• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2014

Әкімнің орынбасары ескерту алды

282 рет
көрсетілді

Кеше облыс әкі­мі Қырымбек Көшербаев Жаңа­қорған ауданына барып, су тасқыны қаупі туындаған ауыл тұрғындарымен кездесті. Тиісті орган басшыларымен селекторлық байланыс арқылы көшпелі мәжіліс өткізіп, олардың баяндамаларын тыңдады және Жаңақорған мен Арал аудандары аралығындағы жағдайды үнемі бақылауда ұстауды тапсырды. Биыл жауын-шашын мол, Шардара су қоймасы толды, ал Көксарай 1,5 апта ішінде толып қалады, сондықтан ешбір жауапты тұлға қазір демалысқа шықпайды, деді облыс басшысы. Қаражат жағы толық шешілді. Сондай-ақ, осы жиында облыс басшысы аудан әкімінің орынбасары Қаржыбек Бүркітбаевқа қатаң ескерту жасады. Естеріңізде болса, бірнеше күн бұрын Жаңақорған ауданындағы үйлердің аулаларын су алған кезде тұрғындар абдырап қалған-ды. Дер кезінде арнайы техникалары бар мамандар келіп көмек көрсетті. Дегенмен, залалды жою барысында жағымсыз оқиға орын алды. Жергілікті тұрғын көшедегі судың салдарынан көлікпен жүру мүмкін емес екендігін айтып, шағымданған. Оған Қ.Бүркітбаев: «Ол біздің шаруамыз емес, сен оны өзің жөнде», деп дөрекі жауап қайтарған. Осы оқиға бойынша Қ.Көшер­баев Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаевқа орынбасарына қатаң ескерту жасауды тапсырды. «Аудан әкімінің орынбасары Қ.Бүркітбаевқа қатаң ескерту жасалсын. Қанша күрделі мәселе болса да мемлекеттік қызметтің этикасын сақтау – біздің парызымыз», делінген нұсқамада. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.