Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасы қоғамдық көліктің үстінде отшашу ұйымдастырғандар ұсталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ұсталған төрт бұзақының әрқайсысы түрлі міндет атқарған. Біреуі қоғамдық көлік жүргізушісінің назарын аударса, екіншісі – ұялы телефон камерасына не болып жатқанын түсіріп жүрген. Тағы екеуі – тікелей орындаушылар. Олар қоғамдық көліктің төбесіне шығып, отшашу ұйымдастырған. Арасында кәмелетке толмағандар да бар. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 293 бабы бойынша қылмыстық іс тергелуде. Сонымен қатар бұзақылардың әрекетінде ҚР ӘҚбК-нің 436-бабында көзделген құқық бұзушылық белгілері бар», деп хабарлады Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Думан Аухадиев.
Ол өз сөзінде қоғамдық көлік жолаушыларына қауіп төндірген жастардың әрекеті толығымен анықталатынын атап өтті.
Айта кетерлігі, автобус төбесінен секірген бұзақылардың бірі басынан жарақат алған.