ТЕЛЬ-АВИВ. Демократиялық дәстүрі қалыптасып үлгермеген немесе мүлде жоқ пост-колониялы елдер қатыгез диктаторлық режімнен құтылғаннан кейін демократиялы мемлекетке айналып кетуі екіталай. Оның орнына елде саяси хаос орнап, шетелдік мүдделер стратегиялық артықшылық үшін күресіп, қақтығысады. Мәселен, Ирак Саддам Хусейн құлағаннан кейін, Ливия Муаммар әл-Каддафи биліктен кеткеннен кейін осындай жағдайға тап болды. Енді Суданды да осындай тағдыр күтіп тұр ма?
Әзірге оның жауабы «иә» секілді көрінеді. Ливияны стратегиялық ойын алаңына айналдырған шетелдік державалар 2019 жылы Судан диктаторы Омар әл-Башир әскери төңкеріс нәтижесінде биліктен кеткен кезде Сахара маңы елдері мен Таяу Шығыстың тоғысқан жерінде орналасқан аймақта өз басымдығын көрсетуге талпынуға мүмкіндік іздегенін байқатты.
Рас, елді азаматтық билікке көшіру арқылы басқару үшін көтерілістен кейін тез арада «Егемендік кеңесі» құрылды. Бірақ өткен айда, яғни билік транзитінің ауысуына бір жылдан аз уақыт қалғанда Суданның әскери басшысы, генерал Әбдел Фаттах әл-Бұрхан төңкеріс жасап, «Егемендік кеңесін» таратып, азаматтық премьер-министр Абдалла Хамдокты қамауға алды.
Төңкеріс жасағандардың барлығы Баширдің қол астында қызмет етті. Оның үстіне Бұрхан көп ұзамай Баширге тиесілі, бірақ қазіргі таңда таратылған Ұлттық конгресс партиясының жоғары лауазымды тұлғаларын, сондай-ақ исламшыл жетекшілерді түрмеден босатуды бұйырды. Елдегі ахуалдың бұлай өрбігені Мысыр мен Біріккен Араб Әмірліктерін алаңдатып отыр. Олар Суданның жаңа басшылығы құлаған диктаторды қолдап, өздерінің жауы, Қатар мен Түркияның досы саналатын «Мұсылман бауырлар» ұйымымен ауыз жаласуы мүмкін деп қауіптенеді.
Әдетте, әскери төңкерістерге идеологияның әсер етуі сирек кездеседі. Оның орнына наразылар корпоративтік және экономикалық мүдделерді қорғауға талпынады. Судандағы көтерілісті жасаған әскери жетекшілер алтын өндіру, құрылыс және мұнай кәсіптерін қорғауды мақсат тұтады. Оның үстіне, төңкерісшілер халықаралық соғыс қылмыстары үшін тағылған айыптан жалтарып кетуден үміттенеді. Өйткені Дарфурдағы геноцидті жасағандар қатарында Бұрхан да болған.
Бірақ Мысыр секілді мемлекеттер тыныш жатады дегенді білдірмейді. Түркияның Баширмен қарым-қатынасы үлкен стратегиялық пайда әкелді. Осылайша, Қызыл теңізде орналасқан стратегиялық тұрғыда маңызды Суакин аралын түріктер 99 жылға жалға алды.
Түркия Суакинді тек туристік мақсатта қалпына келтіруді жоспарлап отырғанын бірнеше рет мәлімдеді. Бірақ соған қарамастан аралда әскери бекет құру ықтималдығын да жоққа шығара алмаймыз. Бұрхан үкіметі бұл жалға беруді қолдап қана қоймайды, сонымен қатар оған қоса, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Суданнан ауқымды жерді Түркияға жалға бермек.
Ресей де Суданның Қызыл теңіз жағалауына көз тігіп отыр. Өткен жылы Кремль «Егемендік кеңесімен» келісімге қол қойды. Осы құжатқа сәйкес Порт-Суданда төрт әскери кеме ұстауға мүмкіндік алды. «Қырғи-қабақ соғыс» аяқталғаннан бері Ресейдің Африкада әскери-теңіз базасы болмаған. Соған байланысты Мәскеу билігі Судан тізгінін ұстаған кез келген үкіметтің келісімнен бас тартпағанын қалайды.
Суданға қызығушылығын жоғалтқан бір ел болса, ол – Қытай. Ливиядан айырмашылығы сол, Судан мол мұнай өндіретін мемлекет емес. 2011 жылғы саяси оқиғадан кейін, яғни Оңтүстік Судан бөлініп шыққаннан соң, елдегі барланған мұнай қорының 80 пайызы көршілес елдің еншісіне бұйырды. Сөйтіп, Судан мұнай өндіруші ел тізімінен түсіп қалды. Бұл біраз мәселені түсіндіреді. Қытай 2011 жылдан 2018 жылға дейін Суданға небәрі 143 миллион доллар несие берген. Ал 2003 және 2010 жылдар аралығында 6 миллиард доллар қаржы бөлген еді. Ол қаражат негізінен электр және көлік жобаларына жұмсалды.
Шын мәнінде, Қытайдың Судандағы мүддесі Батыстың мүддесімен айтарлықтай сәйкес келеді. Суданның Сомали түбегіндегі (Horn of Africa) стратегиялық орнын ескере отырып, екі тарап та аталған елдің саяси тұрақты және экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болғанын қалайды.
Өңірде мүддесі бар елдің бірі – Израиль. Бұрханның билікке келуі кемі теориялық тұрғыдан жақсы жаңалық. Өткен жылы Бұрхан мен оның әскери қызметтегі серіктестері Израиль мемлекетін тану және ресми дипломатиялық байланыстар орнату туралы келісімді қолдады. Осылайша, Судан мұндай қадамға барған бесінші араб елі атанды.
Суданның ұлтшылдары бұл келісімді қабылдауға аса ниетті емес. Дегенмен АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Суданды терроризмге демеушілік жасайтын мемлекеттер тізімінен шығару туралы уәдесінен кейін оған келісті. Суданда қырқысып жатқан жергілікті тараптар Американың жүрегі мен әмиянына апаратын жол Израильді мойындау екенін жақсы біледі.
Мұны тез аңғарған Башир еді. Израильдің жаулары Хамас пен Хезболланың досы екеніне қарамастан, ол Израильмен де тату болуға талпынды. Ол дипломатиялық байланыс орнату арқылы АҚШ-тың қолдауын иеленіп, Халықаралық қылмыстық соттың айыптауынан құтылып кететініне сенді. Ливия көтерілісшілерінің қолбасшысы, фельдмаршал Халифа Хафтардың Израильмен достасудағы басты ниеті де дәл осындай еді.
Бірақ Американың Судандағы мүддесі Израильге қолдау көрсетумен шектелмейді. Сондай-ақ ол Ливиядағы мүддесінен әлдеқайда маңызды. Біріншіден, тәліптер Ауғанстанды басып алғаннан кейін, АҚШ қысымға ұшырады. Осылайша, шетелде демократия орнатуға жасаған әрекетін тағы да жоққа шығара алмайды. Түркия мен Ресейдің, сондай-ақ Қытайдың мүддесі тоғысуы ықтимал Сомали түбегі стратегиялық тұрғыдан маңызға ие. Сондықтан АҚШ мұндайға жол бере алмайды.
Оның үстіне, Ливиядағы қақтығыс Мағрибтағы тұрақтылықты бұзғанымен, Судандағы соғыс аймақтық тәртіпке қауіп төндіреді. Көршілес Эфиопия қазірдің өзінде Суданмен азаматтық соғыс алдында тұр. Бұл қақтығыс Оңтүстік Суданнан мұнай экспорттауға кедергі келтіреді. Ал Эфиопияның Ніл өзеніне салған «Алып ренессанс» бөгеті Мысырға айтарлықтай қауіп төндіреді.
Аймақтық қақтығысқа жол бермеу үшін АҚШ Судандағы билікті халықтың өз қолына ұстату үшін Израиль, Египет және БАӘ-нің қолдауын пайдалануы қажет. Бұл қадам «Мұсылман бауырлар» қозғалысын тізгіндеуін, кез келген Судан үкіметінің Израильмен келісімді сақтауын қамтамасыз етеді. Ніл өзеніне қатысты дауды шешу үшін АҚШ қазірдің өзінде Эфиопияның дамуына бөлінген қаражатты тоқтатамыз деп қорқытты.
Суданның азаматтық қоғамы қауіпсіздік күштерінің аяусыз қуғындауына қарамастан, қарсылық науқанын жүргізіп, ахуалға өз үлесін қосып отыр. Осындай талпыныстың әсерінен Баширдің құлауына жол ашылды. (Ливияда мұндай науқан байқалмайды.)
Судандық наразылық білдірушілер жалғыз емес. Африка одағы Бұрханға саяси қысымды күшейтті, ал Батыс елдері мен Дүниежүзілік банк көмекті тоқтатты. Бірақ әлі көп нәрсе істеу керек. АҚШ бастап, Батыс қолдаса ғана Судан Ливияның тағдырынан құтылып, азаматтық басқару жолын қайта жалғастыра алады.
Шломо БЕН-АМИ,
Израильдің бұрынғы
сыртқы істер министрі,
Толедо халықаралық бейбітшілік орталығының вице-президенті,
Scars of War, Wounds of Peace:
The Israeli-Arab Tragedy кітабының авторы
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org