Көкпекті ауданында грек-рим күресінен Олимпиада жүлдегері, КСРО-ның 7 дүркін чемпионы, қазақтың даңқты балуаны Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесіне арналған грек-рим күресінен 2010-2012 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы облыстық турнир өтті.
Даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін ұйымдастырылған жарыста Үржар, Аягөз, Жарма, Тарбағатай және Көкпекті аудандарынан, Өскемен мен Семей қалаларынан келген жас спортшылар бақтарын сынады.
Іс-шараға аудан басшылығы, облыстық Грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясының төрағасы Марат Мұзапаров, бокстан ел құрамасының бас жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов, грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қайыртай Оразалинов құрметті қонақтар қатарында қатысты. Аудан спортының ардагерлері де жарыстың төрінен табылды.
Жарыстың ресми ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Раджан Сейтқанов жас ұрпақты саламатты өмір салтын ұстануға шақырып, спортқа баулитын іс-шаралардың маңызды екенін ерекше атап өтті.
Балғын балуандардың екі күнге созылған боз кілемдегі белдесулері тартысты өтті. Әрқайсысы намысты қолдан бермеуге тырысты, бар күш-жігерлерін салды. Ашық біріншілік болғандықтан, бұл сайыста 180 спортшы 11 салмақ дәрежесі бойынша өзара сынға түсті. Нәтижесінде, 44 балуан жүлдегер атанып, оларға арнайы дайындалған медаль мен мадақтама қағаздары, чемпиондық белбеулер мен ұлттық құраманың күрес формалары тапсырылды.
Ауданда алғаш рет өткізілген облыс деңгейіндегі жарыстың ұйымдастырылуына көрермендер де ризашылықтарын білдірді.
– Семей қаласы құрамасының аға жаттықтырушысы ретінде турнирге 40-тан астам жас балуан алып келдік. Көкпекті ауданында еліміздің мақтанышы, жастардың бой түзейтін темірқазығы Дәулет Тұрлыханов есімі ұлықталып жатқаны қуантады. Қажымұқан Мұңайтпасов, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыхановтай балуандардың есімдерін құлағына құйып алған ұрпақ елжанды болып өседі, – дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қайыртай Оразалинов.
Жарыс соңында байрақты бәсекені жоғары деңгейде ұйымдастырған Аслан Балабекұлы облыстық грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясы төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.
Шығыс Қазақстан облысы,
Көкпекті ауданы