Ал «Вестник Кавказа» газеті Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммитіне қатысқан мемлекеттер басшылары бірқатар келісімге келгенін жазады. Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның жаһандық деңгейде лайықты орнын алатынына сенім білдірді.
«Менің пікірім бойынша ұйымымыз, ең алдымен, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастыққа баса мән бергені жөн. Әріптестерім бұл тұжырыммен келіседі деп ойлаймын. Бірлігіміз әрдайым бекем болсын», деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан Президенті қазіргі күрделі жағдайда сын-қатерлерді еңсеріп, орнықты даму үшін күш-жігер біріктірудің, жаңа технологияларды игеру саласында ынтымақтастық орнатудың аса маңызды міндет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымға мүше мемлекеттер жұмыла отырып, бірлесіп әрекет етуге тиіс бірнеше маңызды бағытты атады.
«Біз жаңартылатын қуат көздерін дамыта береміз. Бұл міндет «Жасыл экономикаға» көшу туралы тұжырымдамада көрініс тапты. Жоспарланған шаралар 2060 жылға қарай көміртегіден арылуға жол ашады. Сондай-ақ алдағы он жылда парникті газ шығаруды 15 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Осының аясында біз 2025 жылға дейін 500 мың гектар жерге 2 миллиард түп ағаш отырғызуды жоспарлаудамыз. Бұған қоса қазір еліміздегі жаңартылатын қуаттың үлесін 3 пайызға жеткіздік. Оны 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін арттырамыз. Сол мақсатпен Нұр-Сұлтан қаласында «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын» аштық», деді Қазақстан Президенті.