Отандық ғалымдар «Су тасқынын болжайтын планшет» қосымшасын жасап шығарды. «Су тасқынын болжайтын планшет» агрономдарға арналған көмекші құрал болмақ. Бұл туралы Egemen.kz Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Агрономға арналған планшетті» Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары әзірледі.
Техника ғылымының докторы Валентина Колпакова: «Агрономға арналған планшет» қосымшасы – үйде де, далада да жұмыс істеуге арналған әмбебап қосымша. Бұл ауылшаруашылық жұмыстарында портативті электрониканың артықшылықтарын пайдалануға мүмкіндік береді. Өрістер тарихы, карталар, анықтамалықтар және басқа құжаттардың мұрағаттарда сақталуы мамандардың шешім қабылдау процесін жеңілдетеді. Қосымшада ауыл шаруашылығы алқаптарының жай-күйі туралы ақпарат пен егіс жұмыстарын одан әрі жоспарлау жөніндегі ұсынымдар да бар», дейді.
Ғалымның айтуынша, технология агрономдарға ауылшаруашылық алқаптарындағы жағдайды бақылауға мүмкіндік береді, соның негізінде ықтимал тәуекелдерді ескеріп, экономикалық тиімді шешімдер қабылдауға болады.
Аталған жоғары оқу орнының зерттеушілері планшетке қоса еліміздегі агрономдарға су тасқынын мониторингілеп, болжауға көмектесетін электронды ресурс әзірледі. Электронды жүйеде инфрақұрылым объектілерінің цифрлық, координаттық және картографиялық деректері бар.
«Шығыс Қазақстан облысында белгілі бір кезеңде өзендер арнасынан шығып, кенттер мен тұрғын үйлерді су басу қаупі туады. Сондықтан біздің алдымызда өзендердегі су деңгейін бақылау тиімділігін арттыратын және маусымдық су тасқынын болжауға мүмкіндік беретін кешенді ақпараттық-талдау жүйесін әзірлеу міндеті тұрды. Өзен гидравликасын және ықтимал су басу аймақтарын дәл модельдеу үшін біз MIKE бағдарламалық кешенін, сондай-ақ ArcGIS, QGIS, NextGIS заманауи геоақпараттық жүйелерін пайдаланамыз. Бұл төтенше жағдайды болжау сапасын жақсартуға жағдай жасайды. Нәтижесінде біз су тасқыны мен елді мекендерді су басудың алдын алу үшін қажетті толық ақпарат аламыз», деді ғалым, PhD докторы Маржан Тоғызова.