Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Х Азаматтық форум ұйымдастырылмақ. Оны ұйымдастыру және өткізу туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева мен Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет айтты.
«Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылдығы» мерейтойлық X Азаматтық форумы 2021 жылғы 22-26 қараша аралығында өтеді. Форумның іс-шаралары демократиялық процестерді дамыту, Қазақстанда БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру мәселелеріне, сондай-ақ социумның, мемлекет пен бизнестің оларға қол жеткізудегі негізгі міндеттеріне арналады. Форум бағдарламасы көптеген тақырыпты, сарапшылар мен қатысушыларды қамтиды. Сондай-ақ форум аясында 30-дан астам пікірталас алаңы, сараптамалық талқылау, фасилитациялық және панельдік сессия ұйымдастырылады.
Форум қарсаңында және апта бойы министрлердің азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулері, әкімдердің өңірлердегі ҮЕҰ өкілдерімен кездесулері, шағын гранттар жобаларының таныстырылымы, сондай-ақ «ҮЕҰ сыйлығы» мен «Таңдау» сыйлығын салтанатты түрде тапсыру рәсімі ұйымдастырылады.
Мадияр Қожахметтің айтуынша, форумның мазмұнды бағдарламасы азаматтық қоғамда туындаған барлық проблемалық мәселені: қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіруден бастап, әлеуметтік саланың, цифрландырудың, білім беру және денсаулық сақтау жүйелерінің өзекті мәселелерін шешуге дейін қамтуға мүмкіндік береді. Ол: «2003 жылы Елбасының бастамасымен өткен қазіргі Азаматтық форум Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы белгісімен өтуде», деді.
Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева: «Мемлекет пен үкіметтік емес сектордың өзара іс-қимылы саласындағы елдің ең ірі оқиғасының негізгі идеясы – Қазақстанның азаматтық қоғамына жаһандық көзқарас. Біз азаматтық қоғамды дамытудың өзекті мәселелерін ескере отырып, тарихқа, бүгінге және болашаққа талдау жасағымыз келеді. X Азаматтық форумның мазмұнды бағдарламасы барлық қатысушыға мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ бірлескен кооперациясының жүйелі мәселелері мен шешімдері туралы айтуға мүмкіндік береді», деді.
Сондай-ақ брифинг спикерлері санитарлық-эпидемиялық нормаларды сақтау қажеттігін ескере отырып, форум офлайн және онлайн, яғни гибридті форматта өтетінін айтты. Мысалы, Алматыда өтетін іс-шараларға 150 делегат қатысады. Сонымен қатар іс-шараларды өткізу мүмкіндіктері мен онлайн форматының арқасында X Азаматтық форум жұмысына Қазақстанның түкпір-түкпірінен ҮЕҰ, мемлекеттік органдар, сарапшылар қоғамдастығы мен БАҚ-тың барлығы 20 мыңнан астам өкілі қатысады деп күтілуде.
Форум апталығының онлайн-трансляциясы Facebook парақшасында және YouTube арнасында жүргізіледі. Форум сайтында мерейтойлық Х Азаматтық форумға тіркеу ашылды.