Биылғы Жолдауда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналу тиістілігі атап көрсетілгені белгілі. Осы санаттағы жандарды белсенді өмірге тарту, олардың өздерін қоғамның пайдалы мүшесі ретінде сезіну көзқарасын қалыптастыру жөніндегі Елбасының тапсырмалары «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өткен жиынның басты арқауына айналды.
Аймақ басшысы, филиал төрағасы Самат Ескендіров кіріспе сөзінде «Кедергісіз болашақ» жобасы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылатынын атап көрсетіп, қоғам алдындағы парызды белсенділікпен өтеуге шақырды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереев тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жандарды тұрақты жұмысқа орналастыру шаралары жөнінде баяндады. Бүгінде облыста тіркеуге алынған мүгедектердің саны 29 мыңға жуық болса, 5 мыңнан астамы жұмысқа жарамды. Бұлардың 40 пайыздайы жұмысқа тартылған. Былтыр оларды оңалту мақсаттарына 243 миллион теңге жұмсалыпты. Биыл 69 жарымжан адам еңбекке араласу мүмкіндігіне ие болған. «Әлеуметтік такси» қызметі үлкен сұранысқа ие. Білім басқармасының жетекшісі Шолпан Каринова мектеп жасындағы мүгедек балалар жайын әңгімеледі. Олардың саны – 2053. 7 оңалту мектеп-интернатында 59 логопед жұмыс істейді.
Самат Сапарбекұлы тиісті орындарға бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді, нұроатандықтар тарапынан тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету жайына ерекше назар аударуды тапсырды. Бірыңғай қабылдау күні енгізілгелі 107 мүгедек жанның өтініш-тілектері қаралып, 48 адам жұмысқа орналастырылған. Алайда, жүргізілген тексерістер қорытындысы проблемалардың көптігін аңғартады. Мәселен, 2,5 мың нысанның үштен бірі мүгедектер үшін қолжетімсіз екені, жекеменшік иелері пандус орнатуға құлық танытпайтыны анықталған.
Басқосуда бұл бағыттағы жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын өзара үйлестірудің, оның ішінде бизнес пен қоғамның жауапкершілігін арттырудың маңызы атап көрсетілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.