Бұқар жырау ауданындағы Красная Нива ауылының мұғалімі Лидия Гураның білім беру үдерісін және оқушылардың сыныптан тыс қызметін жақсарту бойынша жобасы Barine Bilim педагог мамандарына арналған шағын гранттар бағдарламасында үздіктер қатарынан көрінді.
Алыстағы ауылдың қарапайым мұғалімі 1 млн теңгенің грантын жеңіп алды. Бастауыш сынып мұғалімі Лидия Гура Красная – Нива ауылының тумасы. Оның анасы да осы ауылдың мектебінде жұмыс істеген.
– Мен туған жерімді және мектебімді шын жүрегіммен жақсы көремін. Оқушыларымыздың дені сау, мықты және төзімді болғанын қалаймын. Мектептегі спорт залы – балалар спортпен шұғылданатын жалғыз ғана жер. Бірақ бізде құрал-жабдық жағы жетіспеді. Сондықтан менің жобам осы олқылықтың орнын толтыруға арналды, – дейді ауыл мұғалімі.
Лидия Гура ұтып алған грант қаражатына мектеп оқушыларына арналған барлық қажетті спорттық құрал-жабдықтар – баспалдақтар, турниктер, қырлы бөренелер мен арқандар, күрес кілемі, күрес манекені, теннис үстелі, шахмат, тоғыз құмалақ, қазақ күресінің күртешелері, сондай-ақ волейбол, баскетбол, футбол жабдықтары және басқа да керек-жарақ сатып алынды.
Лидия Гура енді 50 бала оқитын аядай мектепте физика, химия және биология сабақтарына қажетті құрал-жабдықтар болса екен деп армандайды.
Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы,
Красная Нива ауылы