Қапияда кеткен бауыр
Самат Мүбаракұлы Нұрғалиев 1961 жылы Балқаш қаласының маңындағы Шығыс Қоңыратта туып өскен. Мектеп бітіре салысымен азаматтық борышын өтеуге аттанды. Әркімге үрей туғызған Ауғанстанға кеңестік әскер кіргізу жүзеге асырылған 1979 жыл еді. Самат бірден мұсылман батальонына қабылданып, партизан формасымен сол жылы-ақ Ауғанстан топырағын басты. Кабулдан алыс жатқан Файзабад елді мекені. Дұшмандардың көп шоғырланған ордасы. Соғыс... бұл соғыс көзге көрінбейтін, мақсат-мүддесі айқындалмаған басқаша соғыс еді. Ұрысқа кіріскен Самат және оның қарулас достары алғашқы күннен-ақ дұшмандармен бетпе-бет келіп, бірнеше қоян-қолтық шайқасты өткеріп үлгерді. 1980 жылдың 31 желтоқсаны, елде жүрсе ғой, жаңа жылды қарса алуға дайындалып, қыз-жігіттер мәре-сәре күй кешіп, көтеріңкі көңіл күй, игі тілекпен келер жылды қарсы алар еді. Бозбалалар аппақ қардай ақ тілектерін аруларға жеткізіп, асқан бір сүйіспеншілікке бөленер еді. Ал бұл кезде Самат және оның достары кезекті бір шайқасты бастарынан өткізіп жатқан-тын. Сол қанды қырғында 31 желтоқсанда Самат қапияда мерт болды. Қайран боздақ қыршынынан қиылды. *** – Екеуміз тете болатынбыз, – дейді Саматтың әпкесі Ләззат Мүбаракқызы Нұрғалиева. – Мен 1960 жылы туыппын. Күні бүгінге дейін көз алдымда. Саматты әскер қатарына замандастарымен бірге шығарып салдық. Неге екенін қайдам, есіктен шығып бара жатып, кілт тоқтай қалды, артына қарады, ширақ жүріп келіп мені құшақтады, қимай қоштасты... Осыған көрінген екен ғой, бір жыл толғанда темір табытпен әкеліп, туған топырағына жерледі. Мәңгілік ағыл да тегіл сағыныш осылай басталды...Кеудені кек кернеп...
Қазақ қыздары батыр келеді, ержүрек. Мұны қазақ тарихы, қазақ шежіресі әлдеқашан дәлелдеген. Ләззат Мүбаракқызының кеудесінде кек ойнап, Ауғанстанға баруға бел буды. – Сенбеймін. Ауғанстанның жақпар тасты тауларының бір жерінде жүрген шығар, кездесермін бәлкім, жолықтырармын, жан бауырымды. Саматтан көз жазып қалуым мүмкін емес, – дейді Ләззат. Осындай оймен Балқаш қалалық әскери комиссарына барады. Олар алғашқы бетте сенбейді. – Ата-анаңды неге аямайсың? Онсыз да қайғы жұтып отыр ғой, – дейді әскери комиссариат басшысы. – Жоқ, жіберіңіздер, Ауғанстанда бауырым Саматтың аузына біреулер су тамызған шығар. Мен медбибімін, Самат сияқты жауынгерлерге көмектесуім керек, қолдан келгенше Саматтың кегін қайтарамын дұшмандардан, – деп айтқанынан қайтпайды. Әскери комиссар қайсар қыздың алған бетінен қайтпайтынына көзі жетті. Сөйтіп, 1986 жылы өз өтінішімен әскер қатарына алынып, одан әрі Ауғанстанға аттанбақ. Ата-анасымен қоштасуға екі-ақ сағат уақыты қалыпты. Еңіреп, етегі жасқа толып олар қалды. Жезқазған облыстық әскери комиссар әскер қатарына қызмет етуге келгендердің есімін атап, қай жаққа аттанатындарын хабарлап жатты. Бәрі де көрген түстей бүгін, жүрегі алып ұшады. Бір топ әне, Германияға аттанады, енді бір топ жас сарбаздар Польшаға қызмет етуге бөлініпті. Чехословакияға... бір кезде жалғыз ғана қазақ қызының есімі аталды, ол Ләззат еді. Ауғанстанға бұл әскери шақырылуға тек Ләззат қана барды. Облыстық әскери комиссар жан дүниесі жылы, бауырмал жігіт ағасы екен, жылап жіберіпті. – Саматтың әпкесі кетіп барады деген хабарды естігенмін. Сен екенсің ғой, ауылыңа қайт, үш-төрт күн рұқсат беремін, үй-ішіңмен жақсылап қоштас, Балқаштан бірден Ташкент қаласына самолет бар. Қайта ғой, – дейді. Ләззат Шығыс Қоңыраттағы ата-анасына, бауырларына келіп, көңілі жай тапқан соң, қалалық әскери комиссардың ықпал етуімен Ташкент қаласына ұшады. Одан әрі Ауғанстанның астанасы Кабулға кетеді.Жалалабад. Дұшмандар. Қанды қырғын.
Ауыр салмақты ИЛ-76 әскери ұшағы Ауғанстан территориясын оңай бағындырып, қазандай қайнап жатқан Кабулға әкеп топ еткізді. Бар ойы Самат қызмет еткен Файзабадқа жету. Бірақ, ол жақтан жаңадан шақырылғандарды алып кететін «сатып алушылар» келмепті. Амалсыз әскери басшылардың ұйғарымымен Жалалабадқа жіберілді. Кейде тағдырдың не нәрсені оп-оңай қиюластырып жіберетініне де таңғаласың және сенесің. Балқаштағы әскери комиссариаттағылар – Татьяна Гущинаны тауып ал, оның қызмет еткеніне біраз болып қалды ғой, – деп кеңес айтқан. Қашан да талмай ізденген мұратына жетеді, Ләззат Таняны көп ұзамай жолықтырады. Екеуі Балқаштағы медициналық училищеде бірге оқыған. Екі бойжеткенді Ауғанстанда жолықтырып, бір-біріне жылап көрістірген сол кездегі саясаттың да кең ауқымды қармағына таңдай қағасың. *** Татьяна үлкен әскери госпитальде қызмет етеді екен. Кабул қаласының маңында. Енді жерлесіне жолығып, мауқын басқан Ләззатқа Жалалабадқа жету керек. – Жалалабадқа жетуге екі мүмкіндік бар, бірі ұшақпен, екіншісі автобуспен жетуге болады. Жанымызда Ресейдің төрт қызы болды. Әп-әдемі жап-жас бойжеткендер, сол қыздар Жалалабадқа жетуге асықты. Сөйтіп, бірінші ұшаққа ілікті. Ұшақтың әуеге көтерілгені сол-ақ екен, көз алдымызда бұрқ еткізіп, атып түсірді. Ұшақтағы 26 адам түгел жанып кетті. Кейінгі ұшақпен біз де жеттік. Кабул суық еді. Ал Жалалабад ыстық, біз барғанда 57 градусты көрсетіп тұрды. Пәкістанның шекарасынан 43 шақырым жерде тұрдық. Жаңбыр жиі жауады, қысы жоқ. Әскери өмірге кірістік. Көз алдымда аянышты оқиғалар өтіп жатты. Соғыстың аты соғыс қой. Жаралы жауынгерлердің жай-күйін айтуға тілім бар болғыр келмейді. Менің де Самат бауырым осындай жағдайда опат болды-ау деп ойлап қоямын, – дейді Ләззат ауған күндерін есіне алып. Ләззат санинструктор болып уақытпен санаспай еңбек етті. Бір санинструктор 300-ге тарта сарбазға дәрігерлік қызмет көрсетіп, күндіз-түні жанталасады. Дем алу, дамылдау деген атымен жоқ. Жаралылардың жарақатын емдеу, таңу, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету... бәрі бәрі Ләззат және оның әріптестерінің мойнында. Сонау 500 метр жердегі асханадан шатырлы қалашыққа тамақ жеткізеді. Оған да шабуыл жасалады. Қаншама жас сарбаз осы әрекеттің үстінде опат болып жатты. Жауынгерлерге де, медициналық қызметкерлерге ұйықтатпайтын дәрі береді екен. Соны ішсе екі тәулік бойына ұйықтамайды. Үрейлі, аянышты әрі кеудеге өкініш толған кекті күндер өтіп жатты. – Ұлы Отан соғысынан ауған соғысының айырмашылығы жер мен көктей. Ұлы Отан соғысында тыл болды, соғыстың алғы шебі болды, бағыт-бағдар белгілі. Ал, ауған соғысында болжам жоқ. Қай жағыңнан жау келеді? Белгісіз, жаңа ғана саперлер тазалап өткен жол үсті артынша мина жарылып, астан-кестені шығып жатады. Жер астынан қалашық жасап алған, кеңес әскерлерінің қалай жүріп, қалай тұратынын жан-жақты зерттеген, аянбайды, аямайды. Қолға түскенді қыра береді, соның бәрін көзіміз көрді. Кеңес әскерлері жауынгерлерінің денесін тілім-тілім етіп, кесіп тастайды. Кектенеміз, біздің сарбаздар да аянып қалмайды, сарбаз бауырлардың ыңырсыған, ышқынған, шығарға жаны жоқ әрекетін көрдік. Оларды жігерлендіреміз, бәріміздің мақсатымыз дұшмандармен соғысу, қалай жеңіске жетеміз, қашан жетеміз, соғыс қандай жағдайда аяқталады, ол жағы тұманды, күмәнді дүние еді. Әрбір сарбазға көрсеткен көмегімді, аялы қамқорлығымды, бойымдағы бар ізгілікті, әпкелік махаббатымды жап-жас сарбаздарға арнадым. Аянбадым, Саматымның кегін осылай қайтарсам дедім, – деп Ләззат тағы да ауыр күрсінді.Сартап сағыныш
Қолындағы сарғайған суреттерге қарайды, бауыры Саматтың үнсіз бейнесін кеудесіне қысып, көз жасын төгеді. Әй, пәтуасыз дүние-ай, бір күнгі жарық сәулеге не жетсін! Бір-біріміздің қадірімізді білу үшін соғысқа аттануымыз керек пе? Жақыныңды сағыну үшін жат жерде жер жастандыру керек пе? Міне, тіршіліктің қадірі, сыйластықтың өзегі. Ләззат Мүбаракқызы осындай болмысты өз басынан өткеріп, енді маңайына, өз ортасына аса бір ізгілікпен қарайды. Ит мәраку тіршіліктің қасиетін өзгемізге түсіндіргісі келеді көз жасымен. Жер басып жүргендер ұға қоямыз ба оны. Айтысамыз, тартысамыз, өлексеге таласқан иттей ырылдасамыз, кейде осылай пенделікті еске түсіріп, батылдау айтуға тура келеді. – Отан алдындағы борышымызды атқардық, соғыс шығынсыз болмайды, тек Самат қана ма? Қаншама отбасының әлпештеген, болашағынан зор үміт күткен, шаңырағына ие болатын жастар бақиға аттанып жатты. Ауғанстандағы соғыста кеңес әскерлеріне әлеуметтік, тұрмыстық жағдай жөнді көрсетілген жоқ. Биттеп, құрттап, іш сүзегіне шалдыққандар көп болды. Ол жақтағы тұрмыс мүлде бөлек. Тіпті, екі ғасырдай артта қалған десем, артық емес. Мен де төрт операцияны бастан өткердім, денсаулығымызды бердік. Ол жақта көкнәр, бейнелеп айтсақ, біздің егінжайымыздай ырғалып, теңіздей тербеліп тұрады. Арнайы егіп тастайды, көкнәр саудасы бар жерде тәртіп болмайды. Біз анда-санда ауған халқының арасына кіріп, дәрігерлік қызмет көрсетеміз, үгіт-насихат жүргіземіз, бейбіт өмірге ештеңе жетпейді дейміз. Күндіз ем-дом көрсеткен адамдар түнде өзіңе шабуыл жасайды, дұшмандар... Кейде дұшман екенін тез аңғарамыз, бізге қаралуға келгендердің иығында мылтық асынған белгілері қалып қояды. Тітіркенесің, ал есірткілер әр үйдің босағасында қап-қабымен тұрады. Балшықтан соққан үй... оның ішінде адам да, мал да жатады, – деп Ләззат әңгіменің әлқиссасын бір түйіндеп қойды. Ләззат Мүбаракқызы ауған соғысынан 1988 жылдың көктемінде оралды. Балқаш қаласы маңындағы әуе қорғанысы полкында қызмет етіп, капитан шенінде зейнетке шықты.Үш жылға тарта Ауғанстанда қызмет етті. Қайсар қыз айтқанын орындады. Шаршады, шалдықты, денсаулығын жоғалтты.Ләззатқа құрмет – қазаққа құрмет
1989 жыл. Балқаш қаласына сонау Қап тауынан 15 жігіт топ ете түсті. Қалаға кавказдықтар келіпті деген сөз лезде тарады. Не үшін келді, кімді іздеп жүр, оларды кім шақырды? Сайдың тасындай іріктелген жігіттер. Міне, ізгілік, жақсылық қашан да ұмытылмайды, жүрегі жайсаң, қадір-қасиетіңді ұғатын жандар бар ғой бұл өмірде. Жаңағы 15 кавказдық жігіттер біздің Ләззат қызымыздың шапағатын көріпті. Қазақы мейірімділік тұрғысынан жаралы жігіттерді туған бауырындай күтіп, емдеп, қатарға қосып әскери қалашыққа жөнелте береді. Ләззат әпкелерін іздеп келген жігіттер арнайы дастарқан жайып, мейрамханаға шақырып, арқа-жарқа күй кешеді. Жергілікті қазақ жігіттері намысқа басып, қыр көрсетеді. Өйтпегенде қайтсін, майданнан есен-сау оралған сарбаздар Ләззатты орталарына алып, кезек-кезек сөз сөйлеп, құрметтейді. Істің насырға шабатынын олар да сезеді, іле сөз алып, жиналған жергілікті жігіттерге мән-жайды түсіндіре бастайды. – Сіздер ғафу етіңіздер, қазақтар, біз сонау Кавказдан еріккеннен келіп тұрған жоқпыз. Бізді ажалдан алып қалған сіздердің Ләззат жерлестеріңіз, егер де Ләззат болмағанда біздер дәл осылай жер басып жүрмес едік. Қаншама жігіттерді ажал тырнағынан арашалады. Майданда жүріп, Ләззат әпкеміздің жан дүниесін сезіне отырып, жалпы қазақ халқының аяулы жанын ұққандай болатынбыз. Енді міне, әпкемізді іздеп, сәлем беріп, құрмет көрсетіп қайтсақ деген ой еді, – деді сөз ыңғайын келтіре білетін кавказдық жігіт. Мейрамханада отырған бүкіл жұртшылық жылады. Жергілікті жігіттер ертеңінде Ләззат әпкесін іздеп келген кавказ жігіттеріне сый-құрметін көрсетіп, шығарып салған. Ермек деген кавказдық баланың әке-шешесі күні кешеге дейін хат жазып тұрды. Алланың жазуы ғой, сонау Ауғанстаннан аман қайтқан Ермек Кавказда жол апатынан қайтыс болыпты. Әке-шешесіне үнемі Ләззат туралы айтады екен. Енді бірде қаралы хат жеткен. – Сүйікті Ләззатым-ау, сені аузынан тастамайтын Ермегімізден айырылып қалдық, – деп анасы егіле хат жазады. Сарғайған хаттар жан-жақтан келеді. Бәрінде де хат иелерінің Ләззатқа деген іңкәрлігі, құрметі, сағынышы баяндалады. – Міне, ізгілік.Түйін
Ләззат отағасы Бақытжан екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Данияр, егіз ұлдары Асылан, Бағлан тәуелсіз елдің балғын шыбығы секілді өсіп келеді. Иә, Ауғанстан соғысына қатысқан жауынгерлерге әлеуметтік көмек, қамқорлық әлі де олқы соғып жатыр. Ләззат әңгіме арасында пәтерсіз жүрген жігіттердің күні бүгінге дейін орталарында бар екенін айтып, қынжылды. Жыл сайын №18 орта мектепте Самат Нұрғалиевті еске алуға арналған қазақша күрестен жарыс өткізіліп тұрады. Оған спорт жанашыры Бақтыбай бауырымыз ұйытқы болып жүр. Шүкіршілік. *** Иә, Ауғанстан соғысына өз еркімен қатысып, кеудесі кекке толған Ләззат Мүбаракқызының сарқылмайтын сағыныш әлемі осындай еді. Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қарағанды облысы. –––––––––––––––– Суретте: Ауған соғысының ардагері, капитан Ләззат Нұрғалиева