Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің күні кеше өткен алтыншы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашақтағы өсіп-өркендеуіне тікілей қатысы бар біраз маңызды мәселені ортаға салды. Солардың бірі – Елбасының тікелей қолдауымен алыс-жақындағы қандастардың атажұртқа бет бұрған Ұлы көші басталған 18 қарашаны атаулы күндер күнтізбесіне қосу мәселесі.
Бұл ең алдымен сырт жерлердегі сан миллион қазақ диаспорасы үшін үлкен қуанышты жаңалық. Өйткені алыстағы ағайындарымыздың арасында атажұртқа қоныс аударғысы келетіндердің қатары әлде де қалың. Бірақ соңғы кезде түрлі себептермен қандастар көшінің азайғаны да жасырын емес. Президенттің Ұлы көш мәселесін көтеруі осы қандастар көшінің қайтадан көбеюіне жол ашатыны анық.
Бұл Ұлы көштің басында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғаны баршаға мәлім. Осыған орай ХІХ-ХХ ғасырлардағы әртүрлі аласапыран жағдайлармен қазақ халқының үштен бір бөлігі өзінің ежелгі атамекені – қазіргі Қазақстан Республикасының жерінен сырт қалып қойғанын айта кеткен жөн. Міне, осы ағайындарды атажұртқа қайта жинау сонау сексенінші жылдардың аяғына дейін мүлдем қолға алынбады. Соған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев республика басшылығына келген алғашқы күннен бастап жер бетіндегі бүкіл қазақтың біртұтас ұлт ретінде өсіп-өркендей беруіне тікелей қатысты бұл мәселені қолға алып, сырт жерлердегі ағайындармен тығыз байланыс орнатып, олардың атажұртқа оралуына кең жол ашуға белсене кірісті.
Мұндай игі істердің алғашқыларының бірі Елбасының 1991 жылдың қыркүйек айында Түркияға барған сапарында Ыстанбұлдағы қазақтармен арнайы кездесу өткізуі болды. Кездесу барысында Елбасы ағайындардың ұсынысымен алдағы уақытта Алматыда Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізу жөнінде шешім қабылдады. Бұл жаңалық сол сәтте-ақ әлемнің әр түкпіріндегі қазақтарға кең тарай бастады.
Осыдан кейін Елбасының тапсырмасымен 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кабинеті «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ ССР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 Қаулы қабылдады. Бұл құжатта сырт жерлерден Қазақстанның ауылды жерлеріне жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-іне қалай әкелудің тетіктері мен жолдары, көшіп келген соң оларды құжаттандыру, сондай-ақ әлеуметтік, дәрігерлік, білім беру, тұрғын үй, жаңа ортаға бейімдеу сынды толып жатқан мәселелер бойынша жеңілдіктер мен көмектер ұсыну егжей-тегжей қарастырылды. Сонымен қатар бұл мəселе жөніндегі үйлестіру жұмыстары Қазақ КСР Еңбек министрлігі мен Сыртқы істер министрлігіне тапсырылып, келушілерге қажетті құжаттарды əзірлеп, шетелдердің тиісті органдарымен келіссөздер жүргізіп жəне соның қорытындысы бойынша қоныстанудың тəртібі мен шарттары туралы келісімшарттар жасау көрсетілді. Міне, осының нәтижесінде алыс-жақындағы ағайындардың атажұртқа оралуының барлық мүмкіндігі қарастырылып, қажетті жеңілдіктер жасауды қамтамасыз ететін аса маңызды заңды құжат Қазақстан тарихында тұңғыш рет өмірге келді.
1991 жылы 31 желтоқсанда Елбасы Қазақ радиосынан алыс-жақындағы ағайындарды атажұртқа шақырған тарихи Үндеуін жариялады.
1992 жылғы 26 маусымда «Көшіп келу туралы» Заң қабылданды.
Қазақстан Республикасының 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы халқымыздың тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі ретінде үлкен табыспен өтті. Құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылып, оның Төрағасы болып Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайланды.
1992 жылы 1 қарашадан бастап Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі жанынан Халықтың көші-қон департаменті құрылды.
Осындай игі істердің нәтижесінде алыстағы ағайындармен байланысуға кең жол ашылып, Қазақстанда көші-қон үрдісі жүзеге аса бастады. Тек 1991-1992 жылдары елімізге 10 мыңнан аса қазақ отбасы келіп, 60 мың адам туған жерімен қауышты. Ал бүгінгі таңда атажұртқа оралған қандастардың жалпы саны бір жарым миллионнан асып отыр. Бұл көп халық Қазақстанның демографиялық жағдайының жақсарып, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани өсіп-өркендеуіне ұшан-теңіз үлес қосуда.
Міне, осындай жағдайда Ұлы көштің басталуына жол ашқан 18 қараша атаулы күндердің күнтізбесіне қосылып, жыл сайын мереке ретінде аталып отыратын болса, қандастар көшінің тоқтамай, үнемі жалғаса беруіне кең жол ашатыны анық.
Қазақстан Президентінің көші-қонға қатысты бұл аса маңызды тапсырмасы нақты орындалып, көп кешікпей жүзеге асады деп кәміл сенеміз.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
1992-2017 жылдардағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері