Қазақстан Ресеймен «Спутник Лайт» вакцинасын жеткізу туралы келіссөздер жүргізуде. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Ресейлік әріптестерімізден «Спутник Лайт» вакцинасын жеткізу мүмкіндігі туралы ақпарат сұралды. Бұл, негізінен «Спутник V», тек жеке бірінші компонент», деді Алексей Цой Үкімет отырысы аясында.
Министр жеткізу мерзімі пысықталып жатқанын айтты.
Алексей Цой Қарағанды фармацевтикалық кешені «Спутник Лайт» шығарады ма деген сұраққа жауап берді.
«Иә, онда тәжірибелі партия шығарылды. Қазір өндіріс мәселесі де пысықталуда. Менің білуімше, алғашқы сынақ партиялары сәтті өтті, олар өздерінің мәлімделген талаптарға сәйкестігін растады», деді министр.
Сондай-ақ Алексей Цой вакцинаның аталған түрін қандай көлемде сатып алуға ниетті екенін айтты.
«Біз коммерциялық ұсыныс алғаннан кейін, қанша вакцина жеткізуге болатындығын талқылаймыз. Қазіргі уақытта бізге үлкен көлем қажет емес. Жыл соңына дейін бізде ревакцинация үшін вакциналар жеткілікті, олар ел ішінде бар», деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Алексей Цой халықтың негізгі бөлігінде келесі жылы 6-9 айға егу мерзімі аяқталатынын түсіндірді. Сондықтан Қазақстанға «Спутник Лайт» вакцинасын жеткізу 2022 жылға жоспарланған.