• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2014

Елдің сенімі бәрінен қымбат

286 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Павлодар облысында болды

Кеше жұмыс сапары аясын­да «Нұр Отан» партиясы Төра­ға­сының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне барып, партияның Павлодар об­лы­сындағы филиалының кезектен тыс XIV конференциясына қатысты. Елбасы, «Нұр Отан» пар­тия­сының Төрағасы Н.Ә.Назар­баевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан хал­қы­на арнаған Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, «Нұр Отан» партиясы мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекпен қам­ту және өмір сапасын жақсар­ту мақсатында жұмыс жүргізуде. Ал облыс орталығында өт­кен жәрмеңкеде 70-ке жуық кә­сіпорын 600-дей жұмыс орындарын ұсынды. Оның ішінде, 400-ге жуық мүгедек жанды оқытып, жұмыс тауып беру мәселесі де шешілмекші. Біздің облыста 30 мыңға жуық мүгедек бар. Қимыл-қозғалысында аздаған қиындық бар демесеңіз, олардың көбі еңбекке жарамды адамдар. Облыста бұл күндері 1 мың мүгедек қана жұмыспен қам­тыл­ған. Өңірдегі мүм­кіндігі шектеулі жандардың тең жартысы ауылдық жерлерде тұрады. Облыста «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағ­дарламасына қатысуға да ба­сымдық берілген. Өткен жылы бағдарлама шеңберінде 5,2 млрд. теңге бөлініп, 1257 адам жұмысқа орналастырылыпты. Сөйтіп, облыс орта­лы­ғын­дағы жұмыс берушілер тара­пынан ұйымдастырылған жәр­меңкеге жиналғандардың арасында іздеген жұмысын тауып, қуа­нып қайтып жатқандар да болды. Ал, «Нұр Отан» партия­сы жалпы еліміз бойынша мүмкіндігі шектеулі 5000 адамды жұмыспен қамтуды алдарына мақсат етіп қойыпты. Б.Бай­бектің айтуынша, әр облыс мүмкіндігі шектеулі 500 адам­ға лайықты жұмыс тауып бере алса, онда бұл мақсаттың орын­далғаны деуге болады. Партия еліміздегі мүмкіндігі шектеуді жандарды жұмыспен қамтуға айрықша мән беруде. Елбасы Жолдауы енді біздің қоғамның да өркениет талаптарына сай мүмкіндік жасап, мүгедек жандарды да қатарға қосып, ортаға алуға шақырады. Бұл жұмыстарға нұротандықтар өз үлесін қосады. Сондай-ақ, партия өз алдына мүмкіндігі шектеулі, денсаулығында мүкісі бар балалар үшін инклюзивті білім беруді кезек күттірмес міндеттердің бірі ретінде қойып отыр. Сондықтан да, жұмыс са­парының алғашқы нысаны диаг­нозы өте ауыр балаларға ме­дициналық-психологиялық және педагогикалық тұрғыда кешенді көмек көрсететін «Самал» оңалту орталығы болды. Орталық Қазақстанның ре­кордтар кітабына оңалту жұмыстарына тұңғыш рет «ға­рыштық» костюмдер техно­ло­гия­сын пайдаланған орта ретінде кіріп отыр. Жұмыс жасап жатқан ширек ғасыр уақыттан бері мұн­да 4,5 мың бала ем-дом алып, 10 тәрбиеленуші оңалту мен баулу үдерістерінен кейін осында заңгер, есепші, психолог, ЭВМ операторы және т.б. есебінде жұмыс атқарып, қалып қойған. Бүгінде «Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыруда. Аталған жоба айналысқа енген алғашқы айдың өзінде 500-ден аса мүгедек жан жұмысқа тұрып үлгерді. Жамбыл облысындағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде тағы да мүмкіндігі шектеулі 200 кісі жұ­мысқа тұрды. Павлодарда партия Төраға­сы­ның бірінші орынбасары мү­гедек азаматтардың жұ­мыс­­пен қамтылуы бойынша облыс­та қолға алынып жат­қан іс-шаралармен танысып, мүм­кіндігі шектеулі жандар үшін ұйымдастырылған жәрмеңкеге қатысушылармен жолықты. «Біз жыл сайын 5 мың мү­ге­дек жанның жұмысқа орна­ласуына қол жеткізуді көздеу­деміз. Бүгінде мемлекет, азаматтық сектор, бизнес мүм­кін­дігі шектеулі жандарды бел­сенді әлеуметтік ортаға тарту мәселесін бірлесіп шешуі керек. Партия бұл үдерісті үйлестіруге барлық ресурстарын жұмсайтын болады. Партия Доктринасында көрініс тапқан құндылық – ынтымақтастық дегеніміз осы», деп атап өтті Б.Байбек. Жұмыс сапары барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттарымен кездесіп, өңір­лер­мен бейнеконференция өткіз­ді. Іс-шара барысында «Нұр Отан» фракциясының өңірлер­дегі жұмысының күшей­тілуі керектігі баса айтылып, партияның сайлауалды тұғыр­намасы мәселелерінің сарап­шы топтар жиындарында қара­латыны хабарланды. Күннің екінші жартысында Б.Байбек партияның Павлодар облысындағы филиалының кезектен тыс XIV конференциясына қатысты. Кездесу барысында шараға қатысушыларға партия Төрағасының бірінші орынбасары қазіргі таңда өңірлердегі жұмысқа айрықша көңіл бөлініп отырғандығын атап өтті. Атап айтқанда, бастап мақсат өңірлік филиалдардың тиімділігін арттыру және қо­ғамдастықпен жұмыс жүргізіп, жергілікті жер­лердегі шынайы ахуалды мониторингтеу екендігі көлденең тартылды. «Елбасының мемлекеттік бағдарын тиімді іске асыру үшін партия жобалық-мақсаттық әдіске негізделген жаңа жұмыс пішініне көшті. Яғни, соңғы нәтиже мен нақты сайлаушыға анық бағдарлау маңызды саналады. 1 наурызда «Нұр Отан» партиясына 15 жыл толады. Бұл еліміздің өсіп-өркендеуі мен әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қолданбалы істердің жы­лы болады», деді Б.Байбек. Сондай-ақ, конференцияда пар­тияның Павлодар облысы фи­лиалының төрағасы болып облыс әкімі Қанат Бозымбаев сай­ланды. Б.Байбек облыстық фи­лиал басшысына партияның жаңа үлгідегі билетін табыс етті. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.