Жамбыл өңірінің оқушылары республикалық ғылыми жобалар жарысында командалық бірінші орынды иеленді.
Жақында Алматы қаласында өткен республикалық ғылыми жобалар жарысына облыстан 36 оқушы қатысты. Оның 20-ы жүлдегер атанып, 1 оқушы алтын, 5 оқушы күміс, 14 оқушы қола медальмен марапатталды. Атап айтсақ, облыс орталығындағы №31 орта мектептің оқушысы Қуат Қабидың техника саласы бойынша қорғаған ғылыми жобасы үздік деп танылып, алтын медальмен марапатталды. Ал облыстық «Дарын» мектеп-интернатының оқушысы Махамбетәлі Темірлан қолданбалы математика бойынша күміс медальге ие болды. Бір айта кетерлігі, осы білім ордасының тағы 3 оқушысы күміс, 3 оқушысы қола медальге ие болып, мектептің атына заты сай екенін дәлелдеді. Облыстағы дарынды оқушылар республикалық ғылыми жарыстардан ешқашан құрқол қайтқан емес. Мысалы, 2007, 2008 және 2009 жылдары командалық есеп бойынша 2-ші, 2010, 2011 жылдары 3-ші, ал 2012 жылы 2-ші орынды иеленсе, өткен жылы облыс командасы командалық есепте тұңғыш рет 1-ші орынға көтерілді. Сөйтіп, «2013 жылғы республикалық ғылыми жарыстың үздік командасы» атанды. Енді, міне, сол жеңістің кездейсоқтық емес екенін терең білімдерімен, ұшқыр ойларымен тағы дәлелдеп отыр. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.
•
27 Ақпан, 2014
Талап тас жарады
318 рет
көрсетілді