• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2014

Нұрлы болашақ бастаулары

521 рет
көрсетілді

«Нұр Отан»  партиясы өзін ха­лықтың қамын ойлайтын еліміздегі іргелі саяси күш ретінде танытып келеді. Міне, 15 жыл болды, ха­лық партиядан әркез ілгерілеуіміздің іргетасын бекітетін тың идеялар, бағалы бастамалар, сындарлы сая­си бағдарламалар күтеді. Елдің ертеңіне қызмет етуді мақсат тұтқан «Нұр Отанның» бұл бағыттағы атқарған жұмыстары да ауқымды. Ал «Нұр Отан» партиясының үстіміздегі жылдың басында өткен ХV съезі ел өміріндегі өміршеңдіктің өзекті мәселелерін күн тәртібіне шығарғандығымен де айрықша есте қалды. Бұл тәуелсіз мемлекетіміз үшін тарихи маңызы зор оқиға болды. Елдіктің мәселелері айқындалған «Нұр Отан» съезіне делегат болып қатысқаным да мен үшін үлкен мәртебе, әрине. Нұрлы болашаққа бағытталған қадамдардың бастау бұлағы осы съезде бұрынғыдан гөрі де ашыла түсуі партияның саяси бағыттарының Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатымен бір арнада тоғысатынын тағы бір дәлелдеді. Съезд туралы айтар болсам, мұнда терең талқылаудан өтіп, шын мәнінде халықтық құ­жат ретінде бағаланған партия­ның Саяси доктринасының қабыл­дануын бірден-бір маңызды оқиға дегеніміз жөн. Бұл өте маң­ызды құжат және уақытында қабылданып отыр. Онда еліміз үшін өте өзекті мәселелер қам­тыл­ғаны да оның салмағын арт­тыра түседі. Қазір біздің әрқай­сымызды партияның, сондай-ақ, әрбір нұротандықтың «Қазақстан -2050» Стратегиясын жүзеге асы­ру­дағы рөлі қандай болуы керек деген ойдың мазалайтыны шындық. Міне, Саяси доктринада осындай өзекті мәселелерге нақты жауап берілген, мұнда еліміздің ертеңгі жарқын болашағын айқындайтын стратегияны жүзеге асырудың нақты жолдары анықталған. Съезде тәуелсіз мем­ле­ке­ті­міздің тұғырын бұрынғыдан гөрі бекіте түсу жолындағы кездесетін проблемалар да кеңінен сөз болды. Болашақта атқарылатын жұ­мыстардың баяндылығын қам­тамасыз ететін бағдарламалық бағыттарға баса назар аударылуы көңілден шықты. Ең бастысы, партиялық саяси жұмыстың елдегі экономикалық ілгерілеуге серпін беруге, тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталғаны съезге қатысушылардың ғана емес, осы іргелі саяси жиынға құ­лақ түріп отырған қарапайым ха­лықтың да болашаққа деген сенімін арттыра түсті. Шыны керек, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуының және партиялық жұмыстың негізгі бағдарламалық басым бағыттарына негізделген әсерлі сөзі ұтқыр ойлылығымен, бастамашылық бағалылығымен баурап қана қоймай, алдағы жұмыстардың ауқымдылығын да аңғартты. Елбасы әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына енудің өзіндік жоба-жоспарын көз алдымызда нақпа-нақ елестетті. Түйіп айтқанда, Елбасы съездің Қазақстанның жаңа тарихи шешуші кезеңінде өтіп отырғанын айрықша атап көрсетті. Оның негізгі міндеті «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген мақсаттарға қол жеткізудегі «Нұр Отан» партиясының рөлі мен сая­си маңызын анықтау болып табылады. Елбасы ХХІ ғасырдағы партияның көшбасшылығын анықтайтын жеті басым бағытқа қатысты өзінің өміршең ой-тұжырымдарын алға тартты. Біз депутаттық фракция, жалпы облыстық мәслихат жұмысын осы бағыттарды басшылыққа ала отырып жүргізуіміз керек екенін түсінеміз, солай істеледі де. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев съезде Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына ену жолындағы стратегиялық мін­дет­терін де баяндады. Бұл мақ­сат­қа жету – көбіне-көп адам фак­торына, адамдардың көңіл күйі­не, олардың шешімділігіне бай­ланысты екені де анық. Тәуелсіздік жылдарындағы бар­лық жетістіктер Елбасының бас­шылығымен атқарылған орасан зор және күрделі жағдайдағы жанқиярлық еңбектің нәтижесі екенін халық жақсы біледі. Пре­зидент Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы орны туралы айта келіп, стратегияның негізгі өзегі Отанымызды әлемдегі да­мыған 30 елдің қатарына қосу қажеттігін пайымдайтын жалпы халықтың ой-арманы екенімен орайлас өрбітті. Тәуелсіздікті жария етіп, Қазақстанымызды дамыта отырып, біз дамудың шалғай шетінен біржола шығып кеттік, Еуразияның лайықты мемлекеті болдық», – деп атап өтті өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан біздің Елбасыны қол­дауымыз – ел тәуелсіздігінің нығаюын, бәсекеге қабілетті және өсіп-өркендеген Қазақстанды қолдау деген сөз. – Партияға біздің көп этносты халқымыздың бірлігі үшін жоғары жауапкершілік жүктеледі. Осы орайда, түрлі деңгейдегі партия ұйымдары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Нұр Отан» парламенттік фракциясының және Ассамблеядан сайланған Мәжіліс депутаттарының бірлескен іс-қимылының тұтас бір жүйесі қажет. Біздің ұранымыз – «Бір ел – бір халық – бір тағдыр». Бұл – біз нақты өмірде дәйектілікпен жүзеге асырып келе жатқан аса маңызды қағидат, – деді съезде Президент. Мемлекет басшысы біздің басты құндылығымыз Қазақстанда тұратын 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің бірлігі мен келісімі болып табылатынын тағы бір еске салды. Адамдардың бір-біріне деген құрметі, рухани құндылықтарды сақтау, қоғамды біріктіру, міне, осылар ғана біздің өркениетті мемлекет ретінде дамуымыздың басты шарты болып табылады. Біздің пайымдауымызша, Қа­зақ­станның өркендеуі мен көркею жолын жалғастыру үшін азаматтар құлықты және жауапты, отан сүйгіш болуы қажет жә­не өзінің бақуатты тұрмыс жағ­дайын ғана емес, елінің бола­шағын ойлауы тиіс. Саяси доктрина партиялықтармен қатар, бар­лық азаматтарды біріктіру және ынтымақтастыру мақсатын көздейді. Қарапайым адамдардың проб­лемаларын шешу, еліміздегі болып жатқанның барлығына жауаптылықтарын өз мойнына алу, міне, партияның «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында» жаңа Саяси доктринасы аясындағы партияның рөлі осындай. Ал Доктринадағы маңызды мәселе – мемлекеттік тілдің халықты біріктірудің негізгі факторы екен­дігі. Президент өзінің сөзінде бұл мәселеге айрықша мән беретін кез келгенін қадап айтты. Қазақ тілін білу тек азаматтық міндет қана емес, мемлекет құраушы қазақ ұлтына деген құрмет те екенін жеткізді. Елбасы өзінің сөзінде пар­тия­ның жаңа Саяси доктрина­сы алға қойған міндеттерді ше­шу­дегі депутаттардың рөліне де тоқталды. «Партия халық мүд­десінің бастаушысы болуы үшін депутаттар корпусы тарапынан атқарушы биліктің жұмысын тиімді бақылау қажет етіледі. Бүгінде жүйелі жаңару талабы қойылып отыр», деп атап өтті партия Төрағасы. Қазіргі таңда депутаттар алдына азаматтардың мүддесін тиімді білдіру, бұқара мен биліктің арасында әрекетті делдал болу міндеті қойылып отыр деп есептеймін. Билікке адамдардың шешімін күткен өзекті мәселелерін, олардың қалай тұрып жатқанын жеткізу керек. Өзекті мәселелердің шешімін табуына мұрындық болу қажет. Қоғамдық қабылдаулар мен партиялық бақылау бекеттерінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық ке­ң­ес, депутаттық фракция жұ­мыс­тарының тиімділігін арттыру да күн тәртібіндегі мәселе. Президент еліміздегі жастар мәселесіне де назар аударды. Ол, әсіресе, ХХІ ғасырда тек жас­тар қолдауына ие партияның көшбастаушы болатынын ай­рықша атап өтті. «Жастар – біздің алтын қо­рымыз», деді Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде. Нұрсұлтан Әбішұлы жас қа­зақ­стандықтардың партия ұстанған бағыттарды кеңінен қолдауының, олардың «Қазақстан-2050» Стра­тегиясын жүзеге асыруға кеңінен қатысуының үлкен тарихи және тұрақтандырушылық маңызы бар екеніне баса назар аударды. Съезде партияның логотипі мәселесі де қаралды. Онда рауан­дап жаңадан атып келе жатқан күн, тау көрінісі жә­не қар барысы бейнеленген. Шы­ғып келе жатқан күн еліміздің жар­қын жеңістері мен болашақ жетістіктерін білдіреді. Таудың қарлы шыңы біздің халқымыздың биік мақсаттар мен болашаққа ұмтылысын көрсетеді. Қар барысы болса, тәуелсіздігімізді, күшіміз бен адамгершілігімізді айғақтайды. Сондай-ақ, лого­тип­тегі «Нұр Отан» деген жазу пар­тияның ел дамуына қосар үлесін аңғартады. Съездің «Болашақты бірге құрайық» тезисі біздің бар­лығымыздың еліміздегі өміршең үдерістерге қатысушылар болып табылатынымызға тағы бір дәлел болады. Ойымызды тұжырымдай келе айтарымыз, ХV съезд партияның дамуындағы жаңа да жарқын беттер болғаны күмәнсіз. Ол бұдан былай тек партияның ғана емес, жалпы қоғамды Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал да салиқалы саясаты төңірегіне топтастыруға ықпал етпек. Бұл экономиканы нығайту және дамыту, адал әлеуметтік саясат жүргізу, мемлекеттік басқарудың тиімділігін қамтамасыз ету және әлемге ашық Қазақстанның тәуел­сіздік тұғырын нығайту болып табылады. Жалпы, партияның кезектен тыс ХV съезі, біздің ойымызша, саяси және идеологиялық ең жоғары деңгейде өтті. Ал пар­тия­ның Саяси доктринасы «Қазақ­стан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы партияның рөлін анықтаған, оның бағыттарын ай­қын­даған және уақтылы қабыл­данған саяси құжат болды. Біз съезде көтерілген мәсе­ле­лер мен айтылған ой-пікірлерден осыны ұқтық. «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға партия қосатын үлестің ауқымды екенін түсіндік. Мұның әрбір нұр­отан­дықты осы тарихи кезең­дегі игілікті істерге атсалы­суға жұмылдыратынын да ай­қын аңғардық. Ал еліміздегі ілге­рі­леуге бағытталған істердің ал­ғы шебінде болу – біздің әрқай­сы­мыздың азаматтық борышымыз және перзенттік парызымыз. Сәния ҚАЛДЫҒҰЛОВА, Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы.