• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 21 Қараша, 2021

Тәуелсіздік және театр

1760 рет
көрсетілді

«Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты.

Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға  танылады», деген Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы сөзін негізге алсақ, төл мәдениетімізді һәм ұлттық өнерімізді ұлықтауда әсіресе «қыздың мөлдір көз жасындай сұлу өнер» – театрдың алар орны айрықша. Өйткені театр – ұлттың айнасы, ұлттық рухтың жаршысы.

Театр тірегі – драматургия

Бүгінде Тәуелсіздік биігінен көз тігіп, 30 жылдағы жеткен же­тістігіміз бен бағындырған белестерімізге баға беретін болсақ, әсте театр өнерінің дамуы мен аяқ алысынан, бүгінге жеткен жолы мен жай-күйінен айналып өте алмасақ керек. Өйткені театр сахнасы арқылы көрер­меніне жол тартар әр қойылым белгілі бір деңгейде қоғам келбетін ашып көрсетіп, замана тынысын сездіреді. Ендеше, ел егемендігін алған осы 30 жылда театр репертуары қалай түрленді? Сахна арқылы қоғам шындығын ашық айтып, төл өнеріміз ар-қылы ұлтымызды өзімізге һәм өзгеге таныта алып жүрміз бе? Осы мәселеге тоқталып көрсек.

Драматургия – театрдың тірегі. Сахнаға шығатын дра­малық шығармалар қанша­лық­ты сапалы болған сайын театр­лардың көркемдік келбеті де соған сай қалыптасары дә­лелдеуді қажет етпейтін аксиом­а. Сондықтан да болар қай заман, қай кезеңде де драматургия тапшылығына қатысты түйткіл тым жиі көтеріліп, әрдайым өзекті мәселелер қатарынан түскен емес. Өйткені театр – идео­логия, теат­р – мызғымас тәрбие ордасы.

Ұлтымыздың өткені мен бүгінін, халқымыздың сан қатпарлы тарихын, жалпы адамзат мәселесін жырлау – драматургия мен театрдың негізгі міндеті екені сөзсіз. Және де бұл міндет – бү­гінде бүкіл қазақ драматургтері мен ре­жиссерлері, актерлер мен  көрермендер жабылып көтеретін ортақ жүк болып қала бермек.

«Кез келген халықтың мә­дени-ру­хани саладағы басты байлықтарының бірі – театр өне­рі. Бұл бүгінгі тәуелсіз Қа­зақ­стандағы театрларға да тіке­лей қа­тысты. Яғни өткен ға­сырдың жиырмасыншы жылда­рынан бастау алатын қазақ ұлт­тық театр өнері содан бергі ке­зеңде қалыптасу мен дамудың ұзақ жолынан өтіп, өркениетті елдердегі сахна саңлақтарымен терезесі тең тұратындай дәрежеге жетті. Театрларымыздың мұн­д­ай биікке көтерілуіне ұлттық дра­ма­тургия өкілдерінің, яғни қазақ қалам­герлерінің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бұл ретте Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды ұлы тұлғалардың есімі бі­рінші кезекте ойға оралады. Қа­зақ театр өнері осы қалам­гер­леріміздің көркемдік дәре­жесі жоғары драматургиялық шы­ғар­маларының арқасында ға­на ше­берлік шыңына көтері­ліп, көрермен қауымның риза­шылығына бөленді...», – дейді драматург Сұлтанәлі Балғабаев.

Рас, ең алғаш қазақ театр сахнасы төріне шыққан «Ең­лік-Кебек», «Ар­қа­лық батыр», «Қарагөз», «Ақан сері-Ақтоқ­ты» сияқты бүгінде ұлттық дра­матургиямыздың жауһарына айнал­ған драмалық туындылар­­ды өмірге әкелген ұлы қаламгер­лер еңбегіне қашанда бас иеміз. Аталған туындылар күні бү­гін­ге дейін өзінің бастапқы мін­детінен титтей де айныған жоқ. М.Әуезов, Ғ.Мү­сі­реповтер сал­ған сол сара жолды жалғап, қазақ драматургиясының туын одан әрі де биікте желбіреткен Т.Ахтанов, Ә.Тәжібаев, Қ.Мұ­ха­мед­жа­нов, С.Жүнісов, А.Сүлей­менов, О.Бө­кей, Д.Исабеков, Қ.Аманжолов, Ә.Та­рази, Қ.Ыс­қақ, Иран-Ғайып сынды дра­­ма­тургтер еңбегінің де бүгінгі ұлт­тық театрларымыздың бет-бей­несінің қа­лыптасуы жолындағы міндеті зор.

Ал заманауи драматургия де­генде ойымызға не оралады? Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жыл­дарымен салыстырғанда театр­­дың соңғы 30 жыл тарихын­да­ғы дең­гейі қандай? Өнерде өсу бар ма? Әлде театр тұралап тұр ма? Тәуелсіздік жылдары қа­лып­тастырған театрлардың жаңа­лығы неде?

 Тәуелсіздік тудырған бейнелер

Әр театрдың шығармашы­лық кел­бетін, бағыт-бағдарын анықтайтын – ол сөзсіз репертуар. Репертуардың жанр­лық ж­ағынан, тақырып тұрғысынан түрлі болуы, қай уақыттың, қай елдің драматургінің шығарма­сы болсын бү­гінгі күннің мә­селелерімен үндесіп жа­­туы – кө­рер­менді қызықтырады әрі ойлан­­дырады. Соның ішінде зама­науи та­қырыпты, бүгінгі замандастарды, өмір­­дегі әлеуметтік мәселелерді сахнаға шығару қа­зіргі ұлттық театрымыздың зәру болып отырған мәселелерінің бірі.

Рас, Тәуелсіздік алғаннан ке­йінгі кезең қазақ театрларына да, драматургтері мен ре­жис­серлеріне, тіпті көрер­мендеріне жаңа міндеттер жүктегені сөзсіз. Өйтке­ні еркін ойлы көрермен тал­ғамында­ғы қойылымдардың бәсі де, болмы­сы да бөлек болуға тиіс. Ол – заман талабы. Осы орайда: «Жаңа заман тынысы өнерге деген көзқарасты түбегейлі болмаса да, едәуір өз­гертті – театр өнері жаңа ахуалда өмір кешуге бейімделуі­не тура келді. Мемлекеттің өнерге таза идео­логиялық құрал тұр­ғы­сынан қарауы бәсеңсіген, яғни бұрынғыша толығымен өз қам­қорлығына алудан бас тартқан бұл шақта өнердің өнерлік мұр­атын ұстану оңай шаруалардан еместігін өмірдің өзі көрсетіп отыр», деген әдебиеттанушы Әлия Бөпежанова пікірі ойымызды то­лықтай қуаттайды.

Тәуелсіздік жылдарындағы театр­лар­дың ең үлкен жетістігі – тарихи та­қырыптар мен тұлғалар бейнесінің сах­­­­нада жаңаша түлеуі дер едік. Қазақ драматургия­сында ұлттық тарихы­мыз­­дағы ақтаң­дақ болып келген тақы­рып­тар көркем шындықпен кестеленген туындыларға айналып көпшілік назарына ұсыныла бастады. Атап айт­сақ, дербес ел болып танылып, ұлт бо­лып сақталуымызға асқан қайрат­кер­лікпен, көре­ген көсемдікпен өмірін ар­нап, еңбек еткен хандарымыз бен ба­тыр­ла­рымыздың, билеріміз бен сұл­тан­да­рымыздың, ғұ­лама ғалымдар мен қоғам қай­­раткерлерінің, Алаш арыс­тары­ның бейнесі сахнада обьек­тивті баға­ланып, жа­ңа қырынан көріне бастады. Тәуел­сіздікке де­йін тиым салынған тарихи тақы­рыптар театр төрінде жаңа ты­нысқа ие болды. Көрермен Керей мен Жәнібек, Абылай мен Ке­несары, хан Әбілқайыр мен ханым Бопай, Исатай мен Махам­бет бастаған батырлардың бей­несін, ұлтшыл жанын, өр рухын та­рихи шындық бедерінде сараптауға мүм­кіндік алды. Дра­матург Шахимарден жазған «То­мирис» тарихи драмасында­ғы Томи­рис бейнесі де көпшілік көкейі­нен мызғымас орын алды. Сол секілді Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Мұстафа Шоқай бастаған Алаш арыс­тарының да көркем бейнесі сахнаға шы­ғып, ұрпағымен көркемдік әлем биі­гінде қауышты. Ұлт кемеңгері – Абай бей­несін ашуға, тануға бағытталған ке­лелі қадамдар ұлы ақынның 175 жыл­дық мерейтойы қарсаңында жемісті нә­ти­жесін берді деп айта аламыз. Әбіш Кекіл­байұлының «Абылай ханынан» бас­тап, Дулат Исабековтің Мағжан Жұ­мабаев өміріне арналған «Жүз жыл­дық жалғыздық», Шахимарденнің «Қа­зақтар», «Томирис», Рахымжан Отар­баевтың «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Мұс­тафа Шоқай», «Әміре», Роза Мұ­қа­нованың «Мәңгілік бала бейне», «Бопай ханым», Думан Рамазанның «Абылай ханның арманы», «Кенесары – Күнімжан», Қанат Жүнісовтің «Сәкен сұңқар», Нартай Сауданбекұлының «Әли­ханның аманаты» болып жалға­сып ке­те беретін кесек драматургиясы – шын мә­нінде қазақ театрларының Тәуелсіздік сыйлаған жетістігі деп ауыз толтырып айтуға толықтай негіз бар.

Мәселен, елордадағы бір ғана Қ.Қуа­­нышбаев атындағы академиялық Қа­зақ музыкалық драма театрының тәуел­сіз­дік жылдарынан бергі репертуары­на назар аударар болсақ, ұжым дені тарихи тұлғалар бейнесін жаңаша қыры­нан ашуға зер салғанына көз жеткізуге бо­ла­ды. Абылай хан, Кенесары, Әмі­ре, Мұ­қа­ғали, Дина, Құнанбай, Бопай ха­ным болып тізбектеліп кете бере­тін тұ­­ғыр­лы тұлғалардың театр сахна­сын­дағы тағы­лымды қойылымы да ұлт тәуелсіздігінің ұлағатты тарихымен тіке­лей байланысты. Тарихи туындылардан бөлек, заманауи өзекті тақырыптарды қозғайтын Сая Қасымбектің «Лифт», Қолғанат Мұ­раттың «Қиянат», Айдана Аламанның «Жүрегімнің иесі» сынды қойылымдары да замандастар бейнесін сахна төріне шығара алуымен құнды деп есептейміз.

 Іргелі ізденіс іздері

Сол секілді театр репертуарларына шолу жасағанда бізді қуантқан тағы бір жайт – жас режиссерлердің классикалық шығармаларды бүгінгі заманға сай оқуға деген талпынысы, сол арқылы кезіндегі кеңестік цензураның әсерінен астары ашылмай қалған ащы шындықты сахнаға шығаруға деген батыл талпыныс­тары да көңілге құрмет орнықтырады. Ондай ізденімпаз сұңғыла жастардың көшін тәуелсіздіктің төл құрдасы Фархат Мол­дағали бастаған талантты жас режиссерлер абыроймен бастап жүр. Мәсе­лен, Фархат сараптаған Мұхтар Әуе­з­овтің «Қарагөз» трагедиясы немесе Ілияс Жансүгірұлының «Құлагер» поэтикалық қойылымын шын мәнінде қазақ театр қоржынына қосылған қо­мақты олжа һәм классиканы заманауи сөйлетудің жарқын үлгісі деп сеніммен айта аламыз. Ол қатарды сонымен қатар Жұлдызбек Жұманбай, Дина Жұмабаева бастаған талантты режиссерлер жұмысы да жемісті жалғайды. Бұл да болса тәуел­сіздігіміздің театрларға сыйлаған шарапаты, жетістігі деп сеніммен айтуға то­лықтай негіз бар.

 Тәуелсіздік тартуы

Өркениетті елдердің барлығы өзде­рінің мәдени-рухани саладағы жетіс­тіктерін ең алдымен, ұлттық театрының шыққан биігі мен көтерілген деңгейі арқылы өлшейді десек, тәуелсіздік алған жылдардан бастап-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен елдің әлеуметтік-экономикалық саласымен қатар театрлардың да кеңінен қанат жаюына теңдей көңіл бөлінді. Ел егемендігін алған алғашқы аумалы-төкпелі, аптықпалы-соқтықпалы кезең­нің өзінде қазақ театрлары қамқорлықтан тыс қалған емес. Керісінде еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа театрлар бой кө­теріп, жаңашыл қойылымдардың сах­наға шығуына кең жол ашылды. Ресми мәлі­метке жүгінетін болсақ, тә­уелсіздік алғаннан бері елімізде 15-тен аса жаңа театр ғимараты бой түзепті. Оның ішін­де архитектурасы, сәні мен салтанаты һәм техникалық жабдықталуы жөнінен әлем­дік үздік опера театрларынан асып кетпесе кем түспейтін елорда төріндегі айшықты «Астана Опера» мен «Астана Балет» театрлары да бар.

Ел астанасы Арқа төріне қоныс аудар­­­­ғаннан бері Қазақстанның Тұң­­ғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев қазақтың кіндік қаласының тек саяси ахуалын ғана емес, бас шаһар­дың мәдени келбетін кемелдендіруге де тікелей атсалысып, күні бүгінге дейін жанашыр болып келеді. Оның айқын дәлелі – елорда төрінде бой көтерген мә­дениет, өнер ошақтарының барлығына дерлік қолдау білдіріп, кеңінен қанат жаюына даңғыл жол салып беруі. Уақыт ағзам алақанында бедерленген 23 жыл тарихында бір ғана елорданың төрінде 65 мәдениет мекемесінің, атап айтсақ, жеті сарай мен концерт залы, бес музей, жеті театр, 20 кітапхана мен алты кинотеатрдан бөлек, жеке көркемсурет галереяларының құрылысы жанданып, қарқынды жұмыс істеуі мемлекет тарапынан көрсетіліп келе жатқан қолдаудың жемісті нәтижесі болса керек.

Мәселен, өткен жылы Елбасы өзі ар­найы қатысып тұсауын кескен тәуел­сіз­діктің құрдасы – Қ.Қуанышбаев атын­дағы академиялық Қазақ музыкалық драма театрының әсем ғимараты да бөлек әңгіменің арқауы. Әлі есте, ең­селі ғимаратты ашып беріп тұрып Тұң­ғыш Президенттің: «Бұрыннан, астанамыз Арқаға көшкеннен бері ойлап жүруші едім. Елордамызда қазақтың ең үлкен драма театры болуы керек деп. Өзі де менің ойлағанымдай болып әдемі салынған екен. Сіздерге де үлкен қуаныш әкелген шығар деп ойлаймын. Осы орданың ішінде жақсы-жақсы әртіс­теріміз тәрбиеленіп шығатын бол­сын. Үздік шығармалар орындалатын болсын. Баршаңызға осы орданың ішін­­де табыс тілеймін, бақыт тілеймін. Дауыс­тарың шырқап, өнерлерің тасып елге қызмет етіңдер!» деп ақ бата­сын беруінің өзі Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлының ұлттық өнерге деген үлкен жа­нашырлығын һәм жанкүйерлігін айқын аңғартса керек. Мұндай естен кетпес қуа­нышты сәт әр театрдың тарихында тас­қа басқандай қашалып жазылып қалған. Өйткені ел егемендігін алғаннан бер­гі республикада ашылған әрбір театр – бұл сөзсіз Тәуелсіздік тартуы.