ал шәкірттеріміз ән салған кезде, бұл мен үшін де өте жауапты сәт: мен де олармен бірге уайымдаймын, қобалжимын. Біз үшін алғашқы айда жасаған жұмысымызды көрсету өте маңызды. Десе де жаңа ұстаздан сабақ алу үшін бұл кезең өте аз. Дауыс үнемі жұмыс істеуді, дұрыс баптауды және мұқият күтіп, қарауды қажет ететін құрал, – деп атап өтті Опера академиясының ұстазы, опералық ән айту бойынша италиялық маэстро Франческо Медда.
Халықаралық опера академиясында оқу мерзімі екі жылға есептелген. Жаңа жобаның негізгі міндеті – опералық орындаушылық өнердің деңгейін көтеру, өнер жолына қадам басқан дарын иелерінің әлеуетін ашуға көмектесу. Жоба жетекшісінің айтуынша, мұнда үздік отандық және шетелдік педагогтармен сабақтар күн сайын өткізіледі. Онда вокалдық техника және актерлік шеберлікпен жұмыс істеу, италиян тілін үйрену қамтылған. Сондай-ақ академия болашақ әртістерге Қазақстанның опера өнерін шетелдерде паш ету үшін әлемнің жетекші сахналарында өнер көрсетуге мүмкіндік беруді мақсат етіп отыр.
– Жоба жұмысының алғашқы оқу айы артта қалды. Атқарылған жұмыстың шағын қорытындысын жасап, көпшілік назарына жас орындаушыларды таныстыру сәті де келіп жетті. Бұл өнер көрсету «ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясы ұсынады» деген атаумен концерттердің жаңа топтамасына жол ашады деп сенеміз. Бүгінгі концертімізде көрермендерге арнап В.Моцарт, В.Беллини, Дж.Россини, Г.Доницетти, Дж.Верди, Р.Леонкавалло мен П.Чайковскийдің туындыларынан құралған қызықты бағдарлама әзірленді. Шығармалардың басым көпшілігі жалпы театр репертуарына енбеген. Демек тыңдарман қауым осынау туындыларды жас әншілердің орындауында алғаш рет естиді. Жаңа дауыстар тыңдарман жүрегінен орын тауып, естен кетпес музыкалық кеш сыйлайды деген үміттеміз, деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының көркемдік жетекшісі Тимур Урманчеев.
Концерт тақырыбы – дуэттер, терцеттер және опералардан ансамбльдер. Ансамбльдік орындаушылық барынша ой жинақтылығын, дауысты меңгеру мен ән айтудағы серіктестікті сезінуді қажет етеді. Мұның бәрі шеберлік деңгейінің көрсеткіші. Ансамбльде ән айта білу – өз өмірін операмен ұштастыруды ойлаған барлық әншілерге қажетті маңызды қадам. Академияның тыңдаушылары мен ұстаздары лирикалық, драмалық және тіпті әзіл көріністерінен тұратын түрлі сипаттағы бағдарлама әзірлепті.
– Шығармаларды жаттау, өз кейіпкерін өн бойынан өткізу және композитор арқау еткен эмоциялар шоғырын дауыспен жеткізе білу үшін әншілеріміздің дайындығына бір ай уақыт берілді. Ансамбльде ән айтудан бөлек, музыканы дұрыс жеткізіп, оған жаныңның бір бөлшегін салу керек, сонда ол бірегей дүниеге айналады. Репертуарды таңдау кезінде екі және одан да көп әртіс қатысатын туындылардың үзінділеріне бекер басымдық берілген жоқ. Өйткені жас орындаушыларды сахнада әріптестермен өзара іс-қимыл жасау, ансамбльде жұмыс істей алу, серіктесті есту сынды опера өнері заңдылықтарына баулығымыз, кәсіби шеберлігін шыңдағымыз келді. Бұлардың барлығы кәсіби маманға өте қажет әрі маңызды дағдылар, деді Опера академиясының ұстазы, опералық ән айту маэстросы Анатолий Гусев (Италия).
Хош, сонымен отыз күнге созылған үзілссіз әрі жіті дайындық сахнада өз жемісін берді. Академияның тыңдаушылары көременіне керемет музыка кешін тарту етті. Атап айтсақ, күрделі сахналық көріністердің бірі – В.Моцарттың «Дон Жуан» операсынан командордың өлімін Валерий Селиванов, Дінмұхамед Көшкінбаев және Жандарбек Еркінбаев жоғары деңгейде орындады. Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсынан Неморино – Нұрқанат Тапиев пен Дулькамара – Шыңғыс Расылханның дуэті есте қаларлықтай әсер етті. П.Чайковскийдің «Пиковая дама» операсынан «Бақташы әйелдің адалдығы» костюмді көрінісі кештің жарқын қорытындысын жасады. Ондағы сүйкімді Прилепаның рөлін Гүлдана Алдадосова орындаса, Миловзор бейнесінде Эльмира Шпекбаева өнер көрсетті. Ал оның бақталасы Златогорды – Азат Мәлік сомдады.
– Мен үшін әрбір өнер көрсету – әрдайым мереке. Сахна – бұл менің өмірім. Біз, әншілер, жеке орындайтын туындыларды жақсы көреміз, алайда операларда ансамбльдер, дуэттер, терцеттер көп, сондықтан оларды орындай білу опералық спектакльдерге қатысу үшін өте маңызды. Дуэт бойынша жұмыс – қажырлы еңбек. Дуэт сахнасының эмоцияларын дұрыс жеткізу үшін өз партияңды нақты біліп, серіктестеріңді тыңдауың және өзің орындайтын кейіпкер бейнесіне еніп, опера сюжетінің бір бөлігіне айналуың қажет, – деп концерт соңынан академия тыңдаушысы Дариға Мұсаева өз әсерімен бөлісті.
ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары өздерінің алғашқы есептік концертінде көрермендердің зор қошеметіне бөленді. «UNO, DUE, TRE…» атты бағдарламаға енген әлемдік опера репертуарынан жүйеленген сахналық көріністер мен дуэттер опера музыкасын бағалаушылардың көңілінен шықты деп сеніммен айта аламыз. Оған көрерменнің толассыз соғылған шапалағы дәлел.