• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 16 Қараша, 2021

Климаттың өзгеруін ескеру

249 рет
көрсетілді

Глазгода өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы (COP26) негізгі назарды мемлекеттер жауапкершілігіне емес, жеке сектордың күшіне аударғанымен есте қалмақ. Егер әр елдің билігі өз мүдделерін үйлестірудің жолын таппай, ұжымдық әрекетке бел буа алмаса, жеке сектор мұның орнын толтыра ала ма?

Бұл мәселеде компаниялар­дың жеке немесе келісе отырып пар­никті газдар шығарылымын азай­туы оларға қаншалықты әсер ете­тіні ғана маңызды емес. Бірақ бұл да өте өзекті. Керісінше, мәсе­ле на­рық­тың әлеуетіне тікелей бай­­ла­нысты. Қоғам игілігі үшін шы­ға­рылым көлемін жылдам әрі ауқымды түрде қысқартуды пайдалану қаншалықты дұрыс?

Қаржылық капиталдың жоқ­ты­ғы мәселе туындатуы екіта­лай. Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Климат және қаржы жөнін­дегі арнайы өкілі Марк Карни саммит кезінде парниктік газ­дар шығарылымын нөлдік дең­гейге жеткізу мақсатына 130 трил­лион доллар бөлу жөніндегі мәлім­демесі қызу талқыланды. Мұн­дай мол қаражатты Карни басқа­ратын, дүние жүзіндегі актив­тердің 40 пайызын иеленетін 450-ге жуық қаржы институттары кіретін Glasgow Financial Alliance for Net Zero (GFANZ) коалициясы береді.

Бірақ бұл қаржылық мін­дет­темеге қатысты бірқа­тар сұрақ туындайды. Ең бастысы, қаржы қалай жұмсалады? Күш-жігер әлем халқының – тұтыну­шылардың, жұмысшылардың, үнемдеушілердің және инвес­торлардың мүдделеріне сай келе ме, сондай-ақ оған лайық па?

Осы сұрақтарды ескере отырып, COP26 саммиті кезінде тағы бір, мүмкін одан да маңызды тәсілді ескергеніміз жөн. Халық­аралық қаржылық есептілік стан­дарттары (IFRS) қорының Қамқоршылар тобының төрағасы Эркки Ликаннен Халықара­лық тұрақтылық стандарттары кеңесінің (ISSB) құрылғанын хабарлады. Кеңес ең алды­мен климатқа қатысты мәлімет­ті жариялауға бағытталған. Бұл алға жасалған үлкен қадам, өйткені Питер Дракер айтып кеткендей: «Есептелетін нәрсе басқарылады».

Қазірдің өзінде IFRS Foun­dation қаржылық есеп стандарт­тарын шығарады. Оны 140-тан астам ел қажет етіп отыр. Мем­ле­кеттердің ішкі есеп беру ережелерінің негізіне айнала­тын мұндай стандарттар жылдар бойы әлемдік капитал нарық­тарының lingua franca-сына айналды. Оның себебі қарапайым. Анық стандарттар ақпараттың шынайы, салыстырмалы болуын қамтамасыз етеді. Осылай­ша, талдаушылар, аудиторлар, инвесторлар, несие берушілер, рет­­теу­шілер және компания менеджерлері оны пайдаланады.

Осы орайда, есеп берудегі жалпы стандарттардың эволюциясы капитал нарықтарының жаһандануы үшін маңызды. Бұл – әлемдік коммерциялық кәсіпорындардың өсу үлесін еркін қозғалатын, жеке капитал арқылы белгіленетін, жүктелетін тәртіпке бағындырған тенденция. Дегенмен мұндай тәртіп қазіргі уақытта климатқа байланысты факторларға жүрмейді.

Компаниялар қоршаған орта­ның нашарлауына әрі кінәлі, әрі оның құрбаны. Олар климаттың өзгеруінің салдарынан зардап шегеді. Атап айтқанда, ауа ра­йы­ның жиі құбылып, табиғи апат­тың көбеюінен, қоршаған ор­таны қорғау немесе қалпына келтіруге қатысты мемлекеттер қабылдаған шешімдерден зиян көреді.

Дегенмен мұндай шығындар­дың қаншалықты жоғары екенін немесе белгілі бір компания­ның қызметі қоршаған ортаға қаншалықты әсер ететінін нақты білмейміз. Өйткені оған қатысты есеп берудің ортақ жүйесі жоқ. Таза қаржылық тұрғыдан алғанда да бұл күрделі мәселе. Климат пен климаттық саясатқа қатысты шешімдердің тәуекелі көп. Бірақ дәйекті, жан-жақты есеп бермесек, мұндай тәуекелдерді өлшеу мүмкін емес, сондықтан онымен күреске де мән берілмейді.

Осындай кезде ISSB таптырмас көмекші. Әрине, ор­ганның құзыреті көп үміт күт­тіреді. Кеңес құрылғаннан бас­тап жаһандық тұрғыда әре­кет етеді, сондай-ақ бірқатар ин­ди­­­ка­тор­дың өте күрделі жиын­ты­ғын қамтитын стан­дар­ттар­ды қамтамасыз етеді. Әрине әзірге оған балама жоқ. Климат­қа байланысты тәуекел­дерді өлшеу оңай міндет емес. Қазіргі қаржылық есеп беру стандарттары көптеген жыл бойы дамып келе жатқанын ескерсек, бұл мәселе қорқынышты көрінеді.

Әйтсе де ISSB өз міндетін орын­дай алады деп үміттенуге негіз бар. ISSB компаниялар кли­матқа байланысты тәуекелдер туралы есеп беру кезінде сәйкес келуі керек ең төменгі стандарт­тардың жаһандық «базалық деңгейін» белгілейді. Осы база­лық көрсеткіш инвесторларға тәуе­келдерді әлемдік компания­лар арасында салыстыруға мүм­кіндік береді. ISSB стандарттары әр елге тән мемлекеттік сая­сат­қа қатысты көрсеткіштерді белгі­лемейді. Алда-жалда мемлекетте белгілі бір мақсат немесе саясат жүргізілсе, оны қосымша талап ретінде қосуға мүмкіндік бар.

Сонымен қатар басқару да ISSB табысының ажырамас бөлігіне айналмақ. Тәжірибе көрсеткендей, жоғарыдан төмен тапсырма берудің тым көбеюі стандарттар эволюциясын те­жей­ді. Сондықтан IFRS қоры дүние жүзіндегі капитал нарығы орган­дарының өкілдерінен тұра­тын бақылау кеңесінен, тәуелсіз қамқоршылар кеңесінен және стан­дарт­тарды белгілейтін тәуел­сіз орган – Халықаралық бухгал­тер­лік есеп стандарттары кеңе­сінен (IASB) тұратын үш дең­гейлі басқару жүйесін құрды. Ұлттық стандартты қалыптас­тыру­шылар, көпжақты ұйымдар және жеке компаниялар бірнеше консультативтік комитеттер ар­қылы стандарттарды орнату процесіне үлес қосады.

ISSB өз қызметі аясында IFRS қорының кең ауқымды тәсілін қайталауға арналған. Ол IASB-тің бауырлас кеңесі ретінде жұмыс істейді. IFRS қоры жаңа орган­ның Бағалы қағаздар жөнін­дегі комиссиялардың халықара­лық ұйымымен тығыз ынтымақ­тасуынан үмітті. Бұл – жергілікті қабылдауды жеңілдететін тәсіл. Сонымен қатар ISSB бүкіл әлем бойынша бірнеше кеңсесін ашады.

ISSB құру төменнен жоға­ры және жоғарыдан төмен баст­амаларды жүзеге асыруға мүмкін­дік береді. Сондай-ақ әр­түрлі ұйымдар мен тұлғалардың әреке­ттесуіне жағдай жасайды. Капитал нарығына тұрақ­тылық стандарттары қажет. Құнды­лық туралы есеп беру қоры және Климатты ашу стандарт­тары кеңесі секілді ұйымдар есеп беру­дің алғашқы тұжырым­дама­ларын белгіледі. Сондай-ақ ішінара кей компанияларда қабылдануын қамтамасыз етті. Климатқа байланысты қаржылық ақпаратты ашу жөніндегі жұмыс тобы мен Дүниежүзілік экономикалық форум да маңызды жұмысқа үлес қосты.

Бірақ бұл күш-жігер мәселені орнынан жылжытқанымен, олар компанияларды шатастырып, экологиялық таза өнім шыға­ра­мыз деп алдайтын компа­ниялар­дың көбеюіне әкеліп соқты. Сондықтан осындай бастамалар­ды бір ортақ құрылымға біріктіру жоғарыдан төмен қарай басқа­рылатын сенімді билікті талап етеді. Реттеуші органдар, халық­ара­лық ұйымдар және үкіметтер IFRS қорының қаржылық есеп беруде стандартты орнатушы ретін­дегі мықты тәжірибе­сін ескеріп, осы міндетті оған жүктеді.

Климатқа байланысты қар­жы­лық стандарттардың пайда болуы ISSB құруды қажет етеді. Жоғарыдан төменге және төменнен жоғарыға бағытталған бастамалардың прагматикалық қатынасын қалыптастырды. «Қалаулылар коалициясының» әрекетімен бірлесіп, әлемдегі қоғамдық игілікке қол жеткізуге арналған күш-жігерге жол ашты.

 

Лукрезия РЕЙХЛИН,

Еуропалық Орталық банктің бұрынғы зерттеу директоры, Лондон бизнес мектебінің эко­номика профессоры және Халық­аралық тұрақтылық стандарттары кеңесі қорының сенімді өкілі

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org