Таяуда Хромтау ауданында мал ұрлығымен айналысып жүрген екі топ ұсталды. Қылмысқа күдіктілер елсізде жайылып жүрген ірі қара, жылқыларды сойып, еттерін Ақтөбе қаласында өткізіп отырған. Мал ұрлығымен айналысушылар негізінен өрісте бақылаусыз жайылып жүрген, иелері жиі бақылай бермейтін сиыр, жылқыларды ұрлап келген.
Күні кеше ғана Ақжар ауылының тұсында «ВАЗ-21150» жеңіл көлігімен мал ұрлаған үш адам ұсталды. Ауыл шетінен құйындай ұйтқып автокөлік жолына шыққан жеңіл көлікті байқап қалған ауыл тұрғындары учаскелік полицеймен бірге қуып жетіп, тоқтатқан. Облыс орталығына баратын тасжолда ұсталған көліктің жүк салғышынан қапқа салынған, жаңа сойылған ірі қара еті табылды. Мал етіне ветеринарлық құжат та жоқ болғандықтан учаскелік полицей дереу облыстық Полиция департаментіне хабарлаған. Көлікте болған үш ер адам Алға ауданының Тамды елді мекенінің тұсында жайылып жүрген сиырлардың бірін ұстап алып, сойып үлгергенін жасырмады. Ақтөбеден жеткен жедел топ мал ұрлығымен айналысқан үш ақтөбелікті тұтқындап, Қылмыстық Кодекстің 188-1-бабы 2-тармағымен, «Мал ұрлығы» бойынша қылмыстық іс қозғады.
Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің мамандары ауыл тұрғындарынан күз кезінде малды өріске бақылаусыз жібермеуді ескертеді. Өйткені жыл сайын қараша айында мал ұрлығы күрт көбейсе, оған ауыл тұрғындарының малды бақылаусыз жіберуі де себепші болады. Оның үстіне үлкен автөкөлік жолдарына шығып кеткен ірі қара, жылқыларды көлік қағып кеткен жағдайлар да жиі ұшырасып жатады.
Хромтау ауданында бақылаусыз жүрген төрт түлікті иелері табылғанша қамап ұстайтын 15 алаң дайындалды. Бұл осы жұмысты жүйелі жолға қоймаған кейбір елді мекен тұрғындарын жауапкершілікке тартудың төте жолы болып тұр. Өйткені осыған дейін Хромтау аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тұрғындарға малдарын бақылаусыз жібермеуді бірнеше рет ескертсе де, көпшілігі құлақ аспай келген болатын. Ал осы ауданның мал бағу ісі жүйелі түрде ұйымдастырылған үш елді мекенінде ұрлық тіркелген жоқ.
Ақтөбе облысы