Құлақтан кірген құдіретті музыка туындылары денені шымырлатып, алпыс екі тамырға рух жүгірткендей тебіренесің. Ұлт аспаптарының шертолғақ шанағынан шымыр-шымыр ноталар түлегенде ат тұяғынан сүрдекке айналған жолда жортуылда күн кешкен ұлы бабалардың мұрат-мақсаты мен асқақ арманы болған бүгінгі берекелі шақта бесік тербеткен қазақ ұлтының тектілігі қылаң береді. Міне, осындай сан толқынысқа жетелеген белгілі әнші, Қазақконцерт солисі Ерболат Шалдыбековтің «Төгейін жырды халқыма» атты жаңа концертінің куәсі болдық.
Тыңдарманның көңілін көк теңіздей толқытқан, музыка өнерінің жауһар туындылары орындалған керемет кеш Қазақконцерт сахнасында өтті. Жетісу әншілік-жыршылық мектебінің жарқын өкілі Ерболат Шалдыбеков дәстүрлі әнге шөліркеген жұрттың шөлін бір басты.
Көңілдің киелі пернесін дөп басып, жан сарайын жадырататын саз өнерінің сиқырына жиі елтіп кетесің. Қанша уақыт тіршілік тепеңімен жүрсең де, бабалардың өміршең туындылары көкейіңде күмбірлеп қоя береді. Кеш иесінің қуанышына қолдау көрсеткен «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі сахнада бебеулеткенде көңіл толқиды. Сахнадан ұшқан тамылжыған мөлдір туындылар, асқақ рухты күйлер жадыңда жаңғырса, жер-әлемге сыймайтындай күйге түсесің. Сонда барып шынайы өнерге деген ішкі сезімің беки түседі.
Шындығында Ерболат Шалдыбековтің репертуарындағы әрбір туындыны толқи тыңдамау мүмкін емес. Аттың шабысы, судың ағысынан бастап қазақы қанды тасытар небір сазды өн бойына жинаған ұлы күйлер мен асқақ музыкаларды жоғары деңгейде орындайтын өнер иесі бүгінге дейін талай асуды бағындырып, шығармашылықтың жемісті жолын тарихи сүрдекке айналдырды.
Шара барысында күллі қазақ тыңдармандарының сүйіспеншілігіне, құрмет-қошеметіне бөленіп жүрген Жанғали Жүзбай, Ерлан Рысқали, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Елбол Қуанбек сынды кеш қонақтары халықтың ыстық ықыласына ие болып, сахнаны дүбірге бөледі.
Кеш соңында Жамбыл Жабаевтың жырлары мен Жетісу өңірінің әндерінен жан дүниесі жадырап, рухани ләззат алған көрермен кеш иесіне алғысын айтып, тарқасты.