Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның жетекшілігіндегі өткен кезекті кеңейтілген комитет отырысы «Қазпошта» АҚ-тың бүгінгі жағдайы мен болашағы» мәселесіне арналды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Комитет мүшелеріне «Қазпошта» АҚ төрағасы Асхат Бейсенбаев баяндама жасады. Бүгінгі қазақстандық поштада 22 000 адам жұмыс істейді, еліміздегі 3131 байланыс бөлімшесі, 14 облыстық филиал, Астана және Алматы қалаларындағы 2 почтамт, 7 мамандандырылған филиалы бар. Оның ішінде, 2185 өндірістік нысан ауылдық жерлерде, 676 бірлік қалалық жерлерде, 156 бірлік аудан орталықтарында орналасқан және 114 жылжымалы пошта байланысы бөлімшесі бар. Қазақстанда 6936 ауылдық елді мекен бар, оның 31,5%-ы стационарлық өндірістік объектілермен, 54,2%-ына жақын бөлімшелердің пошташыларымен, 14,3%-ы жылжымалы байланыс бөлімшелерімен қызмет көрсетіледі. Осылайша, «Қазпошта» Қазақстандағы барлық елді мекендерге қызмет көрсетеді.
Қазақстан Республикасына жүктелген міндеттемелерді, оның ішінде Дүниежүзілік пошта одағының (ДПО) тағайындалған оператор туралы хабарламасын ескере отырып, Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының пошта байланысы және пошта операторларының қызметін реттеу саласындағы нормаларын Дүниежүзілік пошта одағы актілерінің нормаларымен үйлестіру мәселелері бойынша Қазақстандағы кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бастамашылық етті. Аталған заң жобасы Қазақстан Республикасының «Пошта туралы» Заңына тиісті өзгерістер енгізуді қарастырады. Қазіргі кезде ел Үкіметінің ұйғарымы алынып, заң жобасы Парламенттің Мәжілісіне жіберілді. Осыған байланысты заң жобасын жедел түрде қабылдауға көмек қажет.
Отырыс барысында бірқатар мемлекеттік органдардың, «Самұрық-Қазына» қорының өкілдері сөз сөйледі. МЗЖО, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының өкілдері өз ой-пікірлерін ортаға салды. Талқылауға «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің басшылары да қатысты.
Талқылау қорытындысы бойынша тиісті ұсыным қабылданды.