Жуырда Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 1 маусым мен 31 қазан аралығында өткен республикалық жедел-профилактикалық «Қарасора» іс-шарасының (ЖПІШ) облыс бойынша қорытындыларын шығарды.
ЖПІШ аясында барлығы 125 заң бұзушылық, оның ішінде 47-і есірткі сату, өткізу фактісі анықталды. Іс-шараның басты міндеті есірткі сату мен таратуды құрықтау болғандықтан, әсіресе, осы қылмыстардың өршуіне полиция ерекше назар аударды.
Есірткімен қылмыс жасайтындар да бүкіл елімізде жаман індет жүріп, кейбір адамдардың өліп жатқанына қарамай есірткі қылмысын жалғастыра берген. Соның бірі Жамбыл ауданының 39 жастағы тұрғыны болып шықты. Полицейлер оны операцияның алғашқы күндерінде Петропавлдың орталық көшелерінің бірінде жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұстаған. Оның Subaru Legacy көлігінің жүксалғышынан 5 кило марихуана салынған полиэтилен пакет тәркіленді. Ұсталған адам екі жыл бойы есірткі қолданып, сатқанын мойындады. Мұның қара базардағы құны ондаған млн теңге.
Аталған факті Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі – «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. 20 қыркүйек күні соттың үкімімен нашақор 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл ЖПІШ барысында Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген ең үлкен қылмыс болды. Жалпы, «Қарасора» іс-шарасы барысында барлығы 295,5 килограммнан астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленген.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаровтың айтуына қарағанда: «Жыл басынан облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі бизнесі саласында 195 түрлі қылмысты анықтады. Оның ішінде есірткіні өткізудің 49 фактісі, 15 аса ірі көлемде сақтау фактісі болды. 409,5 кг есірткі заттары тәркіленген».
Солтүстік Қазақстан облысы